Түркістан тарихына қатысты тарихи кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі еліміздегі тұңғыш «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясын және «Диуани хикмет», «100 легенд», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Түркістанда жерленген қазақ билері» атты жаңа кітаптарды жарыққа шығарды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаласы аясында және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай елімізде «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясын тұңғыш рет баспадан шығарып, көпшілік қауымға ұсынылып отыр. Осы уақытқа дейін елімізде Абылай хан, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің көптомдық кітаптары жарыққа шыққаны белгілі. Алайда, Қожа Ахмет Ясауиге арналған энциклопедия жоқ. Осы орайда «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясының бірінші томы ұсынылып отыр. Сонымен қатар, қорық-музей қорындағы 1842 жылы көшірілген Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы шағатай тілінен қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ, арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, ел аузындағы және хатқа түскен аңыз-әңгімелерді жинақталған болатын. Таңдамалы кітаптың орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқасын жарыққа шығарды. Бұл ұсыныс кесенеге келген шетелдік туристердің қызығушылығы негізінен туындаған.
«Әзірет Сұлтан» энциклопедиясына ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне 2003 жылдан бастап енген Орта Азиядағы теңдесіз бірегей сәулет ескерткіш Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі, ондағы араб, парсы тілдерінде жазылған жазулар мен оның мән- мағынасы, сайыпқыран Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ортағасырлық түпнұсқа ХІV ғасырдың шырағдандары, тайқазан, лауһа (тудың ұшы), есіктері, Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары, ұлы тұлғаның соңынан ерген шәкірттері, олардың еңбектері, Түркістанда жерленген қазақтың хандары, сұлтандары, билері, батырлары, діни-рухани және игі жақсылары туралы мәліметтер, қорық-музей қорында сақталған құнды жәдігерлер, Ясауи есімімен байланысты тарихи орындар және қорық-музей құрамындағы халықаралық, республикалық маңызы бар ескерткіштер туралы мәліметтер енгізілген.
Ал, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы шағатай тілінен қазақшаға аударылған. Бұрын-соңды жарияланбаған нұсқасы қорық-музей қорында сақталып келген. Кітапты қорық-музейдің тапсырысымен шағатай тілінен Т.Қыдыр және К.Асетова аударса, Кенжеғали Қошым-Ноғай көркем аударма жасады.