Кәсіпкерлер перзенттік парызын өтеуде
Түркістан облысында өзінің туған жерін түлетуге күш салып жатқан азаматтар саны артып келеді. Ауыл-ауылдарда қайырымдық іс-шаралар жиі өтіп, көптеген нысандар кәсіпкердің жеке есебінен салынып жатыр. Бұл нысандар халық игілігіне пайдалануға берілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында кәсіпкерлерді туған жерін түлетуге шақырған болатын. Себебі Ауылды дамыту - перзенттік парыз. Әрбір адам - туған жерінің перзенті. Өзін "өсіріп, бағып-қаққан" ауылға құрмет көрсету - азаматтық парыз.
Еске сала кетейік, Талғат Ысқақов есімді кәсіпкер 2017-2018 жылдың Республикалық "Жомарт журек" сыйлығының "Туған өлке"номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. Келестік кәсіпкер азаматтың өзі өскен еліне деген ыстық ықыласы айрықша. Өзі оқып, білім алған мектебіне құны 1,2 млн тг құрайтын 12 орындық «Газель» автокөлігін сыйға тартты.Сонымен қатар Келестегі Жүзімдік ауылына 28,0 млн тг көлемінде спорт кешені мен 2,0 млн тг көлемінде балалар саябағын салып, құны 1,5 млн тг құрайтын кіші футбол тоғызқұмалақ жарыстарына демеушілік жасады.
Бүгінде кәсіпкер өзінің қайырымды істерін әлі де жалғастыруда. Ол өзге де кәсіпкерлерді бір реттік көмекпен шектеліп қалмай, халыққа тұрақты түрде көмек көрсетуді насихаттап, сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр.