«Түркістаным - Мысыр шаһарым» әдеби кеші өтті

Oinet.kz 30-08-2021 946

Screenshot_9.jpg

Түркістан қаласында жазушы, журналист, публицист, белгілі сықақшы, қазақ руханиятының өсуіне өз үлесін қосып жүрген Ермахан Шайхыұлының «Түркістаным – Мысыр шахарым» атты әдеби кеші өтті. 55 жасқа арналған мерейтой қарсаңында өткен шарада жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Шығармашылық кеште бірқатар зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар бас қосты.

Жиын барысында Ермахан Шайхыұлына облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Даулетұлы, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың және Түркістан қаласы әкімінің Нұрбол Тұрашбековтың құттықтау хаттары мен кәдесыйлар табысталды.

Өз кезегінде кештің жүргізушісі, Журналистер, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі А.Пашанова мерейтой иесінің әдебиет әлемінде алатын орны жайында өзінің пікірін білдіріп, құттықтауын жеткізді.

«Ерекең түлеп, түрленіп жатқан Түркістанның әрбір жаңалығына жас балаша қуана біледі. Ерекең өзін Түркістаннан шыққан дарын ретінде мойындатқан жан. Ерекеңнің Түркістан мәдениеті мен өнер саласында ізі қалған десек қателеспейміз. Алғаш рет «Түркістан тынысы» телеарнасын ашқан журналист те өзі», – деді А.Пашанова.

Зиялы қауым өкілдері мен көзі қырақты оқырмандар бас қосқан кеште мерейтой иесінің шығармашылығынан сахналық көріністер қойылып, арнайы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, кештің қадірлі қонағы ҚР Композиторлар одағының Түркістан облысы бойынша төрайымы Құралай Сәтмұханбетова өзінің төл туындысы «Ауылға барамын» әнін шырқады.

Кездесу соңында Е. Шайхыұлы өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.

«Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» – деп бекер айтпаған ғой. Менің туған жерім — Түркістан қаласы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының қарсаңында, күні кеше ғана Түркі дүниесінің рухани астанасы атанып жатқан тұста Түркістан қаласы күннен-күнге өсіп, өркендеп, дамып келе жатыр. Тек қана жергілікті түркістандықтар ғана емес, бүкіл қазақ елі қаланың дамығанын, күн санап түлеп келе жатқанын көріп, қуанудамыз. Түркістанға әлемнен арнайы туристер келіп, көңілдері марқайып жатыр. Түркістан түлеп, өсіп-өне берсін», – деді Е. Шайхыұлы.

Түркістанда заманауи үлгідегі балалар саябағы іске қосылды
Тарихи қалашыққа бару жеңілдейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу