Ұлы Отан соғысы ардагерінің мерейі тасыды
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Еліңді құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» - деп атап көрсеткен болатын. Елінің болашағы үшін аянбай еңбек еткен ардагерлерімізге құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты борышы. Осы борышты қалтқысыз орындаудың өзі абыройлы іс болмақ.
Осы орайда Түркістан облысы, Шардара ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері Лашын Шындалиевке кезекті құрмет көрсетілді. Еске салсақ, ардагерге 1945 жылғы 19 наурызда берілуі тиіс «Қызыл Жұлдыз» ордені де дер кезінде берілмей қалған. Ол кісінің ұрпақтары жер-жерге сұрау салып, тынбай ізденудің нәтижесінде бір кездері аталарына осындай марапат берілгені жайлы нақты деректерге қол жеткізді. Нақты деректерге көз жеткізген Ресей тарапы аталған орденді таяуда Лашын Шiркiтбайұлының ұрпақтарына табыс ету үшін Қазақстанға жолдады.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Ербол Жұманов Қоссейіт ауылындағы ардагердің ұрпақтарына аталған марапатты табыс етті.
Еске сала кетейік, адамзат баласының тарихында ерекше орын алатын екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 76 жылдан асып барады. Ұлы Отан соғысы деген атау алған қанқұйлы майданның зардабы әлі күнге дейін сезіледі. Майдан даласында кеудесін оқ пен отқа төсеген нешеме сарбаз хабарсыз кетті. Олар жайлы артында қалған ұрпақтары, туыстары осы күнге дейін бір дерек біле алмай құсада жүр. Мұнан бөлек қаншама батырларға берілген тиісті марапаттар соғыс жағдайында түрлі себептерге байланысты табыс етілмей қалып жатты. Бүгін Лашын Шындалиев өзіне тиісті марапатты алып, мерейі тасыды.