Түркістанда Сейсенхан Маханбетовтің "Ұлы дала дастаны" атты көрмесі өтті
Бүгін Түркістан қаласындағы "Конгресс Холл" көпсалалы кешенінде Елбасының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Журналистер Одағының және ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Көркем Академиясының академигі, Халықаралық "Тұран" сыйлығының лауреаты Сейсенхан Маханбетовтің "Ұлы дала дастаны" жеке шығармашылық көрмесі өтті. Көрменің ашылу салтанатына ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Қазыбек Иса, Қазақстан Көркем академиясының вице-президенттері Ерлан Айтуаров, Жанзақ Мүсәпірұлы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Суретшілер одағы Түркістан облыстық филалының төрағасының орынбасары Батухан Байменовтер қатысты.
Шарада сөз алған Дархан Қамзабекұлы мен ақын Қазыбек Иса суретші Сейсенхан Орынбекұлының шығармашылығына кеңінен тоқталып, "Ұлы дала дастаны" атты кітабының тұсауын кесті. Аталған кітап Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққанын айта кету керек.
Мұнан соң сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев суретшіге облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының алғыс хатын салтанатты түрде табыс етіп,шығармашылық табыс тіледі.
Көрменің мақсаты- халықтың ел болып қалыптасуы мен елдікті сақтап қалуда мәдениет пен өнердің қалдырған мұраларын насихаттау. Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында суретшінің туындылары мен шығармашылық өмір жолын таныстыру арқылы жұртшылықтың бейнелеу өнеріне деген ынтасын арттыру. Сондай-ақ Түркістан өлкесінің тума таланттарға бай екенін паш ету.
Жалпы, Сейсенхан Маханбетов 40-тан астам халықаралық және республикалық көрмелер мен сумпозиум, пленэрлердің тұрақты қатысушысы. Беларуссияда екі рет жеке көрмесін өткізген. 2018 жылы республикалық "Төле би және оның заманы" көрме-байқаудың 1 орнын, 2019 жылы "Түрленген Түркістан" суретшілер көрме-байқауының бас жүлде иегері.
Сондай-ақ қазақ мәдениет және өнер тақырыптарына, Қазақстан суретшілері туралы көптеген мақалалардың авторы. Суретшінің жұмыстары Астана, Алматы, Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының музейлерінің қорында, сондай-ақ Қытай, Түркия, Ресей, Венгрия, Беларуссия тағы басқа да елдердегі жеке тұлғалардың қорларында сақтаулы. Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында 12 пейжаз және тарихи жанрда жазылған кескіндемелік жұмыстары тапсырылған. Бүгінгі көрмеге автордың 53 шығармашылық жұмыстары қойылды.