Бәйдібек әкімі ауылдық округтерді аралады
29-06-2022
Бәйдібек ауданында шаруашылық кең қанат жайып келеді. Табиғаты ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы болғандықтан, мұнда аталған шаруашылықтан түсер пайда да шаш-етектен. Тек істің көзін тауып, кәсіпті дөңгелетіп алып кету аса маңызды.
Осы орайда ауданда агро салада жетістікке жеткен азаматтар аз емес. Дәуір Ахатаев басқаратын «Атамекен-Сарқырама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2007 жылы құрылып, төңірегіндегі ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіріп, ірілендіру арқылы жұмыс жасап, бүгінде ауқымды шаруашылыққа айналған. Серіктестікке тиесілі 2400 гектар жерді мақсатты игеру үстінде. Шаруашылықты ашқан алғашқы жылдары аз ғана жер телімімен, санаулы техникамен жұмысын бастаса, бүгінде ірі шаруашылықтардың қатарынан көрінуде. Сонымен қатар, серіктестіктің 25-30 отбасыны жұмыспен қамтып отырған жайы бар.
- Үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс екені шаруалар үшін айқын. Көктем шыға тырбаңдап, ала жаздай аяғымыздан тік тұрып еңбек етеміз. Алланың қалауымен бұйырғанын орып, қамбаға құйылған астықтың берекесін берсін, деп, тілеп отырамыз, - дейді, аталмыш серіктестіктің директоры Дәуір Ахатаев.
«Атамекен-Сарқырама» ЖШС-нің атынан елдімекендегі тұрғындарға көп жәрдем берілді. Мал азығы мен бидайын тегін түсіріп беріп, біразына ұн таратты. Сонымен қатар, серіктестіктің атынан қайырымдылық жасауды да ұмытқан емес. Әрдайым мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп келеді. Елдімекенді көркейту-көгалдандыру жұмыстарын да әркез назардан тыс қалдырған емес. Сарқырама мен Шалдар елдімекенінің аралығына ағаш отырғызып, арық-атыздарға техникалық тазалау жұмыстарын жасады. Елге ауызсу кіргізу, газ жүргізу мәселесі де ұмыт қалмады.