Бәйдібек әкімі ауылдық округтерді аралады
29-06-2022
Өскелең ұрпаққа туған тілді насихаттау, өз ана тілінде сөйлеуге үйрету - өте маңызды. Себебі кішкентайынан ана тіліне сусындап, бойына сіңіріп өскен бала патриот, елін сүйер ұлтжанды азамат болары анық. Тіл - бүкіл бір халықтың жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан ана тілін құрметтеу әрбір адамның асыл борышы.
Тілге құрмет бір күнмен, бір даталы мерекемен шектелмеуі тиіс. Әсіресе мектеп қабырғасында оқушыларға ана тілінде сөйлеу стилін, мағынасын, синонимдік тіркестерді оқытып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру міндеті тұр. Осы мақсатта Қ.Байменов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тілдер апталығы» өткізілді. «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты апталық жоспарды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лаура Медет таныстырып өтті.
Мектепте әр сынып апталықтың өн бойында белсенділік танытты. Мәселен 4-сыныптар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай жыр додасын ұйымдастырса, 5-сыныптар «Ұлт бірлігі» тақырыбында көркем-сурет көрмесін өткізді. Ал «Ең бірінші бақытым - тілім менің» атты жас ақындар мүшайрасын 6-10-сынып оқушылары ұйымдастырып, өздерінің шығармаларын ортаға салды.
Пән мұғалімі Бақытжан Айдаров «Тілге құрмет - елге құрмет» атты тақырыпта эссе жазу байқауын өткізді. Апталық соңы қорытындыланып, белсенді оқушылар мадақталды. Сонымен қатар «Мемлекеттік тіл - мәңгілік тіл» атты челендж ұйымдастырылып, фейсбукке жүктеліп отырылды.