Алдағы 4 жылда 26 мың пәтер салынады
Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында таяудағы жылдары іске асырылуға тиіс нақты міндеттер берілген. Оған негізгі мақсаты Ұлытау мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңындағы ескерткіштер кешенін, Тараздың ежелгі ескерткіштері мен Бекет Ата мазарының, Шығыс Қазақстанның ежелгі кешендері мен Жетісудың киелі жерлерін және біздің ұлттық бірегейліктің каркасын құрайтын көптеген басқа жерлерді ұлттық санада біртұтас арнада байланыстыру болып табылатын "Қазақстанның киелі географиясы", "Қазақстанның рухани киелі жерлері" жобалары жатады. Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасында бұл жобаларды Түркістан облысының шеңберінде іске асыруға болатыны айтылған.
Тұжырымдама жобасында Түркістан қаласы халқы санының өсуіне байланысты мынадай жобалық кезеңдер қабылданған: бастапқы мерзім – 2018 жыл, 161 мың адам; есептік мерзім – 2035 жыл, 350 мың адам; болжамды мерзім – 2050 жыл, 500 мың адам. Осы арада алдын ала айта кетелік, Елбасы Түркістанға сапары барысында журналистерге берген брифингте былтыр келген адам Түркістанды қазір танымай қалатынын, тез өзгеріп жатқанын атап өтті. «Қазір халқының саны 200 мың болса, 2025 жылы 300 мыңнан асып кетеді деген жоспар бар. Біз елорданы салған кезде 2030 жылы халқының саны бір миллион болады дегенбіз. Қазір 1 млн 200 мың, үш миллион болайын деп тұр. Сондықтан мынадай қарқын болса - жетеді. Халықтың сұранысы қандай, тіпті іргетасы қаланып жатқан тұрғын үйлерді сатып алғысы келеді. Алдағы төрт жылдың ішінде Түркістанда 26 мың пәтер салынады деп жоспарланып отыр»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни біз жоғарыда айтып өткен тұжырымдамадағы жоспар-жобалар артығымен орындалары анық.
Түркістанның көз тартар келбетінің бір ұшқыны - «Тұңғыш Президент саябағы» арқылы аңғарылады. Жалпы аумағы 38 гектар болатын «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр жасанды арал бар. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынған. Он мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселді. Жаңа демалыс орны ерекше дизайнда жасалған шамдармен жарықтандырылады. Сондай-ақ қазақ хандарына арналған мемориалдық кешеннің ерекшелігін атап өтпеске болмас. Кешенде Түркістанда жерленген 21 ханды білдіретін иілген 21 қанат орнатылған. Елбасы іссапарында осы мемориалдық кешенде ішіне еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы жиналған «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салған еді. Жобалау құны 1,9 млрд теңге болатын мемориалдық кешеннің жалпы ауданы 0,85 гектарды құрайды. Жаңа нысанның баральефінде қазақ билерінің, қазақ даналарының көркемсөздері қашалған. Шеңбер тәріздес салынған пилондардағы граниттік тақтайшаларға қазақ даласын басқарған 21 ханның есімімен қатар олардың билік жүргізген жылдары да жазылған.
Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан этноауыл келген туристке түркінің тамыры терең мәдениетін таныс етеді . «Этно-ауыл» кешені – қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін бейнелейтін жоба. "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық мұражайдың ортасында орын тепкен интерактивті этноауылдың ауданы 16 мың шаршы метрді құрайды. Көшпенділер өркениетінен көрініс беретін аймақта қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген. «Этноауыл арқылы XVIII-XIX ғасырдың атомосферасын көрсеттік. Гастрономиялық аймақта Орта Азия елдеріне тиесілі аспаздық өнерді көруге болады. Жеті, 8, 12 қанатты, барлығы 9 түрлі өлшемдегі киіз үйлер мен «хан сарайы» тігілген. Ауыл маңында жылқылардың «Табын» мүсіндік композициясы бейнеленген. Ежелгі құдық, садақшыларға арналған атыс тирі де қойылған. Бірнеше аймаққа бөлінген ауылдың жалпы көлемі 3 гектар. Жоба этнографтардың, тарихшылардың кеңесі бойынша жасалған. Бұл жерде бабалардың заманын тек көріп қана қоймай, тамақты аспаздармен бірге пісіріп, шеберлермен бірге түйін түюге мүмкіндік бар. Түрлі көріністер түсіруге болады», – дейді жобаның ұйымдастырушысы Айко Төкен.