Аружанның өліміне күдікті ретінде экс-әкімнің ұлы ұсталды
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткөл ауылының тоғызыншы сыныпта оқитын қыздың өлімі талай адамның жағасын ұстатты. Бұл қанды оқиғаның нақты себептері әлі ашылған жоқ. Түрлі әңгімелер айтылып жатыр.
Марқұм Аружан Орынбаеваны туыстары соңғы сапарға өткен аптаның аяғында шығарып салды. Өрімдей қыздың өлі денесі ауылдағы канал бойындағы жасанды бөгеттен табылған. Туыстарының айтуынша, оқиға үй артындағы канал маңында орын алған. Қас қарая телефонмен сөйлесіп жүрген қыз сол маңайдағы камераға түсіп қалған. Әжесі Құрманкүл Салқынбекова үйдің іргесіндегі арықтың маңы әбден қан болғанын, күдіктілер қылмысын жасыру үшін қызды суға тастағанын айтады.
«Соңғы мәрте, алтысында қызым менен ақша сұрады. Сосын “Әкеңнен сұрашы” деген едім, “Мама, сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар” деді. Сөйтіп менің қызымның әдеті бар, күліп ойнайтын, сосын, “Неғыласың ол ақшаны?” деп қайта-қайта сұрап едім, “Мама, мен шетелге кетем” деді. Міне, «шетелге кетті ғой». Қызымды екі бала бопсалаған. “Ақша бермесең, масқараңды шығарамыз, сенің жалаңаш суретіңді әлеуметтік желіге жариялаймыз” деген», дейді марқұмның анасы Динара Зілғараева.
Яғни Аружанның туыстары сол мектепте оқитын 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы ақша бермесең, жалаңаш фотоңды әлеуметтік желіге жариялаймыз деп бопсалағаны туралы болжамдарын да айтуда. Мұны полицейлер де растап отыр. Анасы басқа өңірде жұмыс істейтін қыз бірер жылдан бері атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған.
«Көкірегінің астына екі мәрте пышақ тыққан. Содан кейін қол тамырларын кескен. Сөйтіп, судан тауып алды ғой, суға лақтырып жіберген. Қызымның сыныптас құрбысының ағасы, көрші мектепті бітіріп кеткен, сол жігіттен де күдіктенеміз. Аружанды шығарып салған кезде жүрді сол бала. Тағы мына жақтағы судың қасында болған. Өлтірген жерді сумен жуған біреу, бәрін тазалап»,– дейді Динара Зілғараева.
Тоғызыншы сыныпты тамамдаған соң, Астанадағы колледжде оқытсам деген анасының айтуынша, қос жігіт те жасөспірім қызға сөз салып жүрген екен кезінде.
– Не себепті өлтіргені беймәлім, жұмбақ болып отыр. Біз әрқайсымыз әртүрлі әңгіме естіп, өзімізше топшылап жатырмыз. Ал заң түрінде бізге әлі ешқандай ақпарат берілген жоқ, – дейді марқұмның әпкесі Ақмарал Бекманова.
Ал Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаевпен сөйлескенімізде екі күдікті қамауға алынғанын алға тартты.
– Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі, (қасақана кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот медициналық сараптама тағайындалды, – дейді ол.
Қыздың өліміне өзі түсірген селфи-сурет те себеп болған секілді. Тергеушілердің айтуынша, Аружан денесінің жоғары жағын бет-әлпетін жасыра жартылай жалаңаш түсірген суретін телефонмен құрбысына жолдаған. Сол құрбысы келесі бір сыныптасына жолдап, сурет осылайша бірнеше оқушыға жеткен. Аталмыш сурет қылмысқа барған жасөспірімдердің қолына түсіп, олар қыздан әжептеуір көлемде ақша бопсалағанға ұқсайды. Қайғылы оқиға мектеп ұжымын да ойға қалдырып отыр. Мұғалімдер қаза тапқан қыздың да, оны өлтірді деп айыпталып отырған сол мектепте оқитын ұлдың да оғаш әрекеті мен өзара керіскенін көрмегендерін, күдіктінің жуас болғанын айтады.
– Ешқандай аутодеструктивті мінез-құлық ол баланың бойынан табылмаған. Сауалнама қорытындысы бойынша ол өзі сәл қорқақтау бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық, – дейді Төрткүл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қанат Қоспанов.
Аружанның туыстары тергеу әділ жүргізілгенін, өрімдей қызды өлтіргендер заң жүзінде тиісті жазасын алуын талап етуде. Күдіктілер жазадан жалтарып кете ме деп қорқатынын да жасырмайды. Себебі ұсталғандардың бірі экс-әкімнің ұлы екен.