Нұрлыбек Асылбековке «Әділетті Қазақстан» ойыншық па?

Oinet.kz 19-04-2023 737

 Screenshot_2.png

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» идеясы қазір хит тақырып болып тұр. Осы идея аясында Мемлекет басшысы шенеуніктерге қарапайым болуды, халықтың үніне құлақ асуды қатаң талап етуде. Алайда Шымкент қалалық денсаулық  сақтау басқармасының басшысы лауазымына былтыр мамырда тағайындалған Нұрлыбек Асылбековке Президенттің бастамасының да, тапсырмасының да құны көк тиын сияқты.  

Асылбеков Шымкентке басқарма басшысы  лауазымына келгелі бір емес, екі бірдей бас дәрігер бастықтың заңды белден басатынына шағымданып, әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялады.   Естеріңізде болса, былтыр №1 қалалық аурухананың бас дәрігері, белгілі хирург Абылай Дөңбай Президентке арнаған үндеуінде үстінен  арыздар ұйымдастырылып, соның негізінде тексерулер жүргізілетінін, екі айда осындай жиырмаға жуық тексеру болғанын, тіпті Асылбековтың шақырып алып, сөгіс беретінін, одан кейін жұмыстан кетіретінін ашық түрде  айтқанын мәлім еткен еді. 

Өткен аптада Шымкенттегі №4 емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Нұрбекова да бейнеүндеу жолдап, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жасалып жатқан қысымдар мен заңсыздықтарды ақтарып салды.   Нұрбекова мұндай үндеуді былтыр да жариялаған болатын.  

«Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы келген Нұрбекованың жанайқайына құлақ түріп, мәселенің мән-жайына үңіліп көрген едік. Бәрін басынан бастап баяндасақ. 

Былтыр сәуірде емхананың бас дәрігері басқа жұмысқа ауысуына байланысты Г.Нұрбекова сол кездегі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Пазыловтың өкімімен бас дәрігердің міндетін атқарушы болып тағайындалған. Мамырда Пазыловтың орнына Асылбековтың келгенін жоғарыда айттық. Нұрбековаға жасалған қысым осыдан кейін басталған көрінеді. Ол бас дәрігер лауазымына жарияланған конкурсқа қатысуға бел байлайды. Шамасы, бұл басқарма басшысына  ұнамағанға ұқсайды. 

-Конкурс өткенге дейін Нұрлыбек Әбибуллаұлымен мен кабинетінде жеке кездестім. Ол бас дәрігердің орнына басқа адамның тағайындалатынын ескертті. Мұны біреулердің тапсырмасымен және өзінің жеке шешімі бойынша жасайтынын айтты,-дейді Нұрбекова.  

Қарашада жарияланған конкурсқа үш үміткер құжат тапсырған. Оның бірі Г.Нұрбекова, бірі басқарма басшысының орынбасары А.Бекбауова. Айтса айтқандай,  желтоқсанда үш кандидаттың ішінен  емханадағы Байқау кеңесі отырысының хаттамасы негізінде басқарманың бұйрығымен бас дәрігер лауазымына Асылбековтың орынбасары Айгүл Бекбауова тағайындалған. Нұрбекованың айтуынша, конкурс әділетсіз өткен. Ол өзінің алғашқы бейнеүндеуін сол желтоқсанда жариялайды. Осыдан кейін Асылбеков оның кемшіліктерін түгендеуге көшкен сыңайлы. 

-Бейнеүндеуден кейін мені қалалық қоғамдық кеңестің отырысына шақырды. Кеңес мүшелерінің алдында Асылбеков медицинаға қатысты сұрақтар бойынша  жауап берді. Соңында менің мәселем талқыланды.   Асылбековтың маған қарсы айыптаулар айту үшін әбден дайындалып келгені бірден байқалды. Ол менің жұмысыма министрдің қанағаттанбағанын алға тартты. Осы жерде түсіндіре кетейін, былтыр шілдеде денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкентке келіп,  біздің емхананың жұмысымен танысты. Бас дәрігердің міндетін атқарушы ретінде мен және басқармадағы жауапты қызметкерлер онымен бірге жүрдік.  Емхананың ғимараты 1938 жылы салынған, күрделі жөндеуден өтпеген. А.Ғиният сол жолы ғимараттың ескі екендігіне қатты назар аударған болатын.  Кеңес отырысында Асылбеков осыны сыныққа сылтау етті. Бұл кезде менің бас дәрігердің міндетін атқаруға кіріскеніме екі ай да өтпеген. Екі айда ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу сияқты ауқымды жұмысты атқарып тастау мүмкін бе еді? Оның үстіне министр шілдеде келген, ал Асылбеков бұл мәселені желтоқсанда айтып отыр. Егер бұл тікелей менің кемшілігім болса, содан бергі бес айда маған неге тәртіптік жаза бермеген? 

Басқарма басшысының менің атыма айтқан екінші айыптауы да ақылға қонбайды. Ол біздің емханада туберкулез, онкология және бала өліміне қатысты көрсеткіштер жалпы қалалық орташа көрсеткіштен төмен екендігін алға тартты. Алайда жоғарыдағы көрсеткіштер  емхана бойынша өткен жылдармен салыстырғанда жақсарған. Яғни, атқарылып жатқан жұмыстарымызда нәтиже бар емес пе?-деді Нұрбекова. 

Ол әділетсіз конкурсты даулап, сот төрелігіне жүгінген. 

Енді мақаламызды одан әрі Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының биыл 6 наурызда шығарған шешімімен сабақтасақ. Сот шешіміне қарағанда, конкурс өткізу барысында тиісті талаптар сақталмаған.  Айгүл Бекбауова құжаттарын тәртіпке сәйкес электрондық форматта  емхананың электрондық поштасына жібермеген. Сот аталған тәртіптің сыбайластық тәуекелдерін төмендету үшін жасалғандығын алға тартып, бұл фактіні елеулі кемшілік ретінде бағалаған. Бекбауова конкурсқа  құжаттарын үшінші адам арқылы беріп жіберген (бұл кезде өзі ауырып жатқан көрінеді). Сотта жауапкер жақ оның құжаттарының тіркелгені туралы журналды көрсеткен. Алайда сот оның шынайылығына күмәнданған. Бұдан бөлек конкурс барысында «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талаптары сақталмаған. Аталған заң бойынша Байқау кеңесі мүшелерінің саны тақ болуы тиіс. Емханадағы кеңестің бес мүшесі болған. Оның бірі Гүлмира Нұрбекова конкурсқа қатысып жатқандықтан кеңес құрамынан шеттетілген. Нәтижесінде Байқау кеңесі мүшелерінің саны жұп болып қалған. Яғни, заң талабы бұзылған.  Осыларды ескерген сот Байқау кеңесінің шешімін, Бекбауованы бас дәрігер етіп тағайындаған басқарманың бұйрығын  заңсыз деп тапқан. 

Сот шешімі әлі күшіне енбегендіктен Бекбауова бас дәрігер қызметін әлі жалғастырып жатыр. Есесіне ол күшіне мінгенге ұқсайды. Енді ол да Нұрбекованың былтыр сәуір-желтоқсан айлары аралығында бас дәрігердің міндетін атқарушы болған кездеріндегі жұмысына шұқшиып, кемшілік іздеуге көшкен тәрізді. 

-Бұл да жоқ жерден сылтау іздеу. Әйтпесе желтоқсаннан бері ол да ай қарап жүрген бе? 15 наурызда бас дәрігер біраз кемшіліктерді тізіп,  басқарма басшысының атына хат  жазады. 16 наурызда мені Асылбековтың  орынбасары шақырды. Қасында заңгер мен кадр маманы болды. Олар мені хатпен таныстырып, дереу жазбаша түсінік беруімді талап етті.  Еңбек кодексі бойынша мен мұндай түсінікті екі күннің ішінде беруім керек. Ол менің құқығым. Екі күннен кейін жауабымды басқарманың кеңсесіне әкеліп тапсырдым. Онда айыптауларға түсінік беріп, онымен не үшін келіспейтінімді нақтылап жазып бердім. Хатты 20-шы наурызда тапсырдым. 24 наурыз күні басқарма басшысы маған сөгіс беріп, бұйрық шығарған. Бұл бұйрықпен  27 наурызда таныстырды. Сөгіс кеткен кемшілік үшін емес, жазбаша түсінік беруден бас тартқаным үшін беріліпті. Алайда мен түсінікті заң аясында бердім емес пе?  Бұл  әрекеттер мені алда өтетін келесі конкурсқа қатыстырмау үшін жасалып отыр деп ойлаймын. 

12 сәуірде Шымкентке денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазин келді. Түскі сағат екі жарымда медакадемияда халықпен кездесті. Мен аталған ғимаратқа барып, вице-министрге мән-жайды айтпақ болған едім. Алайда денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен бас дәрігер Айгүл Бекбауова мені конференц залдан шығарып жіберді. Бас дәрігер «жұмыста болмағаның үшін акті толтыртамын» деп доқ көрсетті. Сонда мен тым құрыса қарапайым азамат ретінде жоғары лауазымды шенеуніктің кездесуіне қатыса алмағаным ба? 11 айдан бергі осындай қысымдар  денсаулығыма  кері әсер етті. Осы оқиғадан кейін қан қысымым көтеріліп, жұмысқа бара алмай қалдым. 12 сәуірде мен Бекбауоваға  бұл туралы хабарлама жібергенмін. Алайда әріптестерімнің айтуынша, ол күн сайын менің жұмыста болмағаным туралы акті толтыртатын көрінеді. Осындай әділетсіздіктерге, қысымдарға қалай төзуге болады?-деді Нұрбекова.  

Вице-министрмен кездесе алмаған соң Нұрбекова екінші бейнеүндеуін жариялаған. Содан бергі аралықта бір апта өтсе де оған не әкімдік, не басқарма, не министрлік тарапынан жауап жоқ. Біз осы бейнеүндеуге қатысты Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековпен хабарласқан едік. 

-Қазір сот жүріп жатыр,-деді басқарма басшысы. 

-Алғашқы сатыдағы сот шешімі шықты емес пе?

-Оған апелляция бердік қой. Бұл жерде әртүрлі ньюанстар бар. Бәрі біржақты айтылып жатыр. Біз тек заңдылық жағында жүреміз,-деген Асылбеков бұл мәселе бойынша көп нәрсе айтуға болатынын, ол үшін басқармаға ресми хат жолдау қажеттігін алға тартты. Осылайша көкейдегі көп сұрақтардың бәрі жауапсыз қалды. Басқарма басшысының мұнысы жауаптан жалтару емес пе? Сонда бұл қалай? 

Біріншіден, конкурстың заңсыз өткені сот шешімімен дәлелденді. Ертең апелляциялық алқада шешім өзгерссіз қалса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған талап-тәртіптерді сақтамаған қызметкерлер тиісті жауапқа тартыла ма? Әлде бәрі жабулы қазан жабулы күйінде қала бере ме? Бақылаушы орындар, Мемлекеттік қызмет істері департаменті бұған не дейді? 

Екіншіден, басқарма басшысына конкурсты ұйымдастыру, ол үшін Байқау кеңесінен оңтайлы шешімін алу түк те қиындық тудырмайтыны айтпаса да түсінікті. Нұрбекованың айтуынша, Байқау кеңесі құрамында тәртіп бойынша басқармадан бір ғана өкіл болуы шарт. Ал емханадағы кеңес құрамына басқармадан екі өкіл енген екен. Ол екеуі де кезінде Бекбауованың қарамағында істеген көрінеді.

- Мұндай жағдайда әділетті шешім шығады  деудің өзі күлкілі,-дейді ол. Яғни, бәрі көзбояушылық. Бұл түптеп келгенде Президенттің қоғам пікірімен санасу, халықтың үніне құлақ асу сияқты  бастамаларын ойыншыққа айналыру емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?

Егер осы мақаладан кейін Нұрлыбек Асылбеков  өз пікірімді білдіремін десе, оған да газет бетінен орын беруге даяр екендігімізді білдіреміз.  

«Рейтинг» газеті, 19 сәуір, 2023 жыл.  






Шымкентте 60 миллион пара алған әкім орынбасарына қатысты тергеу басталды
Аружанның өліміне күдікті ретінде экс-әкімнің ұлы ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу