Түрленген Түркістан туристерді тамсандырады
Тәуелсіздік алған 30 жылда Қазақстанның экономикалық әлеуеті арта түсті. Әрбір облыс, аймақтарда түрлі инфрақұрылымдар дамыды. Соның ішінде Түркістанның орны ерекше. Елбасы Түркістанға сапарында : «Біз Тәуелсіздік жылдары тағы бір елеулі нысан Түркістанды салдық. Көп ғасырлық тарихында Түркістанға мұндай қаржы, осыншама көңіл бөлінбеген. Жаңарған бірегей қала. Түркістан облысының бөлінгеніне үш жылға да жеткен жоқ, 2019-20 жылдардың ішінде 257 ғимарат салынды. Көріп отырсыздар. Сол кезбен қазіргі кезді салыстыруға бола ма? Жер мен көктей. Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетістігі, еңбегі жер мен көктей», –деген еді.
Түркістан музыкалық драма театрының ашылуы - мәдени туризмнің дамуына оң ықпал болды. Аталмыш театрда түркі әлеміне ортақ қойылымдар сахналанады. Композициялық көрінісі мен сәулеттік келбеті өзгеше театрда шетелдік танымал өнер қайраткерлері де өнер көрсетеді. Төрт қабатты өнер ордасының көрермендер залы 510 адамға арналған. Мұнда вестибюльдің, кулуарлардың, фойенің, жинақтау холлдары мен VIP залдар ұлттық нақышпен безендірілген. Көрермендерге және қызметтік персоналға шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігерге дейін қарастырылған. Театрдың бас директоры Айнұр Көпбасарованың айтуынша, 190 адам штаттық режимде жұмыс істей алады. Қазір актерларды жұмысқа қабылдау жүруде. Олардың қатарында Дубайда, Мәскеуде тәжірибе жинаған режиссерлар мен композиторлар, менеджерлер бар. «Сан ғасырлық тарихы бар осындай киелі өлкедегі өнер ордасы Елбасының бастамасы, қолдауымен салынды. Бұл өнер орталығының ерекшелігі және концепциясы – преформативті театр атануында. Яғни қазақстандық ғана емес, түркі әлеміне ортақ мемлекеттердің актерлары да келісімшарт негізінде осында жұмыс істейді. Театрға жас балет труппасы, хор, опера әртістері, драма актерларын кастинг арқылы алып жатырмыз. Жас актерларды осында үш жылға оқытып, түрлі курстар, қойылымдар арқылы шеберлігін шыңдаймыз. Алыс-жақын шетелден, республиканың әр өңірінен талантты жас режиссерлар, сценографтар, хореографтар, актерларды жинаудамыз. Талантты жастардың ішінде «Belcanto» Вена академиясының түлегі Айя Шәріп, танымал композитор Хамит Шанғалиев, «Watanabe Buber» балет академиясын, Ваганов атындағы орыс балет академиясын бітірген Мао Сакай сынды прима-балериналарымыз бар. Театрдың алға қойған жоспары көп», деді Айнұр Көпбасарова журналистерге берген сұхбатында. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады.2021 жылдың 9-10 қазан аралығында Түркістан музыкалық-драма театрының ашылуы өтеді. Сахнадағы дебюттік қойылым белгілі жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтың "Бөрте" пьесасы болмақ.