Түлкібаста балық шаруашылығы қарқынды дамуда
Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы Түлкібас ауданында үш шаруа қожалық балық шаруашылығы кәсібін қолға алып, жасанды тоғандарға алғашқы шабақтарын жібере бастады. Негізінен балық шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көп. Мәселен, балыққа берілетін жемнің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.
Машат ауылдық округіндегі «Жеті үй» шаруақожалығында 15 мың дана сазан, дөнмаңдай (толстолоб), ақ амур балық шабақтары өсірілуде. Кәсіпкер Қайырғали Тайболовтың айтуынша, өткен жылы аудан әкімдігінің қолдауымен үйіргелік жерін рәсімдеп, жасанды тоған салған. Биылғы жылдың көктемінде қосымша 3 мың дана аталған балық түрлерінің шабақтары жіберілген.
Сондай-ақ, Сапарғали шаруа қожалығы 100 мың дана нарықта сұранысы жоғары сазан, дөнмаңдай (толстолоб), ақ амур балық шабақтарын жіберуді жоспарлап отыр. Қожалық иесі Сапарғали Құрманбаев көктемде шаруа қожалығына тиесілі 11 гектар жердің 2,16 гектарына 7 жасанды тоған салған. Тоғандарға су жібермес бұрын балық қорегі ретінде тоған түбіне арпа, бидай, тары дақылдарының дәні себілген. Қазіргі таңда балық шабақтарына тапсырыс беріп, күтуде.
Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын шамамен $60 млн сомасына 36 жақын және алыс шет елдерге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды. Негізінен балықтың жон еті, қақталған-ысталған өнімдер және мұздатылған балық еті экспортталады. Мысалы, көксерке еті Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады, қақталған-сүрленген өнім Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте біздің жанымызда экспорт үшін маңызды әлеуетті нарықтар бар.