Бейбіт Сарыбай: «Жүйеге өкпелеп, халқыңды отқа тастама»
Бейбіт Сарыбай – ақын, жазушы. «Айна», «Рауғаш ерте гүлдейді», «Мейірім», «Қара торғай» кітаптарының авторы.
– Бейбіт мырза, жалпы жағдайыңыз қалай? Биыл білуімізше жаңа жылды, жанұяңызбен Америкада қарсы алдыңыз. «Америкаға көшеміз, сонда өмір сүреміз» деген ойға қашан тоқталдыңыз?
– Америкаға көшем деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Америка түгілі Астанаға көшетін ойым болмаған. Алда қанша өмірім бар екенін кім білсін. Бірақ сол қалған өмірімнің бәрін Алматымен байланыстыратынмын. Әркімге туған жері, өз ауылы – анасындай ыстық қой. Менің одан кейінгі алғашқы, әрі мәңгілік махаббатым – Алматы болады, бар өмірімді Алматыда сүремін деп ойлайтынмын. Әйтпесе Қазақстанның бүкілге жуық қалаларын аралап көрген едім.
Ал Америкаға келу туралы шешімді аяқ астынан қабылдадық. Әйелім Бану «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы 1 жылдық ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Мұнда келудегі басты мақсатымыз сол Банудың көптен күткен арманын орындау. Бұл отбасымыз үшін де үлкен мүмкіндік болды. Балаларымыз бір жыл болса да, шет ел көріп, ағылшын тілін жетік меңгере түседі. Әрине, тілді елде жүріп те үйренуге болады. Дегенмен ағылшын ортасын көрсін, зейіні ашылсын дедік. Қазір нәтижесін көріп жүрміз. Менің негізгі мақсатым осы бір жылда әйелімнің арманын орындау, сол арманына жеткенде жанында болу, балаларымның білімін жетілдіре түсу. Әрине Еуропаны, Американы көріп, апталап аралап, қыдырып қайтуға болады. Бірақ Америкада тұруды армандаған емеспін.
– Америкаға барған соң алғаш қандай әсерде болдыңыз? Адаптациялық кезеңнен айыға алдыңыз ба?
– Алғаш мұнда келген соң күндерім өң мен түстің ортасында қалып қойғандай бұлыңғыр реңкте өте бастады. Мен өзі тыныш жүрмейтін адаммын. Елде жылына бір келетін еңбек демалысының өзінде әрі кетсе 10 күн ауылға барып, көл жағалап демалып қайтқан соң, әрі қарай қыбырлап тіршілік істеп, пұл тауып жүруші едім. Мұнда келген соң істерге іс жоқ, кештерім үйге-кіріп шығумен бататын. Елде көлігімді сатып, алғашқы қорымызды жинап келгенбіз. Дегенмен мұнда тұрмыстық қажеттіліктер, пәтер ақысы, коммуналдық төлемдер теңгеге шаққанда едәуір қымбат екен. Соның бәрін есептеп отырып, ертең қалай күн көрем деген қорқыныш та болды. Осылай алғашқы 2-3 апта «Не істеп жүрмін? Не үшін келдік? Елдегі өміріміз тыныш еді ғой» деген ойлар мазалап жүрді. Дегенмен уақыт өте келе мұндағы өмірге де икемделіп, орнықтық.
Енді қазір кеудемді үлкен бір сағыныш басып жүр. Әрине қазір елмен, жақындарыңмен байланысудың жолы жеңіл. Қалаған уақытыңда видеомен-ақ сөйлесе бересің. Алайда арқа-жарқа боп жанында отырғандай болмайсың. Нақты бір адамды сағындым деп айта алмаймын. Жалпы сағыныш бар. Елді, жерді, бірге жүрген, көзтаныс, жүзтаныс жандарды сағындым. Алматының табиғатын, Алатауды былай қойғанда қарапайым көшелердің өзін сағындым. Кейде whatsapp группаларға келген дос-жарандардың жиын-отырыстағы суреттерін көріп, «Әй, осының бел ортасында мен де жүрер едім ғой» деп ойлайсың. Былайша бәрі жақсы. Адаптациялық кезеңнен айықтық, үйрендік, үйреністік.
Оның үстіне біржола кеткен жоқпын ғой. 1 жылдан соң елге ораламын деген ой жаныма демеу. Келгенімізге 2 ай өтті, 3 ай өтті, 9 ай шыдасам болды деп мен қуанып жүрем, басқаларды қайдам (күлді). Осылай күн санап жүрміз. Бір жағынан мен мұнда жалғыз емеспін. Жарым мен балаларым қасымда. Сондықтан аса құса да болып жүрген жоқпын. Егер әйел-бала шағам көшіп келіп, мен елде қалып қойсам немесе керісінше болса тіптен қиын болар еді.
Осында турист боп келіп, ақша табуға қалып қойған азаматтармен таныстым. Олар Америкадан бір шықса, 10 жылсыз қайтып кіре алмайтын болғасын, барынша қаржы жинап біржола кеткісі келеді. Солайша 4-5 жылдан бері әйел, бала-шағасынан жырақта жалғыздан-жалғыз өмір сүріп жүргендері бар. Бұл тіпті қиын. Сол кісілерге қарап 1 жыл өте шығады ғой деп жүрміз.
– Ол жақтың өмір сүру мәдениетін ерікті-еріксіз Қазақстанмен салыстырып жүрген шығарсыз?
– Салыстырам деп салыстырмайсың. Бәрі көзге ұрып тұрады. Елден артық та, кемшін де тұстары бар. Мен Америка керемет екен деп мақтағым келмейді. Бұл жақты мақтау арқылы, «бізде олай емес» деп еліңді кемсіткендей көрінесің. Сол үшін үйде Американың керемет тұстары жайлы жақ ашпай, кемшін тұсын тауып алсам соны айқайлап бала-шағама айтып отырам (күлді).
Мәселен, мен бұл жақты «мылжың» деймін. Құжатқа келгенде тіпті асықпайды екен. Қарапайым баланы мектепке, балабақшаға орналастыру, пәтерге орналасу, ұялы телефон нөмірін алу сынды тірліктер көп уақытыңды алады. Әрине мұның бәрі қауіпсіздік үшін.
Біз университет қалашығында тұрып жатырмыз. Бұл жерден бір тал темекінің тұқылын кездестірмейсің. Тазалық жағынан озып тұр. Бұл қалашықта Американың, әлемнің түкпір-түкпірінен келіп оқып жатқан студенттер тұрады. Сол үшін мәдениеті де бөлек. Сондай тыныш, сондай қауіпсіз қала. Аласұрған, аптыққан адам көрмейсің. Былайша айтқанда «беймарал» өмір сүретін жер екен.
Кезінде М.Әуезов Америкаға келіп кеткен соң «Америка әсерлері» деген очерк жазды ғой. Ол сол кездегі қоғам үшін жазылу керек болды және таңсық еді деп ойлаймын. Себебі ол кезде қарапайым халық Американың атын естігенімен, терең ақпараттарға қанық емес еді. Ол жақтың өмір сүру салты, рухани дүниесі, мәдениеті қандай екенін біле бермейтін. Мұнда қазір 100 мың қазақ жүр. Білгің келсе, Қазақстанның кез келген қуысында отырып-ақ, Американың кез келген штатының, қалашығың өмірімен таныса аласың. Қанша халық бар екенін, тұрмыс-тіршілігін, экономикасын зерттей аласың. Сондықтан бұл күні ақпарат та қолжетімді, келгісі келген адамның аяғы да жете алады.
– Ендігі шығармашылық прогресс қалай болып жатыр? Әуезов сынды «Америка әсерлерімен» бөлісетін ойыңыз бар ма?
– Елде жүргенде Бекзат Саттархановтың өмірі жайлы көлемді кітап жаздым. Кітап қазір басылып жатыр. Бұйырса наурызда тұсаукесерін жасаймыз. Сол кезде өзім де барып қалармын деп отырмын. Бұған дейін Бекзат туралы жазылған 2-3 кітапты көргенмін. Бірақ олар деректер мен мақалалар жиынтығы екен. Ал мен бас-аяғы бар, тұтас көркем дүние жазып шықтым. Махат Төреәлі дейтін Саттархановты қатты жақсы көретін, қадірлейтін кәсіпкер жігіт бар. Сол жігіт Астанадан Б.Саттарханов атындағы өте үлкен спорт комплекс ашып жатыр. Спорт комплекстің алдына Бекзаттың ескерткіші қойылмақ. Міне, сол кітаптың, спорт комплекстің, ескерткіштің ашылулары бірге болмақ.
Мен бұрыннан қазақтың жігіттері қарап бой түзейтін, қыздары серігім осындай болса екен деп армандайтын бір кейіпкер іздеп жүр едім. Бекзат – сондай кейіпкерге айналды. Алайда оның істемегенін істеді деп, айтпағанын айтты деп, өтірік мақтап аспаннан салбыратып түсірген жоқпын. Оның тұлғалық болмысын ауылына барып қона жатып анасымен, жақындарымен сөйлесіп жүріп таныдым. Бекзаттың рухани дидарын, рухани образын жасадым деп ойлаймын. Оны бәрі олимпиада чемпионы, мықты боксшы деп таниды. Оның сертке беріктігі, жанашырлығы, досқа адалдығы, сүйікті болғаны, сүйгені жайлы біле бермейді. Кітап жарыққа шыққасын оқырман бағасын бере жатар.
Ал Америкадағы өмір жайлы елге оралған соң бір үлкен дүниенің туары анық. Осындағы қазақтардың халі, өмірі, тұрмыс-тіршілігі, бақыты-сорын көріп, сезініп жүрміз. Қазақтар ғана емес, америкалықтардың да тұрмыс-тарихымен танысып жатырмыз. Әзірге ойда сол бір дүниенің үзінділері, детальдары жиналып жатыр.
– Желіде резонанс тудырған Дархан Әбдіктің сұқбатын көрген шығарсыз. Сұқбат соңындағы білімді жастарға «мүмкіндік болса елден кету керек» дегені қызу пікірталасқа ұшырады. Бұл пікірге көзқарасыңыз қалай?
– Мен Дархан ағаны түсінемін. Оның сол сұхбатта қандай жастарды меңзегенін, қандай оймен, қандай эмоциямен айтқанын да түсінемін. Түсінгендіктен де ол кісінің сөзіне үзілді-кесілді қарсы шықпаймын.
Бізде қазір билік ұнамсыз шығар, Үкімет жұмыстары дұрыс болмай жатқан шығар, Парламентіміз ақылға қонбайтын заңдар шығарып жатқан шығар, халықтың шамына тиетін қиындықтар болып жатқан шығар. Бірақ жалпы мемлекетті жаман дей алмаймыз ғой. Билік ауысар, Парламент жаңарар. 5 жылда болмаса да, 10-15 жылда жаңалық болары анық. Шетелде оқыған жастардың бәрі қалып кетіп жатқан жоқ. Оралған жастар сондай бір игі өзгерістерге бастама болар. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» дегендей, «жүйеге өкпелеп, халқыңды отқа тастама» дер едім.
Дархан аға да білімді жастардың бәріне жаппай көшіңдер деп отырған жоқ. Қабілеті ескерілмей жүрген, таланты тұншығып жатқан, сондай бір айрықша жастарға, өзіңді дәлелдеу үшін кет деп отыр. Бірақ елдің бәрі ондай емес қой. Сенің сонша жыл жиған біліміңді, тәжірибеңді түсінбейтін ақымақтау біреу басшы болып отырса, әділетсіздік танытса жүрегіңе салмақ салып, жүйкеңе тиюі мүмкін. Бұл да уақытша. Күресіп, жеңу керек шығар деп ойлаймын.
Ал мен жастарға шетелге кетіңдер деп айтпаймын. Және шетелде жүргендердің бәріне елге оралыңдар деп те айта алмаймын. Ондайды халықтың емес, өзімнің балама айтуым мүмкін.
Меніңше, шетелде жүріп те ұлтқа қызмет етуге болады. Тиісінше елде жүріп әлемге қызмет етуге болады. Мысалы, Мыңжылқы Бердіқожаев дейтін мықты хирург бар. Өзі Астанада болғанымен, елдегі өзге де қалаларға барып қаншама ота жасап, қанша адамға шарапаты тиді. Шетелдерге де жиі шығады. Ондай мықты маман кез-келген мемлекетке қажет. Кетем десе, бүкіл ел құшақ жая қарсы алады. Сондықтан мен дүниенің қай бұрышында жүрсем де, ұлтқа қызмет ету керек деп ойлаймын.
– «Жүйеге өкпелеп, халқыңды отқа тастама»... Біздің жүйеге өзгеріс керек пе сонда?
– Біздің жүйе 30 жылда қалыптасты. Жалпы биліктегі жемқорлық, қара бастың қамы үшін халық қазынасына қол салудан ұялмау, өз мақсатына жету үшін жан аяспас досының иығын баспалдақ ету дегендер осы отыз жылда қалыптасты. Ал біз бұл дүниелерден құлан таза айығып, ізгі қоғам құру үшін тағы бір 30 жыл болмаса да, 15-20 жыл керек болатын шығар деп ойлаймын. Мен үмітсіз емеспін. Қазақстан – түптің-түбінде озық, үлгілі мемлекетке айналады. Сол мемлекетке жету жолында еңбек ететін жаңа буын жастар ғой. Бірақ сол жастарға ескіден келе жатқан ессіз шалдар өздерінің бойындағы жаман әдеттерін жұқтырып жатыр. Жастар да өздері секілді болса екен дейтіндері қынжылтады. Кезінде билікте болып, армансыз ішіп-жеп үрім-бұтағына жететін байлық жиған адам, баласына: «Балам, менің заманым солай болды. Соған еріп мен де дүние жинадым. Енді сендер елге қызмет етіңдерші», деп айтса болады ғой. Жоқ, олар да өздері сияқты болып өседі. Жоғары қызметтерге өзгелерден бұрын солар барып жатады. Міне, сол сияқты факторлар біздің дамуымызды тежейді. Тіпті кері шегіндіреді. Алайда қабілеті бар, талантты, білімді азаматтар да жоқ емес. Олар мүлде еленбейді деп тағы айтуға болмайды. Сондықтан менде күдіктен гөрі үміт басым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ