Анар Жаппарқұлова: «Мен Шымкенттен кетпеймін!»
Біз айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, бүгінде Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, аяулы жар, ардақты ана Анар Жаппарқұловамен түрлі тақырып аясында сөз қозғаған едік. Ақын бүгінгі қоғамдағы, айтыстағы түрлі мәселелерге байланысты адуынды пікірін білдірді.
– Анар Абусайылқызы, сізді жұрт атқарып жүрген мемлекеттің қызметіңізден гөрі, ақын деп таниды. Талай додада бақ сынап, топ жардыңыз. Бір сұқбатыңызда «Айтыс маған бәрін берді» деген екенсіз. Ақындардың ортасында тауып айтылған әзілдер мен тосын оқиғалар көп екені анық. Сол үшін де ең алдымен осы айтыстың ортасында жүріп кез болған, есіңізден шықпайтын қызықты оқиғаларыңыздың бірін әңгімелеп берсеңіз.
– Ең алдымен арнайы уақыт бөліп, көңіл бөліп келгеніңе рақмет! Әрине айтыс төңірегінде айтар әңгіме көп. Өзім айтысты өсірдім деп айта алмаймын, бірақ айтыс мені өсірді. Өйткені мектеп кезінен кей пәндерді тартып кете алмай жатсақ, «шығармашылығын шыңдап жүрген қыз ғой, іс-шаралардан қалмайды ғой» деп көтермелеп жататын. Студент кезде де ақындығымыздың арқасында жақсы жерлерде, жақсы адамдардың ортасында жүрдік.
Иә, айтыскерлердің арасында тауып айтылған сөздер өте көп. Айтысқа баратын кезде әр адамның ішінде бір дайындық болады ғой. Біз көбіне пойызбен баратынбыз. Сондай сапарлардың бірінде Маржан Есжанова әпкеміз «дайындық қалай?» деп сұрады. Мен «Түк дайындалмадым, әпке, бірақ түн өзіміздікі ғой» дейтінмін. Күндіз жұмыс пен отбасы шаруаларынан босай алмай жатамыз ғой. Айтыс бізге кәсіп болған жоқ. Сол «түн өзіміздікі ғой» дегенімді Маржан әпке көрген жерінде әлі айтады.
Одан бөлек, бірде керемет ақпа ақын Аспанбек Шұғатаевпен айтысатын болдым. Аспанбек табиғатының өзі бөлек ақын ғой. Онымен айтысу үшін де, қайрат керек. Міне, сол Аспанбекпен аламанға түсетінімді естігесін қатты ойланып жүрдім. Сосын Мұхтар Ниязовқа «Менің қарсыласым Аспанбек екен. Не айтсам болады? Қай жағынан шығу керек?», деп ақыл сұраймын ғой. Сөйтсем Мұхтар «Енді Алла бұдан кейінгі өміріңізді жеңіл қылсын», деп әзілдейді (күлді). Осындай айтыс алдында толқулар болып жатаы.
Осы тұста айтыстағы ұстазымыз Әселхан Қалыбекованың әңгімесі еске түсіп отыр. Әселхан апамыздың төл шәкірті Маржан әпке болса, одан кейінгі шәкірттерінің бірі осы біз. Сол Әселхан апамыз «Ақын айтысқа дейін қорқу керек. Өзіңнен қорық, қарсыласыңнан қорық. Не айтам деп қорық. Бірақ айтыста қорықпау керек. Ойыңа келген сөзді іркілмей, бүкпей айтып салу керек», дейтін.
– Айтыста, әсіресе оңтүстік үшін өзіңіз айтқан марқұм Әселхан апамыздың орны бір төбе. Сол Әселхан апа біздің газетке берген сұқбатында «Бұлар айтысты шоу жасаймыз деді де, айтысқа сатқындық жасады», дейді. Сосын соңғы сұқбатында «Қазір кейбір «адасқан» ақындар қайта үйіріне оралып жатыр», дейді. Сіздіңше, қазақтың дәстүрлі өнерін осындай шоулар, әртүрлі ағымдар былғауы мүмкін бе?
– Дін – өте нәзік мәселе. Және бұл мәселе бүгін ғана туып отырған жоқ. Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығарашылығынан кандидаттық диссертация қорғадым. Сондағы менің тақырыбым «Майлықожа шығармаларындағы әлеуметтік және діни сарындар» еді. Аталған жұмысымды «Әдебиет және өнер» институтына алып бардым. Жұмысымды қабылдаған бөлім мамандары қорғау кезінде қиындықтар тумасын деп, тақырыптағы «әлеуметтік және діни сарындар» дегенді алып тастап, «Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылық мұрасы» деп өзгерткен болатын. Қарап отырсақ, сол кездің өзінде діни мәселелер шиеленісіп үлгерген болып тұр ғой.
Сол үшін де мен дін мәселесі туралы тереңінен қозғай алмаймын. Қай ағым дұрыс, қай ағым бұрыс екенін де айта алмаймын. Дегенмен діннің айтыс үшін қандай да бір әсері болғаны рас. Талай достарымызды айтыс аламанынан жоғалтып алдық. Бірақ оған тек дін әсер етті деп тағы айта алмаймыз. Оған сол кездегі айтыстың айналасындағы әртүрлі жағдайлар әсер етті.
Жақында ғана Мұхаммеджан Тазабеков ұлының үйлену тойын істеді ғой. Сол тойда Мұхаммеджан ағаның өзі ән айтты. Осының өзі олардың қатып қалған қасаң қағидамен жүрмейтініне дәлел болар. Бір кезде айтысқа шықпай кеткен ағамыздың ән айтып жатқанының өзі бұл жерде әрқилы мәселелердің бар екенін көрсетеді деп ойлаймын.
Ал шоуға келетін болсақ, айтыс – синкреттік өнер. Айтыскер ақын әртіс болуы керек. Жаңа заманның көрерменін тарту үшін ішінара шоу детальдарын алған жа жөн шығар. Алайда айтысты тұтас шоу қылып жіберуге болмайды деп ойлаймын. Мәселен әртіс-әзілкештердің айтысқа шыққанын құптамаймын. Туабітті ақынның әртістігін көрсетіп, жыршы-жыраулығына салып, түрлендіріп шоу жасап жатса түсінемін. Дәстүрлі өнерді шоу мен дін былғайды деп кесіп айта алмаймын, дегенмен абайлау керек.
– Бүгінде үшінші мегаполистегі ең басты рухани орталықтардың бірі – бас кітапхананы басқарып отырсыз. Өзіңіз де білесіз қазір кітап басу ісі қарыштап дамыды. Есесіне қаламгері де, жазушы емесі де кітап жаза беретін болды. Осыған байланысты бірнеше сұрақ қойғым келіп отыр. Бүгінгі қоғам кітап оқи ма? Сіздер оқырман тарту жолында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? Одан бөлек, оқырман қауымның талғамы қандай?
– Ақберен Елгезек дейтін ақын ағамыз қазір керісінше кітап оқудың трендке айналып келе жатқанын айтады. Мұны Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенова да айтып жүр. Осыдан он шақты жыл бұрын біз қоғам болып кітаптың бетін жауып тастадық та, бүкіл керегімізді ақпараттық технология құралдарынан тауып алатындай көріндік. Дегенмен сол жақтан тапқан деректердің, алған білімнің баянды емес екенін түсіндік. Сол үшін де қазір адамдар смартфондардан алыстап, кітапқа қайта оралып жатыр. Қазіргі кезеңді кітапқа қайта оралу кезеңі деп айтсам болады. Бұл кітапхананың тізгінін ұстап отырғандықтан оқырман тартып жатырмыз деп көсілгеніміз емес. Ақиқаты осы. Қазір телефонға ұзақ үңілсек басымыз ауырып кетеді. Сондықтан да, қазір кітапқа деген сұраныс жетерлік.
Ал кітап басу ісінде көңіл толмайтын тұстар бар екенін жасырмаймын. Қазір кімнің ақшасы бар, сол кітап шығара береді. Нөпір кітаптар қаптап кетті. Сондықтан қазір бізге көркемдік кеңес қажет деп ойлаймын. Тек кітапқа емес, ән мәтіндерін де қарау керек. Жаңағы нөпір кітаптар енді-енді кітап оқып жүрген оқырманның зейінін жауып тастауы мүмкін. Сырты жылтыраған, берері жоқ кітаптар көзге бірінші түседі себебі. Қазақстан Жазушылар Одағы және оның жер-жердегі өкілеттері осы мәселеге көңіл бөліп жүр.
Оқырманның талғамына келетін болсақ, бірнеше жыл бұрын психологиялық кітаптар қатты оқылды. Себебі адамдардың бәрі дағдарыста жүрді. Қазір көркем әдебиеттің оқырманы көбейіп келеді. Біздікі ғылыми-әмбебап кітапхана болған соң кез келген саланың мамандарына керекті кітаптарды табуға болады.
– Сіз жоғары оқу орындарында да қызмет еткен ғылымның адамысыз ғой. Жақында ғана қоғамда резонанс тудырған Дархан Әбдіктің сұқбатын сіздің де көзіңіз шалған болар. Сұқбат соңындағы білімді жастарға «мүмкіндік болса елден кету керек» дегені қызу пікірталасқа ұшырады. Бұл пікірге көзқарасыңыз қалай?
– Дархан Әбдік – өзім құрметтейтін, айтары бар азамат. Алайда дәл осы пікіріне келіспеймін. Университетте істегенімді өзіңіз де айтып отырсыз ғой. Сонда жұмыс істеп жүргенде айлық болмаған кездер, жылу болмай суық аудиторияда сырт киіммен сабақ берген шақтар болды. Сол кезде оқытушылардың көбі сауда, кәсіп сынды әралуан салаға ауысып кетті. Бірақ олар араға біраз уақыт салып «Дүние табуын таптым ғой, бірақ бұлай жүрсең қарайып қалады екенсің. Менің іздегенім басқа дүние екен» деп оралып жататын. Сол кездің өзінде біз университетті тастап кеткен жоқпыз.
Иә, шетке шығып қара жұмыс істеп те едәуір ақша жинап келуге мүмкіндік бар екенін мен де естіп-көріп жүрмін. Алайда, мен материалдық құндылықтар үшін елді тастап кетуді құптай алмаймын. Тіпті, мен Шымкенттен кетпеймін. Кітапханадағы қызметімде де көптеген қиындықтар болды. Осы жұмысыма да бір кетіп, қайтып келдім. Бұл қызметте те қара бастың қамын күйттеп отырғаным жоқ. Жұмысымды жақсы көремін. Мақсатым – өзімді керемет ұлтжанды азамат етіп көрсету емес. Дегенмен менің ішкі ұстанымым осы.
– Бүгінгі таңда кітапханалар мәдени кештердің ордасына айналды. Бұл сіздердің негізгі жұмыстарыңызға кедергі келтірмей ме?
– Өте орынды сауал тастадың. Қазір біз келесі жылғы шаралардың тізімін жасаймыз ғой. Мен сол үшін барынша майда-шүйде жұмыстарды азайтуға тырысамын. Өйткені келесі жылға жоспарланған ірі шаралардың саны 30-ды құраса, жоспарсыз ұйымдастырылатын шаралардың саны тіптен көбейіп кетеді. Кітапханамыздың ішкі жұмыстары күні-түні жасалып жатыр. Қайта өңдеу, толықтыру сынды бөлімдеріміз бар. Егер біз бір шараға барып көрерменнің санын толықтыратын болсақ, негізгі жұмысымыз атқарылмай қалып кетеді. Сондықтан да қазір мейлінше маңызы бар жұмыстарымызды ғана атқаруға тырысамыз.
Жуырда ақын Иран-Ғайыптың 4 томдық кітабының, жары Дариға Қадырқожақызының 2 томдық кітабының тұсаукесерін өткізгелі отырмыз. Бұл біздің жоспардан тыс шарамыз. Алайда мұндай шараларды біз қуана атқарамыз.
Кейде осылай тіршілігіміз қайнап жатқан кезде, әлеуметтік желілерден кітапхана жұмыстарына тағылған міндерді оқып қалып жатамыз. Бірі «кітапханалар түк істемейді» десе, енді бірі «театрға айналып кетті» деп жатады. Алайда мен сынды дұрыс қабылдаймын. Егер кітапханалар түк істемей жатса, сынға ілікпес еді. Егер әлдекім елеп-ескеріп сынға салып жатса, демек кітапханалар қандай да бір шаруалар атқарып жатыр деген сөз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ