Қайнар ОЛЖАЙ: Билікке ұмтылған жерде журналистика ұтылады
Қазақ оқырманы іздеп оқитын белгілі журналист, публицист, «Қазақ баспасөзінің тарланбозы» атанған Қайнар Олжаймен бүгінгі журналистиканың бет-бейнесі жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Қайнар Қалиакпарұлы, кезінде көрерменнің көңілінен шыққан біраз хабарлардың авторы болдыңыз. Ал қазіргі телевизиялық бағдарламаларға көңіліңіз тола ма?
– Қазақ телевизиясы тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында бағдарламалардың тәрбиелік рөліне көп мән беретін. Бірақ телевизия біртіндеп бұл рөлін жоғалта бастады да, бұрынғы салмақты, айтар ойы, публицистикасы, тәрбиесі бар хабарлардың орнын жеңіл-желпі, ойын-сауықтық бағдарламалар басты. Мұны көрерменнің сұранысы деп «ақталудамыз». Одан кейін бағдарламаларды журналистер емес әншілер жүргізе бастады. Менің ұғымымда әнші бағдарлама жүргізбеуі керек. Олардың міндеті – қонақ болып, әнін шырқау ғана. Әйтпесе әңгімелері тіршілік, арзан күлкі, киім-кешектің маңайынан ары аспайды. Осылайша қазіргі бағдарламаларда маңызды, елге қажетті дүниелердің барлығы ысырылып қалды. Әнші немесе әлеуметтік желіні шулатып жүрген адамдардың телевизияға келуінен журналистерге жұмыс істеу жеңіл болып кетті. Ал «Ел неге дамымайды?» деген сұраққа жауап беретіндей хабар жасау үшін журналист ізденуі қажет. Эфирде бет жыртысып, жалған махаббатты ойнайтын «Қалаулым» секілді жеке бағдарламаларға сырттан ақшаның құйылуы да сапаны жоғалтты. Мұндай бағдарламалар қазақты дамытуды көздемейді. Осындай алары көп те, берері аз шоулар телевизияның халық алдындағы үлкен жауапкершілігін азайтып жіберді. Қазір халық өзіне қажетінен адасып қалды. Бәлкім бұл ұлтты дамытпау үшін жоғарыдан жасалып жатқан қитұрқы саясат па екен, кім біледі?
– Бүгінгі газет беттерінен памфлет, фельетонды кездестіру қиын. Аталған жанрлардың жоғалуына не себеп?
– Журналистика факультеттеріндегі зерттеулерде «Оралхан Бөкейдің публицистикасы», «Ұлы Отан соғысындағы публицистика» деген секілді жалпылама тақырыптар жиі ұшырасады да, қазір бұл жанрлар терең оқытылмайды. Себебі оны оқытатын мамандар жоқ. Кезінде оқырман іздеп жүріп оқитын очерк, репортаж, суреттеме, памфлет, фельетонды студенттерге үйрету үшін оны жазып жүрген, зерттеген журналист, ғалым болуы керек. Ал бүгінде мұны зерттеп жүрген ешкімді байқамадық. Бұл тақырып зерттелмесе, оқулық қайдан болсын? Оқулық болмаса журфактың студенті памфлет пен фельетонды қайдан біледі? Аталған жанрлардың газет беттерінде жарияланбай кетуіне бас редакторлардың да белгілі бір дәрежеде қатысы бар. Фельетон нақты бір адамды немесе мекемені көркем тілмен, мәдениетті түрде әжуалап сынайды. Айталық журналист осындай бір фельетонды жазды. Ал бұл әлгі мекеме басшысына ұнамауы анық. Егер газет басшысы мықты болса, оны жариялайды. Көп жағдайда редакторлар мекеме басшыларымен ара-қатынасты бұзғысы келмегендіктен «аш құлақтан тыныш құлақ» деп мұндай дүниелерді шығара бергісі келмейді. Қазір қоғамда фельетонға сұранып тұрған оқиғалар көп. Мысалы, Түркістан облысындағы білім басқармасы, мектептегі былықтардан керемет фельетондар шығар еді. Фельетон – шеберлікті талап ететін күрделі жанр. Нақты цифр, факті бар, енді оған оқиға, сюжет ойлап табуың қажет. Кезінде Нүри Мүфтақ, Қажытай Ілиясұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Сақтапберген Әлжіков деген мықты фельетоншылар болды. Фельетоншылардың соңғысы Көпен Әмірбек еді.
Фельетон елдің ішіндегі жағдайларды баяндаса, памфлетке халықаралық тақырыптар өзек болады. Мысалы, қазір Иран мен Американың текетіресі, Израиль мен Палестинаның, Украина мен Ресейдің арасындағы соғыстан қаны тамып тұрған памфлет жазуға болады. Бізде памфлетті қойып Украина мен Ресейдің неге соғысып жатқанын, қандай шығын болғанын мемлекеттік ақпарат құралдары айтпады. Демек жоғарыдан келген тапсырма бар. Міне, осының барлығы журналистің аяғын тұсайды. Екіншіден, памфлетке де үлкен сюжет керек. Ал оны жазуға бүгінгі журналистердің шеберлігі жетпей жатыр.
– Бүгінгі журналистердің сауатсыздығын, олардың тіл тазалығын сақтамайтынын жиі айтып жүресіз. Сауатсыз журналистердің көбеюі кадр даярлау кезінде кеткен қателік пе, әлде басқа себептері бар ма?
– Әрине бұл жағдайдың бірнеше себебі бар. Біріншіден, журфакта «Қазіргі қазақ тілі» пәнін оқытпайды. Болашақ журналистерге қазақ тілін тереңірек оқыту өте қажет. Екіншіден, бүгінде аймақтардағы университеттерде журналистика бөлімі көбейіп кетті. Мұндай оқу орнын бітірген мамандар сол аймақтың тілімен сөйлейді, жазады. Оның үстіне көптеген жоғары оқу орындарында сабақ беретін білікті мамандар, ұстаздар жоқ. Кезінде журналист боламын дейтін жастардың барлығы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге түсетін. Бүкіл 19 облыстан келген жастар 5 жылдың ішінде диалект сөздерінен арылып, ортақ көркем тілге төселіп шығатын. Сондықтан менің жеке пікірім: аймақтағы журфактарды жауып, ҚазҰУ квотасын көбейткен дұрыс. Мықты іріктелген ұстаздардан ғана дәріс алғандықтан білім деңгейі көтеріледі, мамандардың сапасы артады. Журналист – ол мемлекеттің сарбазы. Үкімет осыны ескермей отыр. Қазір Украина мен Ресей соғысып жатыр. Шынын айтқанда бұл майданда тек екі жақтың әскері ғана соғысып жатқан жоқ. Ресейдің ақпарат құралдарын қарасаңыз Украина туралы неше түрлі бәлені үйіп-төгіп, ақпараттар таратуда. Украинаның журналистері де олардан кем түспейді. Демек, майданға журналистер де шыққан. Біз журналистерді идеологияда сөзбен ататын сарбаз ретінде даярлауымыз қажет. «Отан!» деп сөйлей алатын, осы тақырыпта өткір жаза алатын журналистерді тегін даярламайынша журналистиканың тілі түзелмейді.
– «БАҚ – төртінші билік» деген сөздің қазіргі таңда қаншалықты салмағы бар?
– БАҚ-тың төртінші билік болуына мен бұрыннан қарсымын. Біз билік құрып, үкім айтпауымыз керек. Бізге керегі басқарып отырған биліктің де, сол билікке наразы жақтың да пікірін халыққа жеткізу. Журналистиканың міндеті екі тараптың әрекетін, ойын түсіндіру ғана. Халық әрі қарай өзі шешім қабылдайды. Журналистиканың билікке ұмтылуының қажеті жоқ. Себебі билікке ұмтылған жерде журналистика ұтылады.
– Сізді кезінде мемлекеттік органдарға қызметке шақырғандар болыпты. Барлығынан бас тартыпсыз. Неге? Мемлекеттік қызмет еркін көзқарасыңыз бен шығармашылық ізденісіңізге шектеу қояды деп сескендіңіз бе?
– Қазақстан Президентінің Баспасөз қызметіне екі рет ресми түрде шақырту алғаным рас. Бірақ менің барғым келмеді. «Кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың» деген сөз бар. Билікке аяғың басылғаннан кейін адал журналист бола алмайсың. Себебі ол ортада көп нәрсені білесің, көресің бірақ айта алмайсың. Журналистер билікке мүлдем бармасын демеймін. Бір бөлігі қызмет етуі керек. Алайда мықты журналист болып биліктегі баспасөз қызметіне барсаң Бердібек Соқпақбаевтың «Сақау бәтеңкесі» секілді тілің «кесіледі». Сол себепті бас тарттым және бұл шешіміме өкінген емеспін.
– Компьютерлік ойындарға, ұтыс тігуге әуес болған екенсіз. Бұл құмарлықтан қалай арылдыңыз?
– Өте пайдалы сұрақ. Өмірден өткен Мұхтар Мағауин «Адам – пенде, ал пенде әлсіз» деген. Әр адамның ішінде пенде отырады. Ол адамды әр нәрсеге құмартқыш еткісі келеді. Бұл құмарлықты жеңу ағып жатқан суды тоқтату секілді өте қиын. Бірақ соны жеңе білген жағдайда ғана адам белгілі бір биікке көтеріледі. Менде құмарлықтың бірнешеуі болды. Ең әуелі темекені жеңдім. Компьютерлік ойындарға әуестігім 1992 жылдары басталды. Редакциядағы жалғыз компьютерден басталған әдет бірте-бірте күшейе түсті. Дегенмен жеңуге тура келді. Өйткені еңбекке, жазуға жұмсайтын уақытымның көбісін «ұрлады». Оның үстіне жас кезде айта беретін зиянсыз өтірікті де доғардым. Жаман әдеттен арылып, тазару үшін мақала жаза бердім. Шынайы жазсаң жаның тазарады екен. Шын жаза білген адамның бойында жанашырлық, тазалық, әділет болады. Адам өмірінің соңына дейін өзін өзі тәрбиелеп өтсе құмарлықты да, жаман әдетті де жеңе алады.
– «Зейнетке шыққан соң жазамын» деген дүниелеріңіз көп шығар...
– Қазір әр өңірде жастарға дәріс беріп жүрмін. Уақытымның көбісі осы іске кетіп жатыр. Шақырту болса Шымкенттің жастарына да дәріс беруге дайынмын. Одан бөлек ақпараттық порталдарға мақала жазып тұрамын. Бірақ «қоржынымда» жазылмаған жүздеген тақырып, материалдар жатыр.
– Тақырып жазуға түрткі керек шығар?
– Ия, әрине. Ең бастысы: журналисте сан қилы материалдардың қоры болу керек. Мен солай жинап қоя беремін. Қайсысына ақпараттық себеп табылса соны жазамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ