Досымбек ҚОНЫСБЕКҰЛЫ, медиаменеджер: Бой түзейтін буын қалмай барады

Oinet.kz 07-04-2026

Досымбек Өтеғалиевтің есімі миллиондаған қазақстандықтар үшін етене таныс десек артық айтпаған болар едік. Біле білсек, ұлттық журналистиканың әр саласында: тележурналистика, баспасөз, ақпараттық сайттар, радиода дәл  осы азамат сияқты сәтті жобаларды іске асыра білген кәсіпқойлар некен саяқ. «Қазақстан», «Хабар», «31 арна», «Алматы», «Шахар» телеарналарында диктор, тележүргізуші ретінде кеңінен танылуы өз алдына, Досымбек Қонысбекұлының даусы жарнама саласында нағыз брендке айналды. Бірқатар өте танымал телешоуларды жүргізді. Республикалық радионы басқарды. Елдегі жетекші сайттардың басын біріктірген «Қазконтент» АҚ басшылығында қызмет етті. Бүгінгі таңда бірқатар мерзімді басылым шығарып келе жатқан «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС-ын  басқарады. Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Биыл Досымбек Қонысбекұлы ердің жасы елуге толып отыр. Осыған орай мерейтой иесімен сұхбаттасудың сәті түсті. 

Screenshot_2-Photoroom.png

– Досымбек Қонысбекұлы, журналистикаға үш талпыныстан соң ғана келген екенсіз. Әуелі құрылысшы мамандығына түсіп, кейін  шаштараз мамандығын оқып бітірдіңіз. Журналистикаға дәл осы жолмен келгендер жоқ шығар, сірә.  

– Одан бөлек, мен кәсіби гүл безендірушімін. Сондай да мамандығым бар. «Училищені» бітіріп, дипломды алып Алматыда жарты жылдан астам шаштараз  болып жұмыс істедім. Сосын журфакқа түстім. Жатақханада жүргенде талай қыздар мен жігіттердің шашын алғанмын.  Журналистикаға араласқаннан кейін оны қойдық.  Содан бері әлі ешкімнің шашын қысқартпаған екенмін.

– Ұлттық журналистиканың қазанында қайнап келе жатқаныңызға отыз жылға жуықтаған екен.  Бүгінгі таңдағы осы саланың ахуалына, жай-күйіне баға беріп өтіңізші.  

–  Телеарналарды қарап отырып, кейде бір ой келеді. Қоғамда, елде болып жатқан өткір мәселелерді ашық айтып, еркін талқылайтын бір алаң болса екен дейсің. Бұл міндетті түрде оппозициялық бағыт ұстану дегенді білдірмейді. Негізінде ақпарат құралдарының басты мақсаты – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болу ғой. Егер шынымен солай болса, онда олар халықтың мұң-мұқтажын, проблемаларын билікке жеткізіп, ал биліктің сол мәселелерді шешу жолында атқарып жатқан жұмыстарын халыққа көрсетіп отыратын көпір қызметін атқаруы керек. Яғни, мәселелер ашық айтылып, ашық талқыланатын бағдарламалар болғанын қалайсың. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде ондай формат жеткіліксіз сияқты.

Әрине, адамдар онсыз да түрлі қиындықтардан шаршап жүргенде, телеарнадан немесе басқа ақпарат көздерінен тек жағымсыз жаңалықтарды айта беру де дұрыс емес шығар. Дегенмен, белгілі бір деңгейде ашықтықтың болғаны маңызды. Себебі шынайы, демократиялық журналистика елдің кері кетуіне емес, керісінше оның дамуына ықпал етеді деп ойлаймын.  Бірақ, қазіргі жағдайда оның қаншалықты мүмкін екені белгісіз. Біздің қоғамда билікке немесе жүйеге қатысты сын айтылса, бірден «оппозиция», «билікке қарсы» деген көзқарас қалыптасып кеткен. Ал шын мәнінде мәселе қарсылықта емес, мәселе – ашықтықта. Өкінішке қарай, осы ашықтық жетіспейді.

Осыған байланысты бір мысал есіме түсіп отыр. Біраз жыл бұрын маған облыстық телеарнаны басқару туралы ұсыныс түскен. Бірақ  одан бас тарттым. Себебі таңнан кешке дейін әкімді мақтап отыруға ниетім болмады. Сол кезде   «Аяқ қолды байламасаңдар жұмыс істеуге болады. Жергілікті жердегі проблемаларды, кемшіліктерді көрсетейік. Бұл әкімді жамандау үшін емес, нақты мәселені көтеру үшін қажет. Сол проблемаларды жергілікті билік шешсін, ал біз сол шешімдердің нәтижесін көрсетейік», – деген ұсыныс айтқан едім. Алайда ол қолдау таппады. «Әкімдіктің баспасөз қызметі не айтса, соны ғана көрсетесің» дегесін ол жұмыстан бас тарттым.

Негізі мұндай тәжірибе бұрын болған. 2000 жылдары «Алматы» телеарнасында жұмыс істеген кезімде біз қала тұрғындарының мәселелерін көтеріп, олардың қалай шешіліп жатқанын көрсететінбіз. Бұл журналистиканың шынайы пәрменділігін, тиімділігін байқатқан жақсы тәжірибе еді. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, ақпарат көбіне біржақты болып кеткендей әсер қалдырады. Соның салдарынан халық дәстүрлі ақпарат құралдарынан алыстап бара жатыр. Неге десек, онда ашықтық аз. Жұрт өз мәселелерін әлеуметтік желілерге жазуда. Кейбірі шешімін тауып жатса, енді бірі назардан тыс қалып жатыр. Дегенмен, әлеуметтік желілерге де толық сенім жоқ. Себебі онда фейк ақпараттар мен жалған жаңалықтар көп таралады. Халықтың бұған бірнеше рет көзі жеткендіктен, белгілі бір деңгейде сенімсіздік қалыптасқан.

Қазіргі таңда көп жағдайда хайп қуалау басым болып кеткен. Телеарна рейтинг үшін, газеттер оқырман үшін, ал сайттар қаралым үшін жұмыс істейтіндей көрінеді. Бұл дұрыс бағыт емес.  Жалпы, ақпарат құралдарына ашықтық қажет. Халықтың проблемаларын көтеріп, олардың оң шешім табуына ықпал ететін жүйе қалыптасуы керек. Сонда ғана журналистика өзінің шынайы миссиясын орындай алады.

6331ec90-12bf-4eb9-992e-7c6cbe08201f.jpg

–  Біздің көршілес Ресей журналистикасының алтын дәуірі ретінде НТВ телеарнасының дүрілдеген кезеңін айтуға болады. Ондай кезең бізде де болған ба? Жалпы, ұлттық журналистиканың сондай алтын дәуірі қайта келе ме, қалай ойлайсыз? Бұл тұрғыда болашаққа көзқарасыңыз қандай, оптимистік пе, әлде пессимизм басымдау ма?

–  Иә, ондай дәуір біздің елдің телеарналарында да болды. Есімде, тоқсаныншы жылдардың басында «Хабар» арнасы енді қалыптасып жатқан кезең. Тоқырау жылдары Жаңатас, Қаратау сияқты қалаларда отын жоқ, су жоқ, жылу жоқ, халық қатты қиналып жатқанда, осының бәрі күнделікті эфирде көрсетіліп отырды. Осындай проблемалы аймақтарға барып, жағдайды ашық көрсеткеннен кейін, билік тарапынан да әрекет жасалып, нәтижелер шыға бастады. Соның арқасында көрерменнің арнаға деген сенімі мен құрметі артты.

Мысалы, «31 арна» эфирінде «Тұжырым» сияқты бағдарламалар арқылы сол кездегі саяси, қоғамдық мәселелерді ашық талқылап, мүмкіндігінше еркін жеткізетінбіз. Бұл сол кездегі телевизия басшыларының ұстанымына да байланысты еді.  Әрине, жөнсіз сынау емес, бірақ халықтың көңіліне жақпаған мәселелерді ашық айтуға мүмкіндік бар еді.

Пессимистік көзқарас дұрыс емес шығар. Біз «Аллаға шүкір» дейтін халықпыз ғой. Мүмкін, журналистиканың алтын дәуірі қайта оралар. Дамыған, демократиялық ел болу – біздің мақсатымыз және ол тек сөз күйінде қалып қоймас. Әрине, абсолютті демократия деген болмайды, бұл тұжырым, тіпті, Американың өзінде де толық жүзеге аспаған. Бірақ ең бастысы проблеманы жасырып қоймай, ашық айту және көрсету керек.

 Демократияны «ойыңа келгенді айту» деп түсінбеу қажет. Барлығы кезең-кезеңімен қалыптасады. Қаласаң да, қаламасаң да, қоғамда өзгерістер болады. Бұл өзгерістер, ең алдымен, биліктегі адамдарға байланысты. Журналистиканың тағдыры да белгілі деңгейде биліктің қолында. Бірақ ол тек бір адамға ғана емес, оның айналасындағы командаға, тұтас жүйеге байланысты мәселе. Тіпті шағын мекеменің өзінде түрлі қиындықтар мен қайшылықтар болып тұрады.  Ал тұтас бір мемлекетті басқару, тұрақтылықты сақтау күрделі де қиын шаруа ғой.

–  Кеңес Одағы тұсында журналистика мен қаламгерлер арасында тығыз байланыс болған. Ал қазір бұл екі саланың арасы алшақтап кеткендей, оның орнын көбіне блогерлік басқандай көрінеді. Жалпы, бүгінгі журналистикада тұлға деп айта алатын өкілдер бар ма? Әлде қазіргі буын бұрынғы журналистермен салыстырғанда мүлде басқа қалыпта ма?

–  Рас, бұрынғы кездері ақпарат құралдарының  басшылық қызметтерінде көбіне қаламгерлер жүрді. Қазір медианың бағыт-бағдары айтарлықтай өзгеріп кеткендей. Бізде бүгінде салиқалы, салмақты дүниеден гөрі шоу мен ток-шоулар көрсету тиімді болып тұр. Телеарнаның барлығын рейтингке байлап қойды. Газет-журналдар болса қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Оқырман күн сайын азайып, басылымдардың жағдайы қыл үстінде тұр деуге болады. Әйтеуір,  газет туралы Президент оң пікір айтса, соған қуанатын деңгейге жеттік.

Телевизия бұрын журналистиканың бағыт-бағдарын айқындайтын негізгі құрал еді. Ал қазіргі телеарналарда   салмақты дүниеден гөрі ойын-сауық басым. Ойлы, терең пікір айтатын адамдар, қаламгерлер мен тарихшыларға қарағанда әртістерге, әнші-бишілерге, жалпы көпшілікке танымал жұлдыздарға көбірек орын берілетін болды. Күнделікті киноға түсіп жүрген әртістерді бағдарламаға шақырсаң, көрермен де соны көреді. Сөйтіп, сол бағытқа қарай ауып кеттік. Бұл үлкен проблема. Жалпы, журналистикада бүгінгі күні бой түзейтін буын қалмай барады.

«Эфирге шықпау үшін шашымды тақырлап алып тастадым»

– Істеген жұмыстарыңыздың, жобаларыңыздың ішінде жаныңызға ерекше жақыны қайсы? 

– Негізі, маған жаңалықтар жақын. Журналистикадағы еңбек жолымды осы саладан бастағандықтан шығар. Жаңалықтарда әрдайым «ритмде», «тонуста» жүресің. Күн сайын әлемде, елде болып жатқан жағдайлармен танысасың, соларды қадағалап қарайсың.  Алайда, көрерменнің есінде мен жаңалық жүргізушісі емес «Миллион кімге бұйырады» хабарын  жүргізген адам ретінде көбірек қалған сияқтымын.

Негізі, қазақ телевизиясына осындай интеллектуалдық бағдарламалар керек. Мен аталған жобаны жүргізіп жүргенде, осының қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Әрине, терең білім  болмаса да, белгілі бір нәрселерді біліп қаласың, жақсы мәліметтерді, деректерді естисің. «Миллион кімге бұйырады?» тек ойын емес, көшбасшылықты, интеллектіні дамытуға арналған бағдарлама болатын.

«XXІ ғасыр көшбасшысы» да жақсы бағдарлама. Мектеп бағдарламасымен шектелетіні болмаса осындай интеллектуалдық бағдарламалар жастар үшін өте пайдалы. Өте білімді жастарды көргенде қуанып, айызың қанады. Мықты балалар бар, бірақ өкініштісі олардың көпшілігі заман талабына сәйкес химия, математика сияқты ғылымдарға кетіп, әдебиетімізге, мәдениетімізге, өнерімізге, салт-дәстүрімізге аз көңіл бөлуде. Дегенмен, білімділер өсіп келеді. Жалпы, телевизияға интеллектуалдық бағдарламалар қажет деп ойлаймын. Олар ой өрісін кеңейтеді, жастарды білімге, логикалық ойлауға баулиды.

Screenshot_3.jpg

–   «Миллион кімге бұйырады?» демекші, біздің көрермендер отандық  нұсқамен қатар Ресейдегі Дмитрий Дибров, Максим Галкин жүргізген  шоуларды да  тамашалап үлгерді ғой. Өзіңізді осы танымал жүргізушілермен салыстырып көрген боларсыз? Оларға барынша ұқсамауға тырыстыңыз ба? 

 – «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасын жүргізу үшін кастинг өтті. Біз де қатыстық. Шынымды айтсам, іріктеуге қанша адам тартылғанын білмеймін. Кейін «осы бағдарламаны жүргізсеңіз» деген ұсыныс айтылды. Әрине, бастапқыда толқу, қобалжу болды. Себебі мен жаңалықтардың  жүргізушісімін, телебағдарламаларда сұхбаттар алып жүрдім.  Ал бірақ, «ток-шоу жүргізе аламын ба?» деп аздап күмәнданғаным рас. Жалпы, ол жобаны жүргізудің өзіндік бір тәртібі қалыптасқан. Дибров пен Галкиннің жүргізу мәнерін қарап шықтым. Олардан қандай-да тәсілді алғаным жоқ, өзімше бір жаңалық  енгіздім деп те айта алмаймын. Ең бастысы көрерменнің көңілінен шыққанын қалап, сол мақсатта жұмыс істедік. 

– Тележурналистикада еңбек еткен жылдарда  қызықты да есте қаларлық жағдайларды талай рет бастан кешкен шығарсыз. Естуімізше, тіпті, қайбір жылы  шашыңызды тақырлап алып тастаған екенсіз. Оған не себеп болды?

– Ол кезде мен «31-арнада» жұмыс істеп жүргенмін. Біраз жыл тікелей эфирде жаңалықтарды жүргіздім, бірақ одан да шаршайды екенсің. Күн сайын грим жасатудың өзі мезі ете бастайды. Ақыры эфирге шықпай,  продюсерлікке ауыстым. Мәтін қараймын, жаңалықтарды әзірлеймін. Бір күні кезекші диктор ауырып қалды, тағы бір жүргізуші демалыста екен. Содан редакторымыз маған жетіп келіп, «эфирге шығасың» дейді ғой. Үзілді-кесілді «жоқ, шықпаймын» деп қарсылық таныттым. Оны тыңдайтын редактор жоқ. «Шығасың, болды,  айттым бітті» деді де кабинеттен кетіп қалды.  Мен қалай да эфирге шықпаудың амалын жасауға бел будым. Сөйтіп, визажистер бөлмесіне барып, шашымды тақырлап алып тастадым. Мені көргенде редактордың көзі шарасынан шыға жаздады. «Не істедің, ойбай» деп аң-таң болды да қалды. Бәлкім, басқа басшы жұмыстан шығарып жіберер ме еді, бірақ сыйласып жүрген азамат болғандықтан оған бармады. Әйтеуір, сол жерде жүрген журналистердің біреуін бояндырып, эфирге шығарып жібердік қой.

– Соңғы рет диктор ретінде эфирге қашан шықтыңыз?

– Жақында ғана «Хабардың» 30 жылдығына ардагер диктор ретінде эфирге шықтым. Ал  тұрақты түрде жұмыс істеп жүргенімде 2007-2008 жылдары «31» арнаның жаңалықтарын жүргіздім.  

– Соңғы он шақты жылда біраз әріптестеріміз шетелде «Болашақ» бағдарламасымен  оқып келді. Осы жобаның ұлттық журналистикаға қандай-да әсері болды ма, қалай ойлайсыз? Шетелдің университеттерінде оқып, тәжірибе жинақтап келген журналистер нендей жаңалық әкеле алды?

– Шетелде оқып келгендер, мейлі «Болашақ» бағдарламасымен болсын, мейлі өз бетінше білім алып келгендер болсын, елдегі телевизия саласына айтарлықтай серпін беріп, оны түбегейлі дамытып жібергенін өз басым байқамаппын. Қандай-да бір ақпарат құралында серпіліс болып, көш бастауы, журналистикада топ жаруы шетелде оқып, тәжірибе жинақтаған мамандардың арқасы дегенді естіген емеспін. Олардың ықпалы айқын байқалып жатыр деп нақты айта алмаймын. Бәлкім, ондай таланттар бар  да шығар, білмеймін. Әрине, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген азаматтар ренжімесін. Бұл менің тек жеке пікірім.

– Соңғы жылдары танымал журналистерді Парламенттен, жергілікті мәслихаттардан жиі көріп жүрміз. Сізге де сондай ұсыныс түссе, баруға дайынсыз ба?

– Журналистердің Парламентте, мәслихатта депутат атануы қазір пайда болған тенденция емес, бұрын да бар еді. Қазір сол үрдістің жалғасы деп қабылдаймын. Журналистер қоғамның өкілдері ғой. Егер ұсыныс түсіп жатса неге бармасқа? 

– Көрнекті жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаев атындағы байқауды ұйымдастыру идеясы қашан, қалай пайда болды?  Қандай мақсат көзделді?  Биыл тоғызыншы рет өтетін жоба ұлттық әдебиетке, оның ішінде детектив жанрының дамуына қандай үлес қосты? Жаңа есімдер танылды ма?  Жеке өзіңіз қазақстандықтарға қай авторды, қай шығарманы ұсынар едіңіз?   

FB_IMG_1775537536914.jpg.jpeg

– Негізі бұл идея 2017 жылы пайда болды. Идеяның авторы – «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева.  Негізі детектив әңгімелер жариялау «Заң» газетінің алғашқы нөмірінен басталған. 1994 жылы қарашада газет шыққан кезде жарияланды. Сондықтан бұл «Заң» газетінің төл жанры деуге болады.

Бастапқыда қатысушылар саны аз болып, жүлдегерлерді марапаттауды 2018 жылға қалдырдық. Сол кезде Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіхановқа жолыққанымызда ол бірден қолдады. Жүлде қоры көп болмағанымен,  байқау жақсы деңгейде өтті. Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырғалы отырмыз. Әлбетте, қазіргі уақытта жүлде қоры да анағұрлым көбейді.


FB_IMG_1775537466363.jpg.jpeg

FB_IMG_1775537035584.jpg.jpeg

Қазақта детектив жанрында Кемел Тоқаевтан артық жазған ешкім жоқ. Бірақ,  детектив – ұлттық әдебиеттің кенжелеп қалған жанры еді. Осы байқау детектив шығармаларға деген қызығушылықты арттыруда үлкен серпіліс берді деп ойлаймын. Жылдан-жылға жазушылардың қатысуы көбеюде. Байқаудың ықпалымен тек осы жанрда жазатын авторлардың үлкен тобы қалыптасып,  жыл сайын тұрақты шығармалар жазылып жүр. «Шытырман» атты жинақ шығарып,  оған алғашқы төрт жылдағы үздік шығармалар  енгізілді. Алдағы уақытта және бір жинақты әзірлеуді жоспарлап отырмыз. 

–  Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан

Жандар КӨШЕНОВ

__________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

hf-1000x700-800x480.jpg

Әріптес пікірі

Серік Әбікенұлы:

Тыңдарман мен көрерменді тәнті еткен дүр-дауыс...

Өмір соқпағында жолығып, табысып, ақырында жаныңа демеу, көңілге медет бола білетін азаматтар сирек те болса ұшырасып тұрады. Солардың бірі – Досымбек. Доскең тек іні-дос емес, туған бауырымдай болып кетті. Екеуміз атқарған алуан қызмет те, жер шалғайлығы да сыйластыққа қылау түсіре алмады.

Қиқарлығымнан қызметті қиып кетіп, үйде қисайып жатқан кездерде «Ассалаумағалейкүм! Не жатыс?» – деп есікті шалқасынан ашып кіріп келетін осы Доскең еді. Гүр-гүр етіп, жан жадыратып кетеді. Даусын айтсаңшы! Бұл 1990 жылдардың соңынан беріде тыңдарман мен көрерменді тәнті еткен дүр-дауыс қой. «Осы дауыс сені асырап жүрген, әйтпесе құдай сүйер қылығың жоқ» деп қағытатыным бар. Қағытсам да, ұрыссам да «өй, қой» деп күліп қойып жүре береді. Қыңырлығы бір төбе. 2004 әлде 2005 жыл-ау, «Информбюроға» шығарушы редактор болды. Алдында қызметім ауысса эфирге шықпай-ақ қоямын, шаршадым деп шарт қойған. Е, мейлі, – дедім. Телевидение деген қым-қуыт дүние ғой, бір күні жүргізушілердің бірі ауырып қалды, бірі – демалыста. Досеке, қиын боп тұр, эфирге дайындал деп ескертіп, кабинетіме кеткем. 1 сағаттай айналып қайта шықсам редакцияда бөтен адам отыр. Сөйтсем... Досымбек. Әзер таныдым. Екінші қабаттағы визажист-шаштаразға барып шашын сыпыртып, басын айнадай жылтыратып қойыпты. Өй, өй... мынауың... деп күйдім де қалдым. Тақырбасты қалай эфирге шығарарсың, «Диктор керек!»  деп шыр-пырмын. Ол болса «Эфирге шықпайсың деп уәде бергенсің» деп ыржиып отыр. Не күлерімді, не жыларымды білмедім деген осындайда айтылса керек. Содан шұғыл түрде жастардың бірі эфирге шықты.      

Досымбек – отағасы. Шынары екеуі жатақхананың шынтақ әзер айналар бөлмесінен шаңырақ көтеріп бүгінгі абыройға бөленіп отыр.  Досымбек – әке. Әділбегі мен Еңілігін жетелеп жүріп  жеткізді. Досымбек – ата, кішкентай немерелерін көргенде күн тиген мұздай еріп кетеді. Астанаға бара қалсаң «мен Алиасқарды құшақтап ұйықтаймын, айда біздікіне» деп Әділбектікіне қарай сүйрей жөнеледі. Балаға деген мейірі «ХХІ ғасыр көшбасшысы» тележобасында да анық көрініп тұрады, әр оқушының іш-бауырына кіріп, көңілін жықпай, қанаттандырып тұрады. Досымбек – перзент! Әкесі Қонысбек ақсақалдың көзін көрдік, батасын алдық. Ауылына бардық, ағаларымен дәмдес болдық. Тек Доскең жалғыз қарттың, бір шаңырақтың  ұлы емес, тұтас әулетті тел емген, бәрін қанатының  астына алған, туған жеріне барынша қамқорлық жасаған азамат. Қазақтың «атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» дегені – тура, атақ-абырой, мансаптың адамгершілігін аздыра алмағанына қарап пендені бағалауға болады. Орындық ауыстырса айналасынан ажырап қалатын құбылма пейіл бұл бауырға бір тамшы бұйырмаған, ауылдағы кластас, Алматыдағы курстас, Түркістандағы дос, Астанадағы ағайын, т.б. ағылып келеді де жатады. Абырой деген осы. Адамдығы азса олай болмас еді...

Досымбек Қазақстанның беделді арналарының барлығында қолтаңбасы қалған даңқты тележурналист, тележүргізуші, газет-журналды шырқ үйірген  мықты медиаменеджер, экономиканы жіліктей алатын білімдар бола тұра таза шығармашылық болмысын сақтап қалған. «Сұңқардың соңы», «Жолаушы жолы», «Шоқанның мәңгі мекені» секілді деректі фильмдерге көз салғанда жүргізушінің образға кіргеніне қарап, Қожа ұқсап «Өліп кетейін, әртіссің» дегің келеді. Қазақ киносы бір тұлғасын жоғалтқан екен. Несін айта берейін, осының өзі Досымбекті тануға жетер. Артық жазсам өзге емес, өзі әжуа етеді. «Осы сен анық мен туралы айттың ба?» – деп.

Жан-жағын жымитып, шуаққа бөлей жүріп ол бауырым да 50 жасқа толып отыр. Адамдығың азбасын, кісілігің тозбасын, Шынарыңмен қолтықтасып жүзге жет, одан ары өт. Шөпшегіңнің ойыншығына шалынып құла, Досеке!

Алпысбай БОРАНБАЙҰЛЫ, сықақшы: Сатираның күші азайып барады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу