Енді сендерді қаласаңдар да, қаламасаңдар да жұмаққа кіргізеді
Бір еврей шал Ватиканды аралап жүрсе, бір жерде қырғын кезек боп жатқан көрінеді. "Бұл ненің кезегі?" деп сұраса, біреуі тұрып "Жұмақтан жер сатып алып жатырмыз!" деп айтады дейді. "Ә-ә, онда мен кезексіз кірейін, тозақты сатып алғалы келіп ем" деп әлгі жөйіт кимелеп, ішке кезексіз кіріп кетіпті.
Кірсе, Рим Папасы салақұлаш тізім жасап қойып, надан тобырға Жұмақтан "орынды" оңды-солды сатып жатыр екен.., еврей шал Тозақты тұтастай сатып алатынын айтыпты. Таза топастың өз аяғымен келгеніне қуанып кеткен Папа аузына түскен бағаны айтып, "Тозақты 10 мың күміс ділдаға сатамын!" дейді. "Жәрайды, тек заңды түрде құжаттандырып беріңіз!" дейді, еврей шал. Қолында бір діннің жоян мөрін ұстап отқан Папа лезде заңдастырып, жымдастырып, Тозақты тұтастай жөйіттің атына аударып беріпті.
Сосын не болды дейсіз ғой.., сосын, қолында заңды құжаты бар еврей шал далаға шығып, қырғын кезекте иттей ырылдасып тұрған надан тобырға қарап "Әй, халайық! Міне, мен Тозақты тұтастай сатып алдым! Енді сендерді қаласаңдар да, қаламасаңдар да Жұмаққа кіргізеді.., Тозаққа ешқайсыңды қабылдамаймын!" дейді, айғайлап.
Сол-ақ екен, әлі Жұмақтан орын алып үлгермегендер үйлеріне тарасып, орын алып қойғандар ақшаларын қайыра сұрап, әлгі жерде у-шу болады да қалады. Мәселенің ушығып бара жатқанын сезе қойған Папа еврей шалдан Тозақтың "заңды құжатын" қайтарып беруін өтінеді. Оған бере салатын еврей ме, "Ойбай, сатпаймын! Өзіме керек, таныс-жуықтарыммен өзіміз барып тұрамыз!" деп ат-тонын ала қашады.
Екі оттың ортасында қалған Рим Папасы амалсыздан Тозақты қайта сатып алғысы келетінін жұқалап отырып жеткізеді.
...сол кезде еврей шал Тозақты саудалауды 10 миллион алтын ақшадан бастаған деседі.
Қанат Ескендір