Айткүл Құдайбергенова: Басшылық құрметпен зейнетке шығуға мұрша бермеді

Oinet.kz 07-07-2022 1603

Screenshot_1.jpg

Айткүл Құдайбергенова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші

–  Айткүл Кәкімқызы, өткен күннен сыр шерте отырсақ. Қанат аға екеуіңіз қазақтың халық әндерін ең алғаш болып дуэтпен орындаған жұлдызды жұпсыздар. Жалпы дуэт қалай құрылды, жаңа бағыттағы  жұпты тыңдарман қалай қабылдады? 

–  Мен 1975 жылы Алматыдағы жастар эстрада-цирк студиясына атақты  халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класына оқуға түстім. Қанатпен осы студия қабырғасында жүргенде таныстық. Ол Құбыш Мұхитовтың күй класында  дәріс алатын.  1977 жылы екеуміз оқуды үздік бітіріп, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қарағанды облыстық филармониясының жанындағы  «Гәкку» жастар эстрадалық ансамбліне жұмысқа шақырылдық. Ол кезде «Гүлдер» ансамблі мен «Гәккудің» атағы дүркіреп тұрған. Осы керемет ұжымда біз кәсіби сахнада шыңдалып, өнердегі жолымызды қалыптастыра бастадық. Ұжымда неміс, орыс, қазақ, сиқыршылар, ергежейлілер секілді 7-8 топ болды. Ел мен жерді аралап концерт беру жағынан филармония «Москонцерттен» кейінгі орында тұрды. Осындай гастрольдің бірінде бірнеше әртісіміз ауырып қалды да, концерттің лимитін толтыру керек болды. 

Концерт тұп тура 1 сағат 35 минутты құрауы керек. Сөйтіп не керек сахнаға Қанат екеуміз шығатын болдық. Жастардың ортасында  екеуміз екі дауыста  «Көңіл сыры» деген әнді  шырқап жүретініміз бар еді. Алғаш рет осы әнді дуэтпен үлкен сахнада орындап шықтық. Елге қатты ұнады.  Кейіннен дуэтке лайықтап «Желбір жекен» әнін шығардық. Осылайша әндеріміз халықтың сұранысы ие болып, дуэтіміз ел ықыласына бөленді.  1983 жылы  марқұм ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері,  сол кездегі «Гүлдер» ансамбілінің директоры Ғабиден Кенжебекұлының шақыртуымен «Гүлдерге» ауыстық. Жаңа ансамбль бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Әлі есімде сол кездегі Мәдениет министрі Еркінбек ағамыз біздің шырқаған «Әгугай домбыра» әнімізді ұнатып, шығармашылығымызға қолдау көрсетті.  Кейіннен бұл қызметке өзге басшы келген соң бұл әнді дәстүрлі ән емес деп онша жарытпады. 

«Халық әндерін дуэтпен айтпайды», «ерлі-зайыптылардың бірге ән айтқаны несі» дейтіндер де табылды.  Бірақ біз бірге ән айтуды тоқтатқан жоқпыз. Одан кейін  көптеген конкурстарға қатысқымыз келді. Алайда бірі біздің әнімізді эстрадаға жатқызса, енді бірі халық әні деп қабылдамады. Бір сөзбен айтқанда біздің бағытымызды ешқайсысы айқындап бере алмады. Оның себебі біз сол кезде  дәстүрлі әндерге заманауи бояу беріп, сол заманның жаңаша көзқарастағы әншілері болдық.  Кейін дәстүрлі әнші болып қалдық қой. Алайда бізді әрдайым халық қолдады. 

–  Шетелде көп болдыңыздар. Соның ішінде  қазақ өнеріне ерекше баға берген қай ел болды?

–  Санап қарасам отыздан аса мемлекетте болыппыз. Бәрі де қазақ өнерпаздарын жылы шыраймен қарсы алды. Әсіресе, жапондықтар домбыраға қатты қызықты. Қытайға барғанда да бізді ерекше ықыласпен тыңдап, жоғары бағасын берген болатын. 

– Телеарналардан  бейнебаяндарыңызды көрмеппін.  Қазіргі жастарға дәстүрлі, қазақ әндерін насихаттау үшін, жас тыңдармандардың қатарын көбейту үшін неге әндеріңізге бейнебаян түсірмеске...

– Сұрағыңыз орынды. Бүгінге дейін «Әгугай домбыра» әнінен басқаға  бейнебаян түсірмеппіз. Негізі бейнебаян дегенге мән бермейді екенбіз. Қазіргі жастарға дәстүрлі әнді таныту, тыңдату үшін бейнебаян керек те  шығар. Бұйыртса бұл іске кірісетін боламыз.

– «Өз үйім» телехикаясына түсіп, актерлік қырларыңызбен де танылдыңыздар. Осыдан кейін кино әлеміне шақыртулар болды ма?

– «Өз үйім» мен үшін ерекше жобалардың бірі болды. Киноға тек өнердегі ерлі-зайыптылар ғана түсті. Жоба жетекшілері жұлдызды жұптардың ата-аналары кім болады дегенде ойланбастан бізді таңдаған екен. Қазақ сахнасында Қанат пен Айткүлдің дуэті шыққаннан соң ізімізді қуған жұбай әншілер көптеп шыға бастады. Өмір мен өнерде де қол ұстасып жүрудің өзіндік қызықтары болады. Сериалдың көрерменге жеткізгісі келгені осы болған шығар. Біз актер болмасақ та талай жыл саханада өнер көрсетіп жүрген кәсіби әншілерміз. Сондықтан киноны жатсынған жоқпыз. Оның үстіне біз кинода өмірдегі рөлімізді ойнап шықтық. 

–  Ерболат Құдайбергенов сахнаға неге шықпай кетті? 

–  Ерболат эстрадаға өзінің ерекше қолтаңбасымен келген,  Қазақстанға алғашқы рэп жанрын  әкелген жігіттің бірі ғой. Тыңдармандар оны жиі сұрап тұрады, көрерменнің сағынғаны байқалады. Қазіргі таңда Ерболат көп уақытын студияда өткізеді. Музыкалық жобаларын жасауда. Бірақ шақырған жерден қалған емес. Концерттерге жиі болмаса да шығып жүр.  

– Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониядан зейнет жасына жетулеріңізге байланысты  «жұмыстан шығарып жатыр» деп фейсбук парақшасында реніштеріңізді жеткізіп, елдің пікірін сұраған едіңіздер. Бұл мәселе қалай шешілді?

– Сүйінбай атындағы Алматы облыстық  филармонияда табандай  47 жыл еңбек еттік. Зейнетке шығуға 3 күн қалғанда Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан «зейнет жасына жеткендер  арызын жазып жұмыстан шыға берсін» деген хабар келді.  Шынымды айтсам басшылардан мұндайды күтпедік. Күзге жақын халық алдында есеп беру кешімізді өткізіп, филармония ұжымымен әдемі қоштасып кетерміз деп жоспарлап жүрген едік.  Қанат эмоцияның адамы ғой, бұл жағдай ауырлау тиген соң фейсбукқа болған жағдайды жазып, «осы дұрыс па?» деп елдің пікірін сұрап жазба қалдырды. Болған жағдайдан соң  басқарма басшысы Марлен Қапашұлының алдына кіріп «Біз кеше ғана келген әртістер емеспіз. Ел алдында жинаған абыройымыз, сыйымыз бар. Сондықтан халықпен, ұжыммен кешімізді өткізіп, қоштасып кетуге хақымыз бар шығар» деп зейнетке құрметпен кетсек деген ойымызды айттық.  Бірақ біздің ойлағанымыз болмады. Реніштің болғаны рас. Сөйтіп филармониядан кеттік.  Кейін артымыздан салтанатты шеру жасап шығарып салды ғой. 

– «Қазір қай сала болмасын атақ алу оңай болып кетті.  Жасы да, кәрісі де медальдан құр қалып жатқан жоқ» деген пікірлер жиі айтылып жүр.  Келісесіз бе? 

– Жалғыз өнер емес қай салада болмасын жалпы елі үшін еңбектеніп жүрген, қазағым деп шапқылап жүрген барлық азаматтарымыз медаль болсын барлық марапатқа лайық деп есептеймін. Кеңес одағы кезінде атаққа жету, медаль алу өте қиын еді. Енді егемендігімізді алғаннан кейін неге марапатты аяуымыз керек, неге жәйғана темірді қызғануымыз керек?! Бұл жерде бастысы көңіл мен ынталандыру. Мысалы, мұғалім, дәрігер , жазушы, өнер адамдарының бәрі де атаққа лайықты. «Ойбай ол неге медаль алады, лайықты емес» дейтіндер болса, қоя бер, ала берсін. Бастысы халық өзі төрелігін береді. Алайда  медальді  жасына сай берсе деймін. Мәселен, жасы үлкен адамға лайықты медальды жастарға бергені ыңғайсыз болады. Осыны шатастырмау керек. 

– Сахна немесе сахнадан тыс болсын басыңыздан орамалыңыз түскен емес. Кейде кимешекпен байқап қаламыз. Оның үстіне бір сөзіңізде кимешекті насихаттап жүрмін депсіз...

– Тәуелсіздіктен кейін «Қазақ мұсылман әйелдері» қоғамы құрылған болатын. Оны әнші, педагог Әмина Нұғманова апамыз басқарды. Ұйымның өркендеуіне белгілі этнограф, ақын Ғалия Аюпова да көп еңбек сіңірді. Ғалия Қайдауылқызы  жалпы кимешекті зерттеп, түрлерін жинап жүрген жан. Ол өзі 40 кимешектің түрін ойлап тауып, тігіп шықты. Оның альбомын да жасатты.  Жақында мемлекеттің қолдауымен тағы бір альбом шығарғалы жатыр.  Сол ұйымға мен де мүше болып біраз жүрдім. Бірде Ғалия Қайдауылқызына сахнаға кимешекпен шыққым келетінін айтып, кимешек тігіп беруін өтіндім. Ол да келісе кетіп, тігіп берді. Сөйтсем маған тігетін кимешегі ол кісінің түсіне аян болып кіріпті. Алматы облыстық филармонияда концерттердің біріне алғаш рет кимешекті киіп шықтым. Концерттен соң ұжымдағы қыздар «Айткүл неге кимешек киесің, өзіңнің бөркің әдемі ғой» деп қарсы пікірлерін айтқан соң Ғалия апама келіп «Жұрт дұрыс түсінбей жатыр, кимешекті дәріптеу үшін енді өлең жазып беріңіз» дедім. Сөйтіп «Ақ кимешек» әні туып, оны сахнада орындап шықтық. Қазір 5 кимешегім бар. Сахнаға киіп шығып тұрамын. Менің мақсатым  – қазақ әйелдерінің көркін ашқан ұлттық киімді көпшілікке насихаттау. Себебі  әйел адамның бағы – басында, басындағы кимешегінде. 

– Шығармашылықтарыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Жоғарыда атап өткендей алдағы уақытта жаңа форматта жеке ән кешімізді өткізуді жоспарлап отырмыз. Шығармашылықтан басқа қоғамдық жұмыстарға да қатысып тұрамын. 

Сұхбаттасқан Айнұр Асанқызы

Әбдіқадыр Сабыр: Кейіпкерлерім секілді достарым жоқ
Енді сендерді қаласаңдар да, қаламасаңдар да жұмаққа кіргізеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу