«Еркектер жүрген бір сорлы»: Танымал актер қазақстандық фильмді сынады

Oinet.kz 18-11-2024 502

Актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов әлеуметтік желідегі парақшасында жақында жарық көрген фильмді сынап тастады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_3.jpg

Өнер иесі фильмде әйелдер батыр, ал еркектер нәзік жандылардың дегенінен шыға алмайтын сорлы екенін айтып, ашуланды.

"Жақында кинотеатрдан "Жезтырнақ" деген фильм көрдім. Киноның жетістіктері, жалпы тартымдылығы кәсіби деңгейде. Оған дау жоқ. Актерлардың ойыны, кадрдан кадрға ауысуы, бүкіл бет-пішін", көзқарасы бәрі өз орнында. Актерлық ансамбль бар, Досжан Жанботаевтан бастап, Қарабалиндер, жас бала, басты рөлді ойнаған қыз да, бәрі де өз орнында, сендірді. Оператордың да жұмысы өте жақсы, режиссер да актерлармен жұмыс істей алған, тапсырма дұрыс қоя біледі, актерлар да өз рөлдеріне сай келіп тұр. Бірақ менің айтайын дегенім бұл емес еді. Жалпы фильмнің мазмұны, идеясында ойланатын дүние бар. Бұл кинода әйелдер бәрін қырып салады, еркектер бір жүрген сорлы. Еркек емес телпек, жігіт емес мілік. Әйелдердің айтқанынан шыға алмайды, әйелдің өзінің барлық физикалық күшін көрсетіп, сол жерде жеңімпаз болады. Әйелдің қаруы оның күші ме? Әйелдің қаруы - жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, сабырлығы, ақылдылығында емес пе? Әйел затының көз жасының алдында ерімейтін қара тас жоқ. Кез келген еркек әйелдің алдында оның әлсіздігін көргендіктен, оны құрметтейді, қадірлейді. Ал енді қазір әйел мен еркектің орны ауысып бара жатқан секілді. Отбасыда әйелдің басшы болуы, ертең мемлекетті де әйел басқарады дегенге әкеліп тұр. Енді өздеріңіз ойлаңыздар. Осы жерді қорғайтын баланы рухты, намысты, мінезді ұрпақ қылып қалай тәрбиелейміз. Мектепке келеді, мектептің көбі, ұстаздардың 70-80 пайызы әйел адамдар. Біздің ел бүгінде ажырасудан алдыңғы ондыққа кіреді. Әкесіз, анасының қолында, әйелдің тәрбиесімен өскен балалар, мектепте де сол", - деді ол.

Оның айтуынша, фильм азаматты елін-жерін қорғауға тәрбиелейтін, патриоттық сезімді оятатын көркем дүние. Сондықтан фильм саласында ойландыратын дүние көп.

"Енді киноға келетін болсақ, кино деген көркем дүние ғой, ол бір мемлекетшілдікке, елдікке, патриоттық сезімді оятып, елін-жерін қорғайтын, рухты азаматтарды тәрбиелейтін орын деп ойлаймын. Ал бұл жерде де сол әйел белең алып, үстемдік қойып жүр. Жалпы әйел ежелден, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша, отанасы, үйдің шамшырағы, жары келгенде тамағын дайындап, үйін таза ұстап, жылы қабақпен, күлімсіреп қарсы алады. Ертең күйеуі үлкен биіктерді бағындыратын кезде, оған бір демеу, мотивация беру. Еркек дүниедегі барлық ісін әйел затына дәлелдеу үшін жасайды ғой. Сондықтан әйел мен ер адам өз орнында болса, біздің қоғам да, мемлекетте дамиды деп ойлаймын. Қазір көптеген фильмдерді жекеменшік студиялар түсіреді, енді олар ақша өзіміздікі деп, неше түрлі дүние түсіреді. Осыған байланысты кино саласында да ойланатын көп дүние бар. Менің киноға айтар пікірім осы", - дейді актер.

«Неге менің бағым жанбай жатыр?» Баян Мақсатқызы шәкірті Ерке Есмаханның өткенін еске алды
«Сәкен Майғазиев қоңырау шалды»: Жанель Мақажан «Қалаулымға» неге барғанын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу