Әбдіқадыр Сабыр: Кейіпкерлерім секілді достарым жоқ

Oinet.kz 07-07-2022 1563

Screenshot_3.jpg

Әбдіқадыр Сабыр, аниматор-режиссер, сценарист

- Әбдіқадыр Біләлұлы, мультфильм тәрбие құралы екені белгілі. Осы орайда биылғы «Балалар жылында» мультфильм саласына көңіл бөлініп жатыр ма немесе үкіметке айтар ұсынысыңыз бар ма?

- Қазіргі таңда отандық мультфильм саласы дамып жатқан жоқ деп айтуға болмас. Үкімет көңіл бөліп, қаржы да құйып жатыр.  Алайда мультфильмнің сапасына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Туындының  маркетингі , менеджементі барлығы ойластырылған болуы керек. Ал біздегі мультфильм саласына құйылып жатқан ақша ауаға кетіп жатыр.  Яғни ақшаның қайтарымы жоқ.  Мәселен «Балапан» телеарнасында бір мультфильмге бөлінетін қаржы  көп және аз деп те айта алмаймын.  Ол туынды экранға жол тартқанға дейін қаншама конкурс, тексерістен өтеді.  Арасында әртүрлі халықаралық фестивальден жүлде алып жатқандары да бар. Бірақ мәселе осыншама електен өткен мультфильмдер  қаржысын  ақтай алмауында. Қанша жерден гран-при алса да қаржысын ақтамағасын мен ол туындыны сапалы деп айта алмаймын. Сондықтан біз бірінші кезекте  нарықтық экономикаға бейімделуіміз керек. Халықаралық деңгейдегі қазақ мультфильміне бір ғана оюды немесе қазақша бір сөзді кіргізсек сол арқылы біз қазақ тілін жарнамалаймыз әрі ұрпақты тәрбиелейміз.  Ең бастысы ол қаржы түсіретін кассалық туынды болуы керек. Егер кассалық туынды болмаса оған құйылған қаржы құмға құйған сумен тең. Сондықтан бұл жерде менің басты ұсынысым  мультфильмге инвестиция салу керек.  Тек қана үкімет емес инвестиция құюға жеке кәсіпкерлерді де тарту керек. Айта кетерлігі, құйылған қаржыдан ешқандай салық ұсталмаса игі еді.  Одан кейін кинотеатрларда табыстың 50 пайызын дистрибюторлар алып қояды. Оларға да мән беру керек.  Және туындыны прайм тайм уақытта көрерменге көрсетсе табыстың еселенуіне жол ашар еді.  Яғни бұл жерде инвестор, продюссер, дистрибютор  өзара келісім жасасса табыс та ортақ дүниеге айналады.  Өкініштісі  бізде осындай еркіндік жоқ.  Істеймін деген студияларға , идеясы бар адамдарға  мүмкіндік беріп,  мультфильмнің дамуына инвесторлар да ат салысса  қазақ мультфильмі дамиды.  Одан кейін балаларға бір ғана «Балапан» аздық етеді.  Жас ерекшеліктеріне қарай тағы үш төрт телеарна ашу керек. Бұл бәсекелестікті арттырады. Ал бәсекелестік сапаға жол ашады. 

Осы секілді ұсыныстарымды кезінде үкіметке  айтқанмын. Вице-министрден бастап оның жауапты хатшысы, комитеттің басшылары, депутаттармен де жолығып, жобаларымды көрсетіп, ойымды айттым. Өкінішке қарай олар маған қандай мультфильм түсіру керектігі туралы ақыл айтқаннан басқа көмектері тиген жоқ.  Дұрысы  олар мені түсінбеді. «Балапан» телеарнасына былтыр күзде басшылыққа келген , өзінің мінезімен, адалдығымен ұстанынымен көзге түскен мықты журналист Қымбат Досжаннан үлкен өзгеріс пен үміт күтемін. Оның осы қызметке келгенде «мен қызметке келдім деп қуанбаймын балалар алдындағы жауапкершілікті арқалап жүре аламын ба деп алаңдаймын» деген сөзі оның бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап отырғандығын аңғартады.  Тек  енді оның қасына мықты мамандар керек. Кеңес беретін  мамандардың қатарында тек қана мультфильм саласының мамандары емес  жазушы,  композитор, педагог, психологтар болу керек. Сонда ғана біздегі мультфильмдердің сапасы артады. Тек қана «Балапан» арнасы  емес  «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы», «Қазақфильмге» де осындай мамандардан құралған кеңесші топтар жетпей тұрғанын айту керек.  Егер «Қымбат Досжанның көмекші, кеңесшісі боласыз ба?» деген ұсыныс түссе өз басым қуана қабыл алар едім.  Өйткені  тәжірибем мен әлемдік балалар мультфильмдерінің бағытын зерттеп, диссертация жазған азамат ретінде, көп жылдық тәжірибесі бар маман ретінде азда болса көмегім тиер деген ойдамын.  

 - Сіздің туындыларыңыз қаржылық жағынан өз-өзін ақтап жатыр ма? 

- Ақтап жатыр деп айта алмаймын. Өйткені мен алғашқыда бұл бағытқа жұмыс істеген жоқпын.  Кассалық туындыны жасауға  енді  кірісер кезде жұмыстан шеттетіліп қалдым. Өйткені мен өз өзін ақтау тақырыбын көтергеннен бастап бөтен адамға айналып шыға келдім және менің ойымды күлкіге айналдырды. Бұл салаға ғашық болғаныма 28 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында жинаған тәжірибеммен қай туынды, қай кейіпкерім болмасын болашақта өзін-өзі ақтап, пайда әкеледі деп сенімді түрде айта аламын.  Сол кезде мен  жас мамандарды тәрбиелеп, жұмыс орындарын ашамын. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі  азаматтарды да  жұмыспен қамтимын деген бизнес жоспарым да бар.  

- Қазақта  небір  талантты аниматорлар болды және бар. Бірақ қазақ мультфилімінің көсегесі әлі көгермей келеді.  Атақты аниматор Уолт Дисней  алғаш осы салаға кіріскен кезде, яғни студиясын  құратын кезде қомақты қаражаты болмапты, нөлден бастады десе де болады.  Азғантай ақшамен небір шедевр туындыларды жасады. Айтпағым біздегі кедергі тек қаржы мәселесі ме әлде басқа да тұсаулар бар ма? Біздің мамандарға жетіспей жатқан не нәрсе?

– Америкада  кез-келген еңбек сатылады. Уолт Диснейдің де жолын ашқан осы өмірлік қағидалары.  Оның  артықшылығы  өнер адамы және бизнесмен ретінде жұмыс істеді.   Жасаған еңбектерін сата білді.  Ал біз  сата аламыз ба? Бізде ешкім мультфильмді сатып алмайды.  Сатып алған күннің өзінде ол қаржы сіздің сол туындыға жұмсаған қаржыңызбен уақытыңызды ақтамайды. Біз керісінше  жобамызды телеарнаға беру үшін экранның уақытын сатып аламыз.  Сондықтан мен білетін  мықты  аниматорлардың көпшілігі уақытында бұл саладан кетіп қалған. Ал қазіргі аниматорлар ұрпақтар сабақтастығы жоғалған сәтте пайда болған жарнаманың төңірегінде жұмыс істейтін жас мамандар. Олар  мультфильмнің физикалық,  стилистикалық заңдылықтарын  түсіне бермейді.  Қазіргі мультфильмдердің көпшілігі  3D форматта жасалып жүр.  Барлығы бір типті.   Ұлттық фольклор, әдебиетімізді әлемге танытамыз деп айналып келіп  батырлар туралы мультфильм түсіруде. Киіміне ою жапсырып қойып батыр жасап алады да оны жауға қарсы қойып, соңында барлығын қырып-жояды. Мұндай мазмұндағы туындылар  баланы патриоттыққа емес жауыздыққа тәрбиелейді. Қазір мультфильмнің негізгі идеясынан, ұстанымынан ауытқтып барамыз. Мұны  талай жерде айтып  жүрмін. Бірақ «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей сөзімді еститін құлақ болмай тұр. Қазір менің бір шетте қалып кеткен себебімде сол шығар. Менің жолымда кедергі болған тағы бір жәйт ол таныс-тамыр, рушылдық мәселесі. Біз ру үшін емес ұлт үшін жұмыс істесек деймін. «Қазақфильм»  киностудиясында жұмыс істеп жүргенімде  бас директор «Әбеке, кабинетті босатып анимация бірлестігіне барып солардың қатарына қосылсаңыз» дегені бар еді. Мен сонда «сынықтан басқасының барлығы жұғады.  Мен өзімнің қолтаңбаммен қалғым келеді»  деп  едім, «Ашық айтқан ойыңызға рахмет, түсіндім, отыра беріңіз» деп әрі қарай жұмыс істеуме мүмкіндік берді. Айтпағым  әркімнің өз стилі, қолтаңбасы болуы керек. Жас аниматорлар осыны ескерсе деймін. 

- Инвесторын күтіп жатқан туындыларыңыз көп пе? 

- Мен бұған дейінгі мақалаларымда, әлеуметтік желілерде  «Төбетай», «Ақбөкендер», «Бәйтерек қасиеті»  мультфильмдері туралы  қысқаша аннотация жазып,  инвестиция құйылса  2-3 жылда қаржылай пайда әкелетін жобалар екенін айттым.  Бірақ сол күйі инвестор табылмады.  Жалпы елімізде  мультфильм туралы түсініктің  жоқтығы мені қатты қынжылтады . Мультфильм десе кішкентай  баланың тірлігі деп қабылдайды. Ал мультфильм үлкен металлургиялық зауыттан асып түспесе кем түспейтін үлкен өндіріс орны екенін түсінетін уақыт жетті. Студент кезімде еврей профессордың айтқаны есімнен кетпейді. Ол  Кеңес Одағының  экономикасын көтерген үштікті атап еді.   Біріншісі қару жарақ саудасы,  екіншісі арақ-шарап, темекі өнімері, үшіншісі мультфильм. Көрдіңіз бе, елге астық,  алтын, мұнай емес мультфильм пайда әкелген.  Түсіне білген адамға  мультфильм пайданың көзі.  Егер нарықтық орта қалыптасып,  үкімет те , инвесторлар да   бізбен бірге  жұмыс істейтін болса  5-10 жылдан кейін құйған қаржыларын еселеп қайтаратын болады.  Мен сізге бір мысал айтайын, Ресей Президенті Владимир Путин   мультфильм саласына кезінде 6 миллиардқа дейін қаржы бөліп, қолдауды тапсырған. Алғашқы жылдары тек қана шығын бола бергесін  айналасындағылар президентке инвестиция құюды тоқтатуды сұраған. Сонда Путин «Жоқ, тоқтатпаңдар, ақшаны құя беріңдер» дейді. Көп ұзамай мультфильмдерден алғашқы пайда түсе бастайды. Одан кейінгі жылдары пайда еселене түскен. Қазіргі Ресейдің брендіне  айналған «Маша мен аю», «Смешарики» секілді  туындылар осындай қолдаудың арқасында экранға шықты.   

- Қазақ мультфильмдерінен байқағаным кейіпкерлерге жалқыдан гөрі жалпы есім беруге құмар. Мәселен жәй ғана қошқар, теке, ботақан деп атай салады. Мәселен неге сол текеге нақты есім бермеске. Кейіпкерлердің жалқы есімдері болса  балалардың есінде тез сақталады екен. Шетелдік мультфильмдерді қарайтын болсақ барлық кейіпкердің өз есімдері болады. Мәселен Том, Джерри, Дональд т.б.  

- Сұрағыңыз өте орынды. Бірақ бұл жерде тағы да біздегі мультфильмге деген көзқарас, мәдениеттің дұрыс қалыптаспағандығына келіп тіреледі.   Қазақтар бірін-бірі кекетуге, мұқатуға жақынбыз. Мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Бала күнімде  топмақтау болдым.  Қозғалысым аюға ұқсағандықтан барлығы мені аю дейтін. Мектептегі  іс шараларда ылғи  аюдың рөлін ойнайтынмын.  Содан менің Әбдіқадыр атым ұмытыла бастап аюға айналдым. Мен бірақ ешкімге ренжімейтінмін. Сол секілді  мультфильмінің  кейіпкері текені Мақсат деп атайтын болсақ ертеңгі күні Мақсат есімді баланы барлығы теке деп келеке етеді. Ал мұндай қалжыңды біреу көтерсе енді бірі көтере алмайды. Сондықтан кейіпкерлерге жалқы есім беру актуальды мәселе болып тұр.  Ал бірақ өзіңіз айтқандай жалқы есімдер балалардың есінде тез сақталып қалады. Сондықтан кейіпкерлерге нақты есім беруге көшуіміз керек. Әзірге бұған біздің  менталитет кедергі болып тұр.  

- Бүгінге дейін көптеген туындыларды жасадыңыз. Қиялыңызда тағы қандай кейіпкерлер жүр?

- Идеялар өте көп. Мультфильмді қатты сүйгендіктен бар уақытымды, күш-жігерімді осы салаға арнап келемін.  Мультфильмнің арқасында адамның қиялы шексіз екеніне көзім жетті.  Мен тек өзімнің персонаждарыммен сырласа аламын,   сөйлесемін. Солармен дос боламын. Шынайы өмірде  сыйласатын адамдарым көп, бірақ кейіпкерлерім секілді достарым жоқ.  

- Бүкпесіз сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұр Асанқызы

"Өмір сүргім келеді": 15 жылдан бері есірткіге тәуелді келіншек
Айткүл Құдайбергенова: Басшылық құрметпен зейнетке шығуға мұрша бермеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу