Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Жаза. Қылмыстың өтеуі. Бірақ қателіктің емі емес. Білмеу адамның жауы болғанмен, оны үйренбеуді қалыпты санағанға дейін байқалмайды. Әрбір өзін тануға ұмтылған адам балалық шағындағы қалыптасу кезеңімен бетпе-бет келеді. Біреуге ауыр кезең. Біреуге бақытты сәттер жиынтығы. Қандай отбасыда дүниеге келетінін адам өзі таңдамағандықтан – жақсылық жасауға ұмтылатын адамдардың ортасында өсу лотореядан жеңген ұтыспен тең. Сіздің перзентіңіз де өмірдің лотореясында жеңімпаз болуы үшін не істей аласыз? Осы тақырыптың ауқымында отбасылық кеңесші, 5 кітаптың авторы Елжас Ертайұлымен диалог құрдық.
– Жуырда педофилдың құрбанына айналған балалар туралы фильм қарап едім. Сонда балалардың тарапынан көмекке шақыру нотасын агрессиямен шатастырады. Бала бойындағы агрессия мен стрессті қалай ажыратуға болады?
– Балаға жақпайтын, ұнамсыз әрекет жасалғанда өзін-өзі қорғайтын ішкі рефлекстері болады. Өкінішке орай, ата-аналардың педагогикаға қайшы әрекеттері немесе жасаған қысымдарының нәтижесінде балалар осы рефлекстерінен айрылып қалып педофильдің немесе басқа да жаман адамдардың шабуылына ұшырағанда өзін-өзі қорғай алмай қалады. Сондықтан баладағы өзін-өзі қорғау рефлексі бұзылмауы керек. Оның бала бойында болғаны қалыпты. Кейбір жағдайда ол агрессияға ұқсас форматта болуы мүмкін. Яғни бала айқайлауы немесе тістеуі, ұруы, тіпті тебуі мүмкін. Осы іспетті әртүрлі агрессияға ұқсас жағдайда көмекке шақыруы ықтимал. Бұл құбылыс – қалыптылық болғандықтан уайымдамау керек. Керісінше балаға қысым жасамау керек. Егер балалардың осындай көмекке шақыру рефлесінде ата-ана мұны агрессиямен шатастырып, балаға қысым жасап, күшпен тоқтатуға тырысса, баланың бұл рефлексі жұмыс істемей қалады. Осылайша алдағы уақытта көмек ала білмейтін, басқалар тарапынан өзіне ұнамсыз әрекет жасалса қарсылық көрсете алмайтын жағдайға душар болады.
Агрессияға ұқсас болса да ата-ана бұл әрекетке шошымауы керек. Бала тәрбиесінде ата-ана агрессияны танып, дұрыс қабылдай білуі керек. Шын агрессия болғанның өзінде перзентіне жұмсақ қарап, ішкі агрессиясын сыртқа толық шығара алуына мүмкіндік беруі керек. Содан кейін ғана оның шығу себебін анықтап, жұмыс істеуіне болады. Агрессияны азайтудың шаралары содан кейін ғана жүзеге асады. Тап сол сәтте қысым жасау – екі жағдайда да дұрыс емес.
– Қазірде кішкентай кезіндегі психологиялық травмаларымен күресіп (мүмкін үйреніп, түсінгісі келіп) жүретін құрбы-құрдастарым көп. Ата-анасын кінәлі санайтын тұстары да баршылық. Өзін «сүйікті» перзент сезінбеу ересек өмірге қаншалықты әсер етеді? Одан арылу мүмкін бе?
– Қазіргі таңда біздің қоғамда психология саласының дамуы әсерімен көптеген ересектер балалық шағына саяхат жасап, сол кездегі травмалары мен жағымсыз сезінулерін еске алуда. Сондықтан ата-анасына деген ренжіштері оянып жатыр немесе өздерін қазір жайсыз сезініп, әртүрлі шешім жолдарын ідеп жүр. Бұл – өте қалыпты. Баланың кішкентай кезінде қандай да бір қысым, әртүрлі жағымсыз әдіс арқылы балада сан қилы жағымсыз сезінулерді қалыптастырған болса, өсе келе бұл нәрсені емдуге ұмтылу – өте орынды, дұрыс әрекет. Бұл жерде бірнеше нәрсені ескере кету керек.
Біріншіден, ата-анаға реніш – ешқашан мәселені шешпейді! Өйткені ешбір ата-ана «балам жаман болсын» деп ол нәрсені істемеді. Ол кездегі ата-аналардың жалпы түсінігі сондай еді. Сол кездегі қоғамның көзқарасында тәрбие барысындағы сондай әрекеттер қалыпты болып есептелді. Сол себепті ата-ана қоғамдағы әрекетке қарап, өзінің әрекетінің дұрыс еместігін аажырата алған жоқ әрі қалыптасқан түсініктердің жетегіне ерді. Ол кісілерді кінәлеудың, ренжудің, жазғырудың ешқандай қажеті жоқ. Ренжу – негатив нәрсе. Ата-анаға реніш арқылы іші негативке толған адамның өмірден ләзат алуы одан әрмен қиындай түседі. Сол себепті ренжімей, ата-ананы қабылдай білу, олардың сол кездегі әрекеттеріне түсінікпен қарай алу – өте маңызды.
Екіншіден, дұрыс мамандармен жұмыс істеу арқылы іштегі травмалар мен іштегі жағымсыз нәрселерді емдеуге тырысу керек. Жалпы баланың өзін қадірсіз сезінуі яғни сүйікті перзент сезінбеуі – балалар үшін ауыр жүк. Ол ауыр жүкті өмір бойы көтеріп жүреді. Одан арылу үшін мықты маманның көмегіне жүгінуі керек. Қазіргі ата-аналарға айтарым, балалары ертең осындай жүкпен күресіп, әртүрлі мамандардың артынан ем іздеп жүрмеуі үшін перзентін қадірлі сезіндіріп, әрбіріне өзіне жеткілікті және қажетті мөлшерде көңіл бөлуі керек. Әр адамның балалық шағы керемет естеліктерге толы өтуі тиіс.
– Отбасыда баланы конфликті кезіндегі қорғаған тарап балада «Эдип комплексін» қалыптастырып алмайды ма? Ажырасқан отбасыдағы баланың опекунын өзге адамдардан қызғануы қаншалықты дұрыс?
– Қандай жағдай болмасын, ересектер арасындағы кикілжің, конфликт балаға әсер етпей қоймайды. Ол фактор баланың жеткіліксіз сезінуіне, өзін кінәлі сезінуіне немесе әртүрлі сенімсіздік комплексімен өмір сүруге әсер етуі мүмкін. Ересектер арасындағы кикілжіңді балалардың көзінше жасамау – өте маңызды. Қазақта «бір күндік ұрыс қырық күндік берекені қашырады» деген сөз бар. Береке қашқан жерден адам жақсы тәлім-тәрбие алып шығуы қиын. Сондықтан жұбайлар арасындағы қатынас түзелмей, бала тәрбиесі түзелмейді десек болады. Бақытты бала бақытты отбасында тәрбиеленіп шығады. Осы қағидаларға сүйеніп, балалары үшін ересектер өзара проблемаларын жеке шешіп үйрену керек. Балалардың алдында проблема шешу деген нәрсені тоқтату керек. Ажырасқан отбасыдағы баланың күтушісі яки қорғаушысы баласын өзгелерден қызғануы – эгоистік орынсыз әрекет. Әр жағдай жеке-жеке қарастырылуы керек. Баламен кездесетін әкесі немесе басқа да туысқандары оның психологиясына кері әсер ететін болса, яғни әкесі келген кезінде анасын жамандаса (анаң әркіммен бір жүріп жүр, анаң үйтіп жүр, анаң бүйтіп жүр деген секілді теріс ой жиынтығы) баланың жас ерекшелігіне сай емес, өз ішіндегі негативті балаға құсса, оны қорғау мақсатында кездесуге кедергі келтіру қалыпты нәрсе. Өз эгосын қанағатттандыру мақсатында, жұбайынан немесе қайын жұртынан өш алу мақсатында баланы қызғанып, көрсетпеуге тырысатын болса, дұрыс емес. Одан басқа жағдайларда егер келген кісілер балаға зиянын тигізтін ешқандай жағымсыз нәрсе жасамай, балаға пайдалы кездесуге қарсылық таныту – теріс әрекет.
– Қазір «анамнан аумайтын қызға үйленем » деп әндетіп жүретін жігіттер жеткілікті. Бұл «мамасының баласы» болып қалыптасқандықтың белгісі емес пе? Супер мамалар тәрбие беру процесіне әкені қалай араластыра алады?
– Тікелей «мамасының баласы» деген ұғымның жемісі болмауы мүмкін. Жалпы алғанда, анасы мен баласының қатынасы жақсы болған жағдайда ұл баланың анасына ұқсайтын қызды қалауы – қалыпты. Психологияда қыздар әкесіне ұқсайтын, ұлдар анасына ұқсайтын жарды таңдайтын құбылыс бар. Бұл көп жағдайда бейсаналы түрде іске асады. Ал саналы түрде барлығына көз жұма қарап, маңызды критерийлерді ескермей, осы мәселеге ғана «қадалып» қалса – психологиялық ауытқудың нәтижесі болу қаупі бар. Оны жұмыс істеу арқылы анықтау керек.
Супер ананың тәрбие процесіне әкені араластыру – қоғамның өзекті мәселесі. Өйткені көп жағдайда әкелер бала тәрбиесіне аса қатты ат салыспай, «әйелдің жұмысы» деп ысырып тастап, өзін тек отбасын қаржылай қамтамасыз етуші деп сезінеді. Сондықтан да олардың күн тәртібіне бала тәрбиесі енбейді. Бірақ, бұл әрекет –өте қауіпті шешім. Бала үшін ана махаббаты, ана жылуы, ананың көңіл бөлуі қаншалықты қажет болса, әкенің ресурстары (махаббаты, қамқорлығы, үлгісі) соншалықты керек. Менің ойымша, ана қанша жерден «супер» болса да, әкенің орнын толтыра алмайды. Әкенің орнын баса алмайды. Ер адамды бала тәрбиесіне араластыру сіз бен біз ойлағандай оңай іс емес. Өйткені ол қаншама жылдар бойы қалыптасқан түсінік болғандықтан, бір күнде өзгермейді. Қоғам болып бұл нәрсені қолға алуымыз керек секілді. Балабақшада, мектепте әкенің рөлі турал іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Мектепте, сыныпта әкелер клубын құру арқылы, оның жұмысын жүйелендіру арқылы бұл нәрсеге көбірек атсалысу керек деп ойлаймын. Үйде отырған ана жұбайының қитығына тиіп алмай, намысына тиетін іс жасамай бұл нәрсенің өзектілігін түсіндіре алуы маңызды. Ер адамның психологиясымен қарасақ , «сен бала тәрбиелеуді білмейсің» деген кінәлау форматындағы қатынасқа азамат қырсығып кері әрекет ету процесін іске асырады. Сол үшін көмек сұрау форматында бұл істі жүзеге асыруға болады. «Мына кітапта айтылған дүниелер маған түсініксіз, екеуміз осы тақырыпты бірге талқылайықшы» немесе «мына кітапта осылай депті сен бұл мәселеге қалай қарайсың, екеуміз бұл нәрсені қалай отбасыға енгіз аламыз» деген секілді ақылдасу форматында іске асырса процесс жеңіл өтеді.
– Сізді бала тәрбиесіне қатысты кітаптар жазуға не шабыттандырады? Мүмкін өміріңізде орын алған жағдаят яки моральдық қажеттілік әсер етті ме?
– Менің бала тәрбиесіне қатысты кітап жазып, семинар-тренинг өткізуіме әсер еткен фактор – қоғам қажеттілігі. Өзім негізгі мамандығым бойынша, педагогпын. Көп жыл мектепте ұстаздық қызмет атқардым. Сол кезде, одан кейін де бала тәрбиесінің маңызына көз жеткізгендіктен және де ата-аналардың осы тақырыптағы ақпаратқа сусындап, шөлдеп тұрғанын байқағандықтан осы салаға ауыстым.
Мен ең алғаш әке атанғанымда қазақ тіліндегі осы тақырыпта жазылған кітап саусақпен санарлық еді. Тіпті бір қолдың бес саусағын толтыра алмайтындай аз еді. Орыс тіліндегі кітаптар көп болса да, ол ақпараттар көптеген қазақтілді аудиторияға қолжетімсіз. Мен қолжетімді ақпарат кеңістігін жасағым келгендіктен қазақ тілінде видео кеңестеп, кітаптар, семинар, тренингтер шығарып, халыққа таратып жүрмін. Мысалы, қазір менің you tube каналымда 200-ден астам видеокеңестер бар. Оның бәрі тегін. Сол виделарды көру арқылы ата-аналар көптеген ой түйеді деп ойлаймын.
– «Кішкентай кезімде анандай едім», «мынадай едім біреуің маған тартпадыңдар» деген сөздерді тәрбие барысында қолдану қаншалықты дұрыс? Бұл сөздердің орнын басқа сөзбен ауыстыруға бола ма?
– Мұндай түсінік қате. Мен «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» кітабында ата-ананың түрлерін қарастырып, қамтыған едім. Сол жерде мақтаншақ ата-ана категориясында осы мәселені қаратырдым. Яғни «мен бала кезімде бүйтуші едім, сүйтуші едім. Ал сен істи алмайсың» деген секілді әрқашан балаға мақтана беретін ата-аналар.Мақтаншақ ата-аналардың өзіне сенімсіз балалары болады. Әрқашан мақтанған сайын, біз негізі байқамай баламыздың өзіне деген сенімін жойып жатырмыз. Сондықтан бұл өте қауіпті.
Бұл тәсілді баламен сырласу, әңгімелесу форматына ауыстыруға болады. «Мен» деп кеуде қағып, өзіміздің балалық шағымызбен қазіргі баламызды салысытрғанға қарағанда тек қана перзентіңізге естеліктеріңізді айтып беру жеткілікті. Оқиға, қызықты кезең ретінде баяндап, салыстыру форматына көшпеу керек. Салыстыру – негативті әдіс. Ол ересектерге де, балаға да ұнамайды. Мотивация да бола алмайды. Керісінше баланың сенімін жойып, қырсық етеді. Сондықтан мен бұл әдісті қолдамаймын.
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН