Серік Таласов, режиссер: Қазақ киноиндустриясы бір күнде 180 градусқа өзгермейді

Oinet.kz 30-08-2021 4394

Тағдыр. Өткен күнге қарасақ әр адамның жадында бір кинолента бар. Секундты, минутты, сағатты, күнді тіпті ғасырды бойына сіңірген фильмдер көп. Барлығын да «Оскар» мүсіншесімен өлшегенге келмес. Өмір сүру құқығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы ауыр фильмдерді көп қараймын. Күліп қараған адамның көрінбейтін көз жасы ішкі әлемінде қан жылап тұрғанын сезінесің. «Happy end» барлық  режиссерге көркемдік  шешім емес. Әлеуметтік проблемаларды көтеріп, шығармашылығына арқау еткен Серік Таласовтың да біршама фильмін қарадым. Содан кейін өзімен сөйлесәп, диалог құрдым. 

Screenshot_1.jpg

– Әрдайым фильмдеріңіз  арқылы ой тастауға ұмтыласыз.  Сіз үшін кино мен идеология қаншалықты егіз ұғым? 

–Бұрынғы кинолардың айтар ой, берер тағлымы мол еді. Қазір шетелдік фильмдердегі агессия, «боевик жанры» деп бүркемеленген атыс-шабыста бірсарындылық басым. Сондықтан көрермен ретінде мені өзіне баурай алмайды. Жуырда кассалық сатылымға шыққан режисер Джастин Линнің «Форсаж 9» фильмін тамашаладым. Түсірілімі мен актер шеберлігінде мін жоқ. Көкейімде екі жарым сағатымды бөліп тамашалаған фильмнен бір сәттік «жақсы» деген комментарий ғана қалды. Яғни, ой жоқ. Пластик пен эффект арқылы ғана таңдандыратын фильмдер көбейіп жатыр. Соңғы жылдары түсірілген фильмді қарағаннан баяғы «Троя», «Титаник» көре салған жақсы. 

Біздің қоғамның жаңа буынының руханияты бөлек. Сөз көтере алмайды, ашуланшақ, сыйластық туралы танымы таяз. Ата-анасын «Қарттар үйіне» өткізудің өзі қалыпты тенденция болып бара жатқандай. Онлайн жүйе адамдардың барлық ресурсына өзгеріс әкелді. «Жаңалық» деп бағалаған көп құрылғы салдары ауыр моральдық жұтаңдыққа жол бастады. Мистика, жасырын ой іспетті элемент арқылы қазіргі кей фильм реал өмірден алшақ сценарийға құрылған. 

Балалық шағым Жан-Клод Ван Дамм ойнайтын фильмдерді тамашалаумен өтті. Ондай сюжетті көрген әр адамның спортқа, ширақ қимылға деген сүйіспеншілігі оянатын. Ешкім «спортпен шұғылдан» деп ашық айтпайтын. Адамдар санасымен ұғынатын. Қатарластарым фильмді тамашалаған соң ағашты теуіп, аяғын ауыртып алып жүретін. Нәтижеге тез қол жеткізуді мақсат еткен соң шығар. Фильм арқылы адамдар армандайтын, мақсат қоятын. Құр қиял емес, әрекетке шақыратын месседж бар еді. 

Адамдарға кино арқылы тәрбиелеуге болатынын 2014 жылы «Өтелмес борыш» фильмі жарыққа шыққан соң түсіндім. Көпшілік «мамасын тойға апармай қоятын кино» деп атап кеткен. Анасы перзентінің туған күні үшін ауылдан қалаға келетін еді. Фильмнің хронаметражы – 19 минут.  Киноны алғаш дос-жарандарыма көрсеткенімде біреуі фильмді қарауға қанша уақыт кететінін сұрады. Уақытын айтсам, досым «фильм басталып жатқанда әжетханаға кетсем, бітіп қала ма?»,-деп қалжыңдады. Фильм басталғаннан адамдарды бақыладым. Кейбірі жылап отырды. Әзілдеген досым «сен үшін барам» деп қана келген. Оның өзі бас киімін бетін тұмшалап киіп апты. Адамдардың ықыласы ерекше болды. Құттықтаған адамдардың арасынан жаңағы досымды тапай қалдым. Іздеп қоңырау шалдым. Қайда екенін білгім келген. «Фильмің жүрегімді қозғады. Ауылға бармағаныма 1 жыл бопты. Анама бара жатырмын»,-дейді. Өзімнің қасымда жүрген бір адам осылай өзгерді. Ал тамашалаған қанша адам, не түйді?Сол көрсетілімде залдағы 150 адамның біреуі ашық формадағы өзгерісін айтты. Басқалардың ойында кеткен шығар. Анасынан кешірім сұрау, сыйлық беру, қамқорлық жасау туралы месседж 19 минутқа  сыйып кетті. Ал мен ол кісінің өмір жолын елден естіп «бауырым, анаңа суық мәміле жасама» десем әср етер ме еді?

Алғаш премьерадан соң, сол бағыттын маған ұнайтынын, қоғамға пайдалы екенін түсіндім. «Жалқауға жолықсаң, сылтаудың астында қаласың» диді ғой. Neet аудиторияға қысқа уақытта көп нәрсе береміз. Сондықтан әрдайым кино арқылы тәрбие беретін бағытта еңбек етуге шешім қабылдадым. 

–Демократиясы мықты деп АҚШ-ты ылғи мақтаймыз.  Бірақ әйгілі «Том мен Джерри»  мультфильмінің өзінде цензура қиған кедергі бар.  Сіз де кино түсіргенде толыққанды еркіндікке жете алмай, кедергіге ұшырайсыз ба?

–Әрине кедергілер кез келген адамның жолында кездеседі. Көбінесе тапсырыстың бюджетімен фильм түсіремін. Демеушілер, қолдау көрсетуге ниетті адамдар фильмде рөл сомдайтын адамды ұсынып жатады. Олардың ниеті пайдалы нәрсеге инвестиция салу емес. Олар менің фильмім арқылы өзін, ұл-қызын көрсетіп, мақтан сезіміне бой алдыруды қалайды. Ұжымға, шығармашылығыма ондай қиянат жасамаймын. Ұсыныстан бас тартамын. «Бас қаһарман мен боламын, перзентім болады» деушілерге қабілет-қарым қызық емес. Ойнай ала ма, жоқ па бас ауыртпайды. 

Мемлекет тарапынан тапсырыс алғанда «мына сөз айтылмауы керек» деген секілді талап болады. Одан аттап кете алмаймын... Шығармашылыққа құрметпен қарайтын, осы сала туралы түсінігі мол адамдар да бар. Қандай сөз айтылса да, істің нәтижесіне көбірек мән беріп, қолдау көрсететін тұлғалар көп. Сондай кісілердің арқасында менің шығармашылығым өрістеуде. 

Фильмді емес, фильмнен  өзін көргісі келетін адамдар көптеп хабарласады. Сол кедергі демесеңіз, жылдан-жылға шығармашылық танымы терең адамдар көбейіп жатыр. 

–Жасыратыны жоқ,  көп нәрсеге қаржы тапшылығы қолбайлау болады.  Егер сіз түсіруді армандаған фильмге бюджет бөлінсе,  қандай туындыны жарыққа шығарар едіңіз?

–Қазір мен жұмыс істеп, туындыны экранизациялап жүрген қаражат өте аз, мардымсыз. Кейбір туындыларды тегін түсіремін. Энтузиазм сезімі басым. Маған қомақты қаражат бөлінсе, бас салып үлке-е-е-е-ен туынды түсірмес едім. Менің мақсатым – Алматыдағы мықты мамандардың шеберлік сыныбында Шымкенттік ұстаздарды шыңдау. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде театру режиссурасы, театр актеры  мамандығы оқытылады. Университет оқытушыларын алматылық ұстаздармен «дыбыстау, актерлық» тұрғысынан мастеркластар ұйымдастыруына  қаржы бөлер едім. Мен барлық бюджетті кадр даярлау ісіне бөлер едім. Сонда мықты маманнан оқыған балалар арқылы буын алмасқанда кино саласына майталман мамандар қалыптасады. Көбі емес, балаларды оқытып жүрген кей мамандарды фильмге шақырсам, дұрыс түсе алмайды. Өзі рөлді керемет сомдамайтын маманның шәкірті қандай болады? Құлықсыз маманнан дәріс алған бала ұстаз болып шәкірт тәрбиелесе, нағыз хаос – сол. 

Мен «Гладиатор», «Троя» секілді фильм түсірген режиссерлерді қазақтың тарихында орын алған кейіпкерлерді экранизациялау ісіне шақырар едім.  Шетелде неліктен қаһарман десе, «Өрмекші адам», «Супермен» секілді кейіпкерлерге жүгінеді? Оларда тарихи материал аз. Олар көптеген елдердің шекарасын соғыссыз-ақ иемденді. АҚШ аумағындағы тарих парағын ақтарсақ,  көбіне тұрғылықты жұрт үндістердің қасіреті, жойылып кеткен жануарлардың саны ойға оралады.  Қабанбай, Бөгенбайларды экраннан көргім келеді. Біз шетелдік мамандарды жалдағанда қасына көмекші ретінді отандық мамандарды жұмылдыруымыз керек. Сонда тәжірибе алмасу – нәтижелі болады. Біз халықаралық аренаға шығуға жұмыс істеуіміз керек. Менің қаражатым болса, бүгіннің емес ертеңнін жұмысына инвестиция құяр едім. Қазақ киноиндустриясы бір күнде 180 градусқа өзгермейді. Табанды процесспен нәтижеге жете аламыз. 

– Серік аға,  сынды қалай қабылдайсыз.  Былтыр әлеуметтік ролигіңізге байланысты қоғамда қызу талас жүрді.  Қолдағандар да,  сынағандар да көп болды.  Сынып кетпедіңіз бе?  Шығармашылық адамында сезім айтарлықтай орын алады ғой...

–Шын сынды жақсы қабылдаймын. Әркім өз бағасын беруге құқылы. Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Бастапқыда «Жезөкше» аталған бейнероликтің айналасында дау туындағаны рас. Мен – өнер адамымымын,жауапкершілікті сезінемін.  Айтқанымнан қайтпаймын. Тым ашық киінген қызға ер адамдар жақсы көзқараспен қарамайды. Өнер, эстетика деп оны жоққа шығарғанға келмейді.  Мен «қарындасым, өзің туралы арзан пікір қалыптастыруға жол берме» деген ойды жеткізгім келді. Мен алдағы уақытта «Жезөкше 2» туындысын жарыққа шығарғым келеді. Сценарийі дайын. 

Кім не кисе де өзі біледі. Иә, дұрыс. Алайда қоғамдық тәртіпті сақтау керек. XXI  ғасырда осылай киінсе, келесі кезеңде жалаңаш жүре ме? Қоғамда ашық киімнің норма ретінде қаралуын құптамаймын. Мен ешкімге паранжа, хиджап кию туралы насихаттамағанмын. Мен тобықтан келтіріп киінсін демеймін. Тізеден төмен, көкірегі ашық болмайтындай киінсе. Қоғамдық киім деген түсінік бар. Мысалы тойға әркім өзінің ұнатқанын кисе, имамды шақырамыз. Сол жерге имам сәлде оранып, шорты киіп келсе, біртүрлі қарайсыз ғой. Осы іспетті бұты жылтырамай, ішкиімі көрінбей жүрген дұрыс шығар. Адам боққа да қарайды. Бірақ ашық көрініске қараған жанар ұялады. «Жезөкше» фильміндегі көлік өзіме тиеслі. Менің қатем де осы көлікпен байланысты. Жалпы иномарка автоколігіне отырсаңыз, көлік сағатына 20 км жылдамдықпен қозғалып бастағаннан есік автоматты түрде құлыптанады. Бір қызыл кнопканы басса, көлік ашылады. Сыншылар көліктің құлттанғанын сынады. Менің қателігім – осы.

«Жезөкше 2» одан да ашық киінген кейіпкермен өрбиді. Сынды көтеремін. Бірінші кезде «Аһ, сол қателігім-ай» деген кезім болды. Бір кісілер екі сөйлегенде сындым. Барлық адам шүйлігіп кеткені оңай болмады. Қолдау көрсеткен адамдардың арқасында қалыпқа келдім. Адам  сын арқылы түзеледі. Кішкене қателіктердің өзі халықтың назарынан тыс қалмайды. Түсірілімдерге көмек көрсетіп жүрген достарым «Сенің сынды көтере білетінің – жақсы қасиетің» деп айтып жүреді. Кім сын айтса да, қабылдаймын. 

–Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет!

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Серікбол Хасан: «Балалар әдебиеті жылы» министрлік аясында ғана аталып жатыр
Елжас Ертайұлы: Баланың алдында проблема шешуді тоқтату керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу