«Режиссер»: Таксиден тапқан табысқа түсірілген фильм
Биыл 27 наурызда еліміздің кинотеатрларында «Режиссер» фильмінің прокаты жүріп жатыр.
Картинаны түсіру үшін қаншалықты қажырлы қайрат керек болғанын естіген соң, біз де Шымкенттегі CineMax кинозалына барып, фильмді көріп қайтқан едік. «Режиссер» – қазақ киносы үшін әлі таныла қоймаған жаңа есім – Жәнібек Маемгеновтің дебюттік туындысы. Бұл фильм – өнер жолындағы талпыныс, өз жетістіктерін іздеу, сондай-ақ, өмірдің қиындықтарын жеңуге деген шынайы аңсарды көрсетуге барынша талпынған драмалық туынды.
Фильмнің негізгі кейіпкері – аты айтып тұрғандай режиссер болуды армандайтын және алғашқы фильмін түсіру жолында біршама кедергілерден өтіп соңында дегеніне жететін жігерлі азамат. Бұл рөлді елімізге белгілі, талантты актер Рүстем Жаныаманов сомдап шыққан. Ол үшін атақ пен байлық – маңызды емес. Негізгі кейіпкердің өмірі – өнер жолында сүрініп, қайтадан тұрып, өз мақсатына жету жолында кездесетін түрлі қиындықтармен өткен кезең. Маемгенов оның ішкі жан күйзелісі мен сыртқы әлемнің қатынасын өрбіту арқылы негізгі контрастын беруге тырысқандығы байқалады.
Мәселен, фильмде жас режиссердің достарымен, жақындарымен және отбасы мүшелерімен жанжалдасуы – оның шығармашылық жолындағы кедергілерді атап көрсетеді. Достарының оны қолдамауы, шығармашылыққа келгенде түсінбеушілік – нағыз өнер адамының күнделікті өміріндегі қиындықтар. Фильмнің классикалық сюжет желісі осы келіспеушіліктердің әсерінен туындайтын шиеленістер мен қиындықтарды терең зерделей отырып, көптеген көрерменнің жүрегіне жол табады.
Фильмнің визуалды шығарылымы дебютант режиссер үшін жаман емес секілді. Жәнібек Маемгенов өз кәсібінің шебері ретінде сынға төзімді, әрі практикаға бай визуалды стильді ұстануға тырысады. Алғашқы толықметражды фильмі болса да, операторлық жұмыс, кадрларды таңдауға баса мән берген. Көрермен әрбір кадрдың өзіндік мәні мен маңызын сезінеді, ал фильмнің атмосферасы көрерменді толықтай өз әлеміне тартуға мүмкіндік береді.
Басты рөлдерді сомдаған Рүстем Жаныаманов пен Жанна Сейтхан, шеберлікпен, өз кейіпкерлерінің рухани әлемін, ішкі конфликттерін көрсету арқылы шығармашылық уақыттағы шынайылықты жеткізеді. Рүстем Жаныамановтың кейіпкері – амбициялы, өз мақсатына ұмтылған жігіт, ал Жанна Сейтханның рөлі – ол өмірдегі шындықты, сүйіспеншілікті, және таңдаудың ауыртпалығын қабылдайтын әйел. Олардың арасындағы қарым-қатынас көрерменнің эмоциялары мен сезімдерін тереңдетеді.
Мұндағы сюжет толықтай дерлік фильм режиссері Жәнібек Маемгеновтің өз өмірінен өрілген екен.
– Мен ұзақ ойланып, дебюттік фильмім мен туралы болуы керек деп шештім. Яғни, бұл – жаңа идея. Мен әлі мұндай идеяны кездестірмедім. Яғни қазақ кинометографиясынан. Мен басты және барлық кейіпкерді – өмірден алдым. Олардың қандай екенін жақсы білемін. Психологиясын білемін. Эмоцияларын білемін. Сондықтан маған бұл фильмді түсіру басқаларға қарағанда оңайырақ болды, – дейді дебютант режиссер.
Жәнібек мырзаның сөзінше, 13 адамнан тұратын түсірілім тобы түсірген бұл фильмге жалпы қоры 48 млн теңге салынған. Сондай-ақ картинада кәсіби актерлермен қатар, әуесқой әртістерді де көреміз. Кей әртістер өмірдегі өз-өзін ойнаған. Мысалы, режиссердің балалары. Сонымен қатар, бұл жобаның режиссері ғана емес, сценарий авторы да, продюсері де Маемгеновтің өзі. Режиссер бәріне бас салып кірісуінің артында – қаржы үнемдеу мақсаты тұрғанын және оның оңайға соқпағанын айтты.
– Бұл жерде мен тек продюсер, режиссер және сценарист қана емеспін. Жергілікті менеджер де, дизайнер де өзім болдым. Мұның бәрі үнемдеу мақсатында болды. Әрине қиын, өте қиын болды. Мен мұны мойындаймын. Оның үстіне дебюттік фильм болған соң менде бұған дейін тәжірибе де болмады, – дейді Ж.Маемгенов.
Фильмдегі режиссерлік шешімдердің қызық тұсы – автордың тікелей көрерменмен диалог құруы десек болады. Белгілі бір романына отырғанда оқырманды шаршатып алмауды ойлаған жазушыдай, басты кейіпкер де жиі көрерменмен сұхбаттасып отырады. Енді фильмнің толыққанды авторы Жәнібек мырзаның өзі болған соң, сюжет оның өмірінен алынған соң жеке саналы ойлары да менмұндалап қалады. Мәселен, киноға келмей жатып басты кейіпкердің «Оскар» сыйлығын армандауы, өз жұмысының сапасына шаң жуытпауы көрерменді екіұшты ойға жетелеуі мүмкін. Мәселен, басты кейіпкердің «Дебюттің потологын қойған – Ақан Сатаев» немесе «Вот, к примеру, «Оскар». Вот неге біз осыны туй сондай бір қол жетпес нәрсе көреміз вообще. А он же рядом. Понимаете, аға?» дейтін ойлары режиссердің талабы ғана таудай емес, амбициясы биік екенін көрсетеді.
Әрине, кіре сала фильмнің аралас тілді екенін көрген соң аздап «әттеген-айлап» қалғанымыз бар. Таза қазақ тілінде түсірсе тартымдырақ болар еді-ау деп ойладық. Алайда әлеуметтік желідегі оқырмандардың қоғам екі тілді шұбарлап жүргенде, фильмнің де сұранысқа сай болғаны, реализмнен айнымағаны жөн дегенге саятын пікірін оқып, бұл сынды әр адамның өзіне қалдырдық.
Сонымен қатар, режиссер келіншегімен араздасып, екіге кетеді ғой. Фильмін ойдағыдай түсіріп, арманының алғашқы баспалдағына көтерілген соң, жанұясымен қайта табысу үшін барын салады. Қолда барда бағаламаған бақытын жоғалтқанын түсініп, өз ішінде ұзақ дебат өрбиді. Жаңа сүйіктісін тауып үлгерген бұрынғы әйеліне үздіксіз гүл жіберіп, басты кейіпкердің бұрын-соңды болмаған романтикалық қыры ашылады. Алайда өзің бағалай алмаған, өз адамын тапқан адамды босатпай, керісінше қайтарып алуға принципті түрде кірісуді басыбүтін дұрыс әрекет деп айта алмай отырғанымыз. Әрине, режиссердің қандай жағдайда отбасымен бірге болу керек екенін ұқтырғысы келгені даусыз. Алайда бұл моральды қаншалықты дұрыс жеткізе алғанын да патша көңілді көрерменнің өзі айта жатар.
Қалай болғанда да Маемгеновтің алға қойған мақсат жолында арып-аршып, алған бағыттан айнымай фильмді түсіріп шығуы, оны үлкен экранға ұсына алуының өзі қазіргі депрессивті қоғамның мүшелеріне едәуір мотивация болуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, қазіргі таңда атым шықпаған, атағым жоқ, қалтам тесік деп қол қусырып отырмай, таксист болып қызмет етіп, тапқан табысын ең үлкен арманына жұмсаудың өзі ерлік десек болады.
Маемгеновтің айтуынша, аталған туындыдан бұрын «Ограбление в логдаун» деп аталатын мүлде бөлек сценарий жазып шыққан екен. Бұл сценарийді жазу туралы ой «ковид» пневмониясы өршіп, карантинде отырған кезде келген екен. Сценарийді жазып шыққан соң ол фильмді түсіру өте қымбатқа түсетінін біледі.
Дебютант режиссердің кино өнеріне деген қызығушылығы мектеп кезінде бастау алса да, жаны қалаған дүниесін іске асырудың сәті енді түсіпті. Әрине, фильмді үздік үштік, бестік, ондық ішіне кіреді деп айта алмаймыз. Дегенмен, қазақ киноөнеріне талабы мен таланты бар жақсы режиссер қосылды, алдағы уақытта Жәнібек мырзаның бұдан да сапалы, сәтті картиналарын тамашалаймыз деп сенеміз.
Ал, өз арманынан бас тартпаған, еңсесін езіп, жігерін құм қылмай дегеніне жеткен кейіпкерлердің өмірін қашан да қоғамға үлгі еткеннен ұтылмасақ керек. Фильм соңында «Әркім өз өмірінің режиссері» деген пәлсапалы мораль оқылады. Бұл қанша жерден таптаурын ой болса да, айдай шындық. Ал біз қазақ көрермендерін, «Режиссер» фильмін тамашалап, алған әсерімен, жеке пікірімен бөлісуге шақырамыз. Жәнібек Маемгенов оң пікірден бөлек, сыни пікірге де ашық екеніне, сағын сындырмай, жігерін жона түсетініне сенімдіміз. Пікірталас болған жерде, процесс болады. Бұл режиссердің алғашқы фильмінің шығынын ақтау үшін ғана емес, алдағы туындыларының бұдан да сәтті шығуына жәрдем болады деп білеміз.
Сезім МЕРГЕНБАЙ