Жайықтан жеткен өнер керуені Шымкент төрінде «Жұбан» поэтикалық драмасын сахналады

Oinet.kz 07-10-2025 54

Қазақ руханияты мен өнері, өткен мен бүгінді жалғап, келешекке жол сілтейтін қазынасының шынайы көрініс табатын киесі сахнаның бірі – театр сахнасы.

Screenshot_4.jpg

Жуырда Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 33-маусымы Шымкентке гастрольдік сапарымен басталды. Аталған театр Шымкент көрермендеріне Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Жұбан» спектаклі сахналаған болатын. 

Бұл қойылым – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлтжанды ақын Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған. «Мен – қазақпын!» деп ұлттың рухын асқақтатқан ақынның тұлғалық болмысын, азаматтық үнін сахна арқылы қайта жаңғырту – тек өнер адамдарының еңбегі ғана емес, тұтас ел руханиятының жеңісі деуге болады. Қойылым авторлары – «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегерлері Ақұштап Бақтыгереева мен Мадина Омарова. Қоюшы режиссері – «Алаш» сыйлығының иегері Гауһар Адай. Қоюшы және киім суретшісі – Гүлдана Алина.

Screenshot_1.jpg

Шымкентке ат арылтып келген Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қызметкерлері қойылым алдында жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз отырысын өткізді. Аталған брифингте Х.Бөкеева атындағы бқо драма театрының директоры Нұржан Тасболатов мұндай ірі іс-сапарларға 3 жылдан бері шығып жүргенін айтты.

– Сонау ерке ақ Жайықтан, шырайлы Шымкентке келіп отырмыз. Бұл сапарымыз жоспарлы. Халықаралық гастрольіміз Шымкент қаласынан бастау алып отыр. Бұдан кейін 7-10 қазан аралығында Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда, 12-13 қазанда Бішкек қаласындағы Ұлттық театрда іс-сапарымыз жалғасын табатын болады. Содан соң Түркістан қаласында өтетін Халықаралық фестивальге қатысамыз. Үш жылдан бері осындай үлкен гастролдьдік сапарларға шығып келеміз, - деді 

Театрдың бас режиссері Алмат Шарипов аталған қойылымның алған Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қойылғанын айтты.

– Биыл өздеріңіз білесіздер, елімізде Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы, Қадыр Мырзәлиевтің 90 жылдығы аталып өтіп жатыр. Біз Шымкент жұртшылығына «Жұбан» поэтикалық драмасы мен балаларға арналған «Жалқаудың жыры» деген қойлымын алып келдік. Шымкент біздің гострольдік сапарымыздың алғашқы нүктесі. Шымкенттен соң Алматыға жол жүреміз.

Жалпы «Жұбан» спектаклі осыдан бес жыл бұрын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай алғаш қойылған. Содан бері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, оң бағасын алып келеді. Театрымыздағы өңірге белгілі спектакльдердің бірі десек болады, – деді А.Шарипов.

Сонымен қатар режиссер театрда 70-ке жуық артист жұмыс істейтінін айтып өтті:

– Қазіргі таңда театрымызда үлкен буын, орта буын, жас буынның 70-ке жуық өкілдері қызмет атқарады. Олардың ішінде Мемлекеттік сыйлық иегері, Халық әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері де бар, – деді режиссер.

Театр ұжымы бұл спектакль арқылы көрерменге ақынның ішкі әлемін, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, ұлттық намысты оятқан биік рухын терең әсермен жеткізуге тырысқан. Сахналық шешімдер мен актерлік шеберлік үйлесім тауып, көрерменнің жүрегіне жол тапты. 

Screenshot_3.jpg

«Жұбан» – тек бір ақынның тағдыры емес, бұл – тұтас қазақ халқының рухани тарихы, ұлттың азаттығы мен еркіндігі жолындағы күресінің көрінісі. Басты рөлді, яғни Жұбанның рөлін сомдайтын актер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев спектакльде өткен ғасырдың күрделі кезеңдері, азаматтық ұстаным мен ар-ождан мәселелері көркем түрде бейнеленгенін айтты.

– Біздің үлкен гастрольдік сапарымыз Шымкенттен басталып жатыр. Шымкент жақсы қарсы алды. Қойылымның авторлары – Ақұштап Бақтыгереева мен Мадина Омар, қоюшы режиссері – Гауһар Адай, суретшісі – Гүлдана Алина.

Қойылымның жүріп келе жатқанына 5 жылдың жүзі болды. Бұл қойылыммен біз Атырауда өткен үлкен фестивальге де қатыстық, лауреат атандық. Жұбанның анасының рөлін сомдаған Нұрлыгүл Жұбатова – «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинациясына, бала Жұбанды сомдаған – Рауан Таймас – «Ең үздік ер адам бейнесі» марапатына ие болды. 

Қойылымда Жұбанның өмірбаяны толықтай баяндалады деуге болады. Сонау бала кезінде татқан қиыншылығы мен бала Жұбанның өсе келе ақын Жұбанға айналуы, әскерге аттануы, сұрапыл соғыс кезіндегі руһы, соңында 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде танытқан қайраткерлігі көрсетіледі. Оның сол кезде елдің көкейіндегі сөзді бұқпай Колбиннің бетіне айтуы көп адамның, көп қаламгердің қолынан келе қоймады. Оны айту үшін руһ керек, жүрек керек. Сол руһ, сол жүрек Жұбанның бойынан табылған екен. 

Жұбан Молдағалиев – күні кешеге дейін, 20-ғасырдың соңына дейін халықтың көз алдында болған тұлға. Оның дауысы да, түр-тұлғасы да халықтың жадында. Сондықтан тарихи тұлғаның рөлін ойнау қай актерге де жеңіл емес. Ал мұндағы мақсат – Жұбанның жүріс-тұрысын, мимикасын тірілтіп әкелу емес, мұндағы мақсат – Жұбанның ішкі рухын көрерменге паш етіп, қазақтың руһын көтеру. Мен 5 жыл бұрын қойылым алғаш қойылғаннан бастап қайраткер Жұбанның рөлін ойнап келемін. Ал бағасын көрермен береді, беріп те келеді, – дейді Т.Матаев. 

Screenshot_2.jpg

Шымкент көрермендері үшін бұл қойылым өнер арқылы өткенге тағзым, болашаққа сенім сыйлаған ерекше сәт болды. Театрдың осындай сапарлары – ел мәдениетінің біртұтастығын, ұлттық өнердің шекарасыз құндылығын дәлелдейді. 

Шымнан шуақ
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу