«Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан»: «Танакөз» поэмасы қойылды

Oinet.kz 23-04-2025 36

«Қуансақ та, қайғырсақ та қасымызда – Танакөз,

Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез»

Мұхтар ШАХАНОВ

Screenshot_15.jpg

Қай-қайсымыздың да сондай бір абстрактілі сезімдерге байланысты сәтті де, сәтсіз естеліктеріміз бар екендігі анық. Ал өз ішіңде кешіріп жүрген осындай бір күрделі халді, кітап бетінен немесе сахнадан көру, әлдеқашан жұтылып кеткен дүниелерді су бетіне қалқып шығарғандай әсер қалдырып, алуан күй кештіріп, еріксіз күлдіріп, еріксіз көзге жас үйіретіні бар. Өздерімен бірге туған достық пен алғашқы махаббаттың құдіретін, қасиет, қасіретін, кешкен тәтті сезім мен тартқан азабын, ең кіршіксіз шақта табысқан 3 тағдырдың, жол торабына келгенде қандайлы сыннан өткенін сөзбен сурет салғандай, жүрек қылын шерте жырлаған Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы туралы еді бүгінгі сөз. Турасын айтқанда, «Танакөздің» сахнадағы екінші өмірі туралы. 

Мұхтар мен Мұраттың пешенесіне бұйырған «ұлы достық» – әкелерінен қалған баға жетпес мирас. Бір ана, бір әкеден туған бауырлардан да жақын, арасынан қыл өтпес достардың «қуанса да, қайғырса да қасында жүрген Танакөз» жақында Шымкентке іссапармен келген болатын. Ал бұл спектаклге поэма авторы Мұхтар Шахановтың арнайы келуі, Шымкенттің мәдениет тарихындағы айтулы күндердің бірі болып қалады деп ойлаймыз. Қойылымның тұсауы былтыр жыл соңына қарай, Астанадағы Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында кесілді. Арқалы ақынның ширек ғасыр жасына толмай жазған шығармасы, араға қанша жыл салып сахналап жатса да, көрермен жүрегіне жетпей қалмақ емес.

Screenshot_16.jpg

Жалпы поэтикалық, драмалық қуаты мықты туындылар әрдайым режиссерлердің назарында жүреді. Бұрын сахналанған дүниеден, ат тонын ала қашпай, сыры кетсе де сыны кетпейтін бағалы шығармаға екінші дем беріп, жаңа бағытта, жоғары деңгейде алып шығудың да жүгі ауыр. Иә, ойыңызға бірден Шекспирдің туындылары орала кеткен болар. Алайда, ол бөлек әңгіме. Мәселен, бұл «Танакөздің» де алғаш сахналануы емес. Оны бұған дейін Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық және А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрларында Қуандық Қасымов қойған болатын.

Ал біз барып тамашалаған «Танакөздің» режиссері – Әли Бидахмет. Бұл есім алғаш Ә.Мәмбетов театрында Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» романы сахналаған соң режиссер ретінде таныла бастады. Бүгінде өзі аталған театрдың әрі актер, әрі режиссері. Әлидің тырнақалды туындыларының өзі, өз деңгейінде бағаланып келеді. Атап айтсақ, былтыр «Болмаған балалық шақ» спектаклі бойынша республикалық фестивальде үздік спектакль номинациясы бойынша бас жүлдені иеленсе, «Танакөз» қойылымымен «Жыл сценографы» атанды. Өз жолын тауып, өз сүрлеуін қалыптастыру жолында еңбегінің «әділ» еленуі, режиссердің келесі жұмыстарына оң әсер етері сөзсіз. 

«Танакөзге» оралсақ... Әлидің бұл туындыны сахналауға деген ішкі қалауы бұдан ертеректе-ақ қалыптасқан екен.

«Бұл шығарманы таңдау себебім. Мектеп жасынан Мұхтар ағаны кітап бетінен оқып өстім. Алғаш «Отырарын» оқып, содан кейін авторға деген қызығушылық артып зерттей бастадым. Сол 7-8 сыныптарда «Танакөзді» алғаш оқығаным, қатты ұнағаны есімде. Метеп бітіріп, Т.Жүргенов атындағы колледжге актерлік оқуға түскен соң, тағы оқыдым. Одан соң театрға келіп тағы да оқыдым. Сөйтіп бұл поэманы бір сахналау керек деген ой болды. Алайда, алғашқы спектакльім «Болмаған балалық шақты» қойып болғаннан кейін, тағы не қоюға болады деген сұрақ туғанда, ойланбай осы «Танакөзді» сахналау керек дедім», - деді режиссер Qazaqstan ұлттық арнасындағы, «1001 түн» бағдарламасындағы сұқбатында.

Жалпы әдеби шығармада автордың кейіпкер тағдырына араласпауы, өз арнасына бұруға тырыспауы, беталды көтеріп, беталды жазғырмауы, өз дұрыс деп тапқан ойын тықпаламауы шын шеберлік болса керек. Кейде авторлардың үшінші тарап оқырманға қандай да бір «тәрбиелік мәні бар» дүние үстеймін деп, туындысына қиянат жасап алатын кездері де бар екені жасырын емес. Әлидің де осы тұрғыдан өз талғамы бар екен:

«Өйткені бұл шығармада нағыз махаббат та – адалдықтан тұрады, достық та – адалдықтан тұрады. Ол жерде жаман кейіпкер жоқ. Бәрі ақталған, бәрі оң ойда жүреді. Кіршіксіз, таза достықты, таза махаббатты көрсеткіміз келіп, осы туындыны сахналадық», - дейді ол.

Әкелерінен қалған достықты, ақ ту еткен Мұхтар мен Мұраттың арасындағы шертілген-шертілмеген сыр, айтылған-айтылмаған шындық достардың әрі қарайғы тағдырына қалай әсер еткені, қойылымда поэмадағы оқиға желісінен жеке-дара бөлініп кетпегені қуантты. Мектепті тәмамдауға шақ қалғанда егіз қозыдай тең жүріп, тел өскен екі достың көңілі – орталарында тұлымшағы желбіреп жүрген Танакөзге құлап шиеленіседі. Бір-бірінен жан аяспас достың арасына, осылайша «Танакөз» есімді сезім шоғы түседі. Екі оттың ортасында қалған 3 кейіпкердің ішінен алғашқы құрбандыққа Мұрат барады. Достық пен махаббаттың қай-қайсысын таңдаса да, қорғасыннан ауыр зіл жүрегін жеңілдете алмасын білген ол, қаладан аңа көшіп келген Зеркүлге жүрек ықтиярынсыз үйленіп, отау құрады. Алайда, Мұхтар мен Танакөз үшін өз өртіне өртенген, Мұраттың бұл құрбандығы нәтижесіз әрі өте қасіретті аяқталады. Танакөз Мұхтарға мақұл бола қоймады.

Screenshot_17.jpg

Шахановтың «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат – таусылмайтын әңгіме» дейтін өлең жолдары, бүгінде сезім туралы шертілген әңгімелердің эпиграфына айналып кетті десек болады. Міне сол «әңгімесі таусылған жұбайлардың» бірі Мұрат пен Зеркүл болатын. Махаббаттан алған алғашқы соққыдан есін жия алмай жүрген Мұрат, күтпеген жерден тағдырдың тепкісін жеп, қос аяғынан бірдей айырылып арбаға таңылады. Екеуіне бірдей ана болған Мұраттың анасы мұны көтере алмай, мәңгілік сапарына аттанып кете барады. Өзін қанша қинаса да, жүрегіне әмір ете алмаған Мұрат, тап осы халінде Зеркүлмен бірге тұрудың мәні жоқ деп тауып, сол жерден бастарына бостандық алады. Досының жазым болғанын естіген Мұхтар, Алматыдан алып ұшып жеткенде, досы мен алғашқы махаббатының бірге екенін көріп:

«Достық жырын қайталаудан жалықпаған әніңмен.

Түсіндім ғой, кеш болса да, түсіндім ғой бәрін мен

Бір өзімшіл пенделіктің ауқымынан босанып,

Тауға қарап ұзақ тұрдым жанарыма жас алып.

Ұзақ тұрдым.

Бізді қалай тоғыстырды жол мұнда,

Қадірлім-ау, сенің іңкәр махаббатың алдыңда,

Сенің ұлы дос жүрегің алдыңда

Асқар таулар басын исін,

Басын исін! Түгі де жоқ таң қалар,

Екеуіңнен асқақ емес, биік емес енді олар!

Сендер өшпей жаныңдаршы,

Сендер бақыт табыңдаршы,

Онсыз өмір мәнді ме?

Екеуіңнен бұл бақытты егер титтей қызғансам,

Соқыр болып қалсын көзім мәңгіге!

Кез келгеннің қолы жетпес,

Кез келгеннің жолы жетпес,

Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан,

Құлатпашы мені мәңгі осы биік сатыңнан,

Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан!», -

деп олардың сезіміне де, өздерінің достығына да бас иіп, құрмет көрсетеді.

Қойылым барысында жүректі қозғаған дүние – Шахановтың басқа да өлеңдеріне жазылған әндер болды. Әсіресе, қазақтың ән қоржынын өзіндік қолтаңбасымен қампайтып кеткен аңыз адам, біртуар композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндері – көңіл түкпірінде жатқан талайлы сезімдердің ағыл-тегіл ақтарылуына мүмкіндік берді. Сондай талантты композитор Шәмші мен ақын Шаханов 11 жыл бір шаңырақ астында тұрып, 16 ән жазған екен.

«Шәмшіге мен әзілдеп «Қалдаяқов» емес «Қалғантабақов» дейтінмін. Сол Қалғантабақов екеуміз бірге 16 ән жаздық», - дейді Мұхтар Шаханов. 

Ал ілгеріде жазған поэмасының сахналануы әлі күнге дейін қазақ көрерменінің жүрегіне жол таба алуы тікелей режиссердің шеберлігіне байланысты дейді.

Осылайша, достық пен махаббаттың ақ туын жықпай, бірін-бірінен аласартпай, жол торабында бір-бірінен адасып қалғн үшеудің, қайта табысқанын көріп, буланған көзәйнегімізді сүртіп театрдан шығып бара жаттық... 

Сезім МЕРГЕНБАЙ

«Режиссер»: Таксиден тапқан табысқа түсірілген фильм
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу