Абай ҚАЛШАБЕК, ұстаз, ақын, аудармашы: Мен үлгі алған адамдар өмірде жоқ

Oinet.kz 08-10-2020 4891

Оңтүстік Африка Республикасындағы Стелленбос университетінің қақпасында мынадай жазу бар екен:  «Кез келген ұлтты жойып жіберу атом бомбасын немесе зымырандарды қолдануды қажет етпейді. Ол үшін білім сапасын төмендетіп, оқушылардың сынақтан өту кезінде алдауына жол ашып қойса, сол жетіп жатыр. Науқастар осындай білім саласынан шыққан дәрігерлердің қолынан өледі. Үйлер осындай саладан шыққан инженерлердің кесірінен бүлінеді. Ақша – осындай экономистер мен бухгалтерлердің қолынан, әділеттілік осындай заңгерлер мен судьялардың кесірінен жоғалады. Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі». 

Білім сапасының төмендемеуін, ұлттың күйремеуін қалайтын, ұстаз, ақын, аудармашы Абай Қалшабекпен сұхбат құрып, ұстаздық жолын тануға бел будық! Хәлің қалай, қазақ педагогы?

Абай аға.jpg

– Бір сөзіңізде «Араб болуға тырысыппыз: Бола алмадық. Түрік болуға тырысыппыз: Ол да болмадық. Негізі, осы Қазақ болудан оңай әрі дұрыс жолдың өзі жоқ екенін ұқтым!» деген екенсіз. Сіздің тұжырымыңызда қазақ болудың ауқымы қандай?

– Әр ұлттың өзінің тамыры, тарихы, танымы, түрі, киімі , сөзі, дәстүрі болады. Мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабы бар. Сол кітапта мына бір оқиға баяндалады. Қызылорда облысында бір су қоймасы жарылып кетіп, КСРО-дағы ең мықты инженерлер, мамандар, әскери бөлім қызметкерлері су тасқынын тоқтатар еш амал таппайды. Бір кезде қазақтың бір шөкім қара шалы келіп: «Мұны қара бураламай болмайды» , – дейді. «Қара буралау деген не?, – деген сұраққа  – Осы жердің бастығы сенсің бе? Сен болсаң, жаныма 10 жігіт қосып бер. Мұны өзім тоқтатып берем!», –депті әлгі қария. Сөйтіп, сым, ши, аттың қылын алдырған. Халықтық тәжірибені қолданып, су тасқынын тоқтатып береді.  Қонаев айтады: «Ертеңіне Мәскеуге судың тоқтатылғаны жөнінде ақпар бердік. Әрине, ақсақал туралы айтқан жоқпыз. Осы оқиға есіме түскен сайын, халық тәжірибесіне шекеден қарауды қоятын мезгіл жеткен жоқ па деп айтамын». Бұл сөздің мәнісі – әр халықтың ешқашан қайталанбайтын болмысы, қайталанбайтын тілі, дәстүрі болады. Соны ұстану керек дегенге саяды. 

– Кемшілігіңізбен қалай күресесіз? 

– Біріншіден, бала кезден Абайды оқып өстік. Абайдан кейін Лев Толстойға ден қойып оқыдым, еңбектерімен таныстым, аудардым. Бұл екі кісі де өзін қатты сынаған, өзіне қатал сынмен қараған шығармашылық иелері. Студенттік шақта Бауыржан Момышұлының шығармаларына қатты қызықтым. Ол да – өзін  аямайтындардың бірі. Соның әсері болса керек, кемшілікті іздеуге, табуға, күресуге тырысамын. Кемшіліктің жөн-жобасы, жүйесі көп қой. Мысалы, Абай өзі туралы:  

Жүрегіме қарасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға

апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес, – дейді. Осы авторларды оқығандықтан, кемшілігіммен күресуге күш саламын.

– Уақыттан үстем не бар?

– Уақытты жаратушы. 

– Абай Қалшабек неден қорқады?

– Құдайдан қорқады. Өзінің жасаған қателіктерінен қорқады. Біреуді ренжітіп алудан қорқады. Өзінің бойына берілген қабілеттерді толық аша алмай кетуден қорқады. Адам боп келдік, өмірге. Адамдықтан айрылып қалудан қорқамын. 

– Кіммен доссыз? Өміріңізді өзгерткен  адамдар туралы айтып беріңізші?

– Анам кішкентай кезімде «Жақсыға жанастыр, жаманнан адастыр» деген тілеуді ылғи айтып жүр, шырағым деуші еді. Анам өмірден өтті. Бірақ, қысқа ғана өмір жолымда талай жақсылармен дәмдес, сырлас, сыйлас болдым. Сол кезде анамның дұғасының шарапаты шығар деген ой келеді.

 Негізінен мен үлгі алған, ұстаз тұтқан адамдарым бұл өмірде жоқ. Ол – Абай. Ол – Буыржан. Ол – Толстой. Ол –Мұқағали. Ол – Махамбет пен Исатай. Ол – Ахмет Байтұрсынов.  Ол – Сұлтанмахмұт. Мен өзім ұстын тұтқан адамдар өмірден өтіп кеткен. Көзі тірілер, қазіргі замандастарымның ішінде адамдығына сүйсінетін, ерлігіне тамсанатын азаматтар баршылық. Оның ішінде ата-анам, әжемді айтқым келеді. 

Бауыржан Момышұлы: «Мен өзі ұстаздан жолы болғанмын. Өмір жолында талай дарынды, адамдығы асқан талай ұстаздарды  көрдім. Бірақ, соның ешқайсы ренжімесін. Әжемнің берген тәлім-тәрбиесіне ешбірі жетпейді», дейді ғой. Алғаш ұшқан ұяда тәлім берген – әжем. Негізгі үлгі аларым – ата-анам. 

– «Қанша қыз соғысса да, есте қалмады» деп талдап, Құртқаны мың жыл ұмттырмаған қасиетіне бойлапсыз. Адамды адамның жадында сақтататын не?

Абай қалшабек3.jpg

– «Қобыланды батыр» жырындағы Құртқа образын шамам келгенше талдағанмын. Құртқаның маңызды ерекшелігі – әйелге тән нәзіктігін, болмысын сақтаған адам. Ол атқа мініп, жауға шапқан жоқ. Ол ел қорғаған жоқ. Отауға кірмей тұрып жарына ат таңдап берді. Батырдың Тайбурылын баптады. Ел қорғап, жорықта жүрген жарының тілеуін тіледі, баласын бақты, адалдығын сақтады. Үйінде отырып-ақ тарихта қалды. Сондықтан, Құртқа образындағы ерекшелік «әйелдік» образын сақтады. 

Біздің қоғамда ердің әйелге, әйелдің ерге құсап көрінгісі келетіні тенденция болды. М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінің концепциясы – түз тағысын үй жануары етіп тәрбиелегісі келеді. Осы оқиғаның соңы үлкен трагедиямен аяқталады. Көксерек баланы жеп қояды. Автор оқиға желісі арқылы жаратылыстың болмысын сақтауы керектігін, табиғи болмысқа қол сұқса, соңы трагедияға ұласады деген идеяны айтқысы келген сияқты. Сондықтан, кез келген жаратылыстың қасиеті – өзіне тән болмысын сақтай білуінде. 

– Өзіңіздің мамандығыңызды екі сөйлеммен сипаттап беріңізші?

– Мен – мұғаліммін. Брінші бухгалтер-экономист мамандығын қызыл дипломмен бітірдім. Мектепті үздік бітірдім. Одан соң медакадемияға түстім. Сол қадамның бәрінде мұғалімдіктен қаштым. Кейіннен филология факультетіне оқуға тапсырдым. Міне сонда суда жүзген балықтай күй кештім. Әкем бала кезімде айтушы еді: «Жұрт – сот, милиция, бай-бағлан болғысы келеді. Түбінде, мұғалімдіктен асқан мамандық жоқ-ау. Істейтіні –үйрету, алатыны – алғыс, еститіні – рақмет. Сондықтан, осы жолды таңдасайшы, шырағым», деп айтатын. Бұл жолға алты жыл айналып келдім. Мамандығым – мұғалім. 

– Педагог мәртебесі қоғам назарына іліккелі осы мамандықтың жай-жапсарын талдамай таңдайтындар көбейе түсті. Айтары бір – жалақының жоғарылығы.  Жалақысы жоғары емес кезде де ұстаздық жолды таңдауыңызға не түрткі болды? Мамандық таңдауда неге мән бердіңіз?

– Ішкі қабілетіме мән бердім. Басқа мамандықтарда оқыдым. Мен іштей әдебиетке бейімдігімді, болмысым соған жақындығын біліп жүрдім. Балалығым мен қоғамның мұғалімге деген салқын көзқарасынан қаштым. Басқа мамандықтарда үздік оқыдым. Мәселе – үздік оқуда емес екен. «Мамандығыңды жан-тәніңмен сүйіп қызмет ете аласың ба?» деген сауалдың жауабын тапқанда ғана мұғалімдікке келдім. Мамандық таңдауда ішкі жаратылыстың ерекшелігін танып-білу керек. 

– Мұғалім – жан мен тәннің суретшісі. Адамның өміріне, компас боларлық шырағын кім жағады осы? Өзі ме, ортасы ма?

– «Менің атым – Қожа» деген фильмде Рахманов ағай мен Майқанованың арасында болатын диалог бар. Рахманов ағай: «Мен Сұлттанның шырағын жаға алмадым» дейді. Сонда Майқанова: «Сіз Қожаның шырағын жақтыңыз ба?», деп мысқылдайды. Меніңше, осы эпизодта ұстаздықтың ең ұлы міндеті айтылған. Режисер мұны саналы түрде беріп отыр. Адамның оянуы – ең ұлы іс. Бенжамин Франклин  «Көп адам 20 жасында өліп қалады. Бірқ, оларды 70-80 жасында жерлейді» деген екен. Кейбір адамның бүкіл өмірі ұйқымен өтіп кетуі мүмкін. Бір адамның оянуына күрделі құбылыс яки бір оқиға әсер етуі мүмкін. Мысалы, менің өмірге салмақты қарауыма ауылдағы бір ағам себеп болды. Ол кісі: «Абай, мына өмір – өте серьезный нәрсе» деген-ді. Сол сәттен өмірге терең жанармен қарадым. Менің оянуыма әсер еткен басты сөйлем осы болуы әбден мүмкін. Бір адамға ішкі ізденіс, біреуге түрткі, біреуге кітап, бір адамға оқиға себеп болып оянады. 

Мектептегі балалар арасындағы  буллингтің емі бар ма? Ұстаз Абайдың жауабын білгім келеді. Адам қай кезде арымен ішкі диалогын бекітеді?

– Ахмет Байтұрсынұлы аударған «Нәбектің аты» деген мысалы бар. Нәбек – кедей, жалғыз тұлпары бар азамат. Оның тұлпарына Дайыр деген бай қызығып, орнына көптеген байлық ұсынады. Нәбек көнбейді. Бай айлаға көшеді.  Нәбек сапарға шыққанда, бай қайыршы киімімен оның жолын тосады. Жол бойындағы ақсақалды көрген Нәбек жөн сұрасады. Қайыршы киіміндегі бай қыр астындағы ауылға жете алмай отырғанын айтады. Нәбек мінгестіріп жеткізбек болады. Қайыршы Нәбеке атқа демеп отырғызуын өтінеді. Нәбектің аттан түсіп, демегенін пайдаланған бай шаба жөнеледі. Мәселенің мән-жайын түсінген Нәбек байға жылқыны беретінін, осы оқиғаны ешкімге айтпауын өтінеді. Оқиғаны өзгелерге баяндамаудың мәнісін ұқпаған бай Нәбектен себебін сұрайды. Нәбек оқиғаның жаман екенін, көмек ұсынған адамның алданғанын, оқиға ел арасында тараса, шын мұқтаждарды адамдар атқа мінгізуге қорқатынын жеткізген екен. Кез келген жақсылық адамға ой тудырады. Айтылған сөз байдың ұятын оятып, жылқыны Нәбекке қайтарады.

Балалар арасындағы буллинг – салдар. Оның өзегінде үлкендердің жаапкершілігі жатыр. Экраннан не көрсетілуде? Үлгі беретін нәрсе көрсетіп жатырмыз ба? Зұлымдыққа бағытталған атыс-шабыс көрсетіп жатырмыз ба? Біз ұрпақ руханиятын шоумен азықтандырып отырмыз. Кінәнің бәрі – өзімізде. Не бердік, соны алудамыз. 

– Рухани сұхбат құруға тек бір адамды шақыра аласыз делік. Кімді шақырар  едіңіз?

– Абайды. Қазіргі қазақ сіздің кезіңіздегі қазаққа қарағанда жөнделді ме, жоқ баяғы қалпында ма? деп сұрар едім.

– Өзіңіз айтқыңыз келген, осыған дейін айта алмаған сөзіңізбен сұхбатымызды түйіндесек! Қандай сөзді айтуға кеш қалғыңыз келмейді?

– Анам өмірден өткен кезде анасы жантәсілім еткен адамдарға қатты ашуым келді. Анадан айырылудың осындай ауыр, өкінішті болатынын бұлар неге айтпаған деп ашуландым. Біз әдетте бақытты қашықтан іздеп үйренгенбіз. Негізі, бақыт деген өзіміздің айналамызда жүр. Ол -  өзің. Отбасың. Балаларыңның басынан сипауың. Жарыңа адалдығың, махаббатың. Ата-анаңа деген құрметің, көршіңе деген сыйластығың.  Ұлылық, адамдығың осы ұғымдардан басталады. Бауырының басын сипауға әлі жетпеген адамның әлемді сүйемін деп айғайлағанына қалай сенуге болады? Әркім әрекетті өзінен бастауы керек!

Сұхбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН

Назгүл КЕНЖЕТАЙ, халықаралық журналист: Өзгерістер үшін халықта саяси сана өзгеруі қажет
Лира Қоныс, жазушы: «АҚШ-та да БАҚ қуатты топтардың мүддесіне қызмет етеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу