Микрокредиттің құрбаны болмаңыз!

Oinet.kz 26-01-2020 1368

Қазіргі таңда 10-15 минут ішінде қажет қаржыңды қолыңа ұстататын микрокредиттік ұйымдар көбейген. Сәйкесінше, олардың тұтынушылары да күн сайын артпаса, азаймайды.

микразайм.jpg

 Мысалы:

-10 минутта;

– бір ғана құжатпен;

-несие тарихыңыз қаралмайды

дегеннен кейін адам оңай олжаны алғысы келіп тұратыны анық. Бұл жерде құмарлық психологиясының алатын орны ерекше. Микрокредиттік ұйымдарға жүгінетіндердің қаржылық сауаттылығынан бұрын олардың әлеуметтік жағдайын ескеру керек. Жағдайы жақсы адам 20 мың, 50 мың, 100 мың теңгені несиеге алмайды. Яғни, бұл тұтынушылардың әлеуметтік ахуалы төмен. Міне, осыдан кейін барып қаржылық сауаттылық алдыға шығады. Олай болса микрокредиттік ұйымдарды жағалап жүргендерге арналған бірнеше кеңесімізге көз жүгіртіңіз.

Пайызы қанша? Көшедегі жарнамаларында күніне 0,1% деп жазады. Былай қарасаң, дым емес. Енді осы 0,1%-ды 30 күнге көбейтсек, 3% шығады. 3%-ды 12 айға көбейткенде, 36% шыға келеді. Жарнаманың мақсаты тұтынушыны баурап алу. Адамдар бірінші кезекте осы құйтырқы сандарға алданып қалады.

Қандай ұтымды тұстары бар? Ұтымды тұсы сол тез арада ақшаны қолыңа ұстатады.

Арнайы банкке барсаңыз:

табыс көзін растауды;

жұмыс орнынан;

зейнетақы қорынан анықтама сұратып жатады.

Оны қиынсынған  немесе несиелік тарихы сәйкес келмей, банктен кері жауап келген адам микрокредитті ала салғанды жөн көреді.

Зияны қандай? Бұл микрокредиттен қарапайым халық зардап шегеді. Біріншіден, пайызы өте жоғары. Төлем уақытынан кешіккенде төлейтін өсім пұлы да жоғары. Бұл жерде қатаң тексеріс жоқ. Біреудің жеке куәлігін пайдаланып, өзге адамның атынан қарыз алу да осы жерден табылады. Сондықтан, құжаттарыңызға мығым болып жүріңіздер!

Шешім қабылдап қойсаңыз…

Адам микрокредитті алуға нақты шешім қабылдады. Енді не нәрсені ескеруі керек? Бұл жерде қаржылық сауатпен қатар заңдық тұрғыдан да сауатты болу шарт.

 Тұтынушы мен мекеме арасындағы қарыз келісімшартын мұқият оқыңыз!

Қазақстан Ұлттық банкінің №377 «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» қаулысына сай банктер несие, қарыздарға 56%-ға дейін үстеме қоса алады. Бұл келісімшарттарда да тұрады. Көбіне ұйымдар мен банктер үстемені 30-40% шамасында көрсетеді.

Бірақ, біз дәл осы келісімшартты оқымаймыз. Майда жазулармен жазылған «тағдырымызға» немқұрайлы қараймыз. Бастысы, ақшаны алсақ болды. Қалғаны сол сәтте маңызсыз. Сондықтан, ойланбастан қол қоя береміз.

Айына қанша төлейсіз?

Кешіккен жағдайда не болады?

Ақшаны қайтара алмай жатқан кезде микрокредиттік ұйымдардың арнайы қызметтері болады. Сол арқылы қарыз уақытын қалай ұзартуға болады?

Ол кезде қанша теңге етіп қайтарамын?

Өсім қанша пайыз? Оны қалай өтеймін?

Осы сұрақтарға жауап алып барып, келісімшартқа қол қойыңыз. Келісімшарт жай қағаз емес, ол – заң алдындағы біздің жауапкершілігіміз. Ломбард та, микрокредиттік мекемелер де сіздің емес, тек өзінің бас пайдасын ойлайтынын естен шығармаңыз! Егер келісімшартта көрсетілмесе де, сізден қосымша өтемақы талап етіп жатса, онда заң орындарына жүгіну керек.

Дереккөз: syrlasu.kz

Иммунитетіңізді қалай тексеруге болады? (тест)
Ақша шақыратын бұйымдар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу