Тәтті пісіріп, шәкірт тәрбиелеп жүр
Кондитерлік өнімдерді пісіріп, сату қазіргі таңда кең тараған кәсіптің бірі. Еліміздегі шағын және орта бизнестің біраз үлесі осы кондитерлік салаға тиесілі. Бұл әсіресе бұл әйелдер арасындағы жұмыссыздықты азайтуға және кәсіпкер қыз-келіншектердің санын арттыруға себеп болып отыр. Оның үстіне кондитерлік өнімдер күнделікті тұтынатын азық-түлікке жататын болғандықтан, сұраныс жоғары.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы елімізде барлығы 87,6 мың тонна шоколад және кондитерлік өнім өндіріліпті. Осылайша өндіріс өткен жылдың қаңтар-қарашасымен салыстырғанда 11,3 пайызға өскен. Айта кетейік, импортталатын шоколад өнімдерінің үлес салмағы өткен жылы 52,8 пайызды құраған. Ішкі нарықта 155,9 мың тонна шоколад пен кондитер өнімі сатылыпты. Бұл ретте экспортқа 30 мың тонна тәтті өнім жөнелтілген дейді зерттеуші мамандар.
Ауыл-аймақтардағы қолынан іс келетін қыз-келіншектердің басым көпшілігі кондитерлік өнім пісіріп, кәсіп ашқан. Әрине бизнес бастау оңай емес. Бұл ретте елімізде кәсіпкерлікті қолдауға, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын көтеруге арналған ұлттық жобалардың көмегі орасан болып тұр. Әсіресе мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан жандар қаншама. Олардың қатарында Сайрам ауданының тұрғыны Ақерке Құнанбайқызы да бар.
Тамақ пен тәтті пісіруді ерекше жақсы көретін тұрғын алғашқыда үйінде отырып, түрлі тапсырыстар қабылдай бастаған. Осылайша арада 9 жыл өткен. Кейіннен қайтарымсыз грант туралы естіген ол үй жағдайындағы бизенесін шындап қолға лып, ұлғайтуды көздейді. Сөйтіп аудандағы «Мансап» орталығынң мамандарына жүгініп, бизнес жоспарын ұсынады. Іскер келіншекті қолдаған мамандар Ақеркеге өткен жылы мамлекеттік грант береді.
Шағын болса да шындап кәсіп бастағанына қуанған келіншек аталған қаражатқа кішігірм цех ашып, кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Қазір «Aidinur» деп аталатын кондитерлік орталығында түрлі тапсырыстар қабылдап, неше түрлі тәттілерді сатылымға шығарады.
«Мемлекет тарапынан алған қаражатқа Италиялық модельдегі пешті сатып алдым. Оның артықшылығы сапасы өте жоғары және үлкен. Ішіне бір мезетте 3 ыдыс сыяды. Уақыт үнемдеу жағынан ұтамыз. Сондай-ақ кондитерлік цехқа аса қажетті миксер алдым. Ол үлкен көлемдегі қамырларды илеуге, кремдерді араластыруға өте ыңғайлы. Әсересе той-жиындарға арналған көп қабатты торттарды пісіргенде кәдімгідей уақытымызды үнемдейді. Одан бөлек тоңазытқыш, мұздатқыш секілді өзге де техникаларымды түгелдеп алдым. Қазір жұмыс өте жақсы. Бұрыннан таныс болған тұтынушылар жиі тапсырыс береді. Сұраныс көп. Әсіресе шәймен ішкенге жақсы, тіске басарлар, микс торттар жақсы сатылымда. Біз секілді қыз-келіншектерге, аналарға қайтарымсыз грант өте үлкен көмек болуда. Себебі әрбір әйелдің қолынан іс келеді. Бірау тігін тігеді, біреу қолөнер жасайды дегендей. Міне, осы қызығушылықтарын кәсіпке айналдыруда мемлекеттік жобалар себеп болуда»,- дейді кәсіпкер.
Кондитерлік өнімдер нарығын ұннан жасалған өнімдер (печенье, вафли, кекстер, орамалар, пряниктер, торттар, шығыс ұн тәттілері) және қанттан жасалған өнімдер (карамель, шоколад, кәмпиттер, мармелад, жеміс қағынан жасалған кәмпит, халуа, зефир, ирис, драже, қатты кәмпиттер, грильяж, суфле, помадкалар т.б.) деп екі бағытқа бөледі. Әр сегменттің өзіндік ерекшелігі бар. Ұн өнімдері нарықта үлкен сұранысқа ие. Дәл осы бағытта шағын және орташа бизнестің мүмкіндігі өте зор.
Кондитерлік өнімдерді дайындау процесін үш кезеңге бөлуге болады: қамырын дайындау, пісіру және әсемдеу. Өндірісті бастау үшін планетарлық миксер, пештер мен кондитерлік құрал-жабдықтар қажет.
Кондитердік цехта жұмыс ең бірінші санитарлық тазалықтан басталады. Әрбір қызметкер алдымен қолын жуып, шашын жинап, арнайы жұмыс формасын киеді. Бүгінгі пісірілетін тағамдардың тізіміне көз салып, қызу жұмысқа кіріседі.
Дайын болған торттар міндетті түрле тоңазытқышта 2 сағат пен 24 сағаттың аралығында сақталуы қажет. Бұл уақыт аралығында торттың кремдері сіңіп, бабында тұрады. Ал егер кремі толық сіңбесе торт қисайып формасын жоғалтады екен. Ең соңында торттың бетін әрлеу жұмыстары жүргізіліп, қапталып, сатылымға шығарылады.
Ақерке Құнанбайқызы өзінің орталығында тек тәтті пісіріп, тапсырыс қабылдаумен айналыспайды. Ол сонымен қатар өзі секілді осы салаға қызығушы жандарды оқытып, шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алған. Ол мұнда шәкірттеріне тәтті торттар мен бәліштерді пісірудің қыр-сырын үйретеді. Бұл кәсіпке қызығушылар Ақеркенің рецебі бойынша бір күнде 5-6 тәттіні пісірудің жолын үйретіп шығады. Тіпті ауқымды той-жиындарға арналған бірнеше қабатты торт пісіруді де үйретеді екен. Шәкірттер қолынан бал тамған Ақееркеден 1 ай сабақ алып, көзбен көріп, қолмен ұстап, тәжірибеден өтеді.
«Орталыққа көбінесе 13 жас пен 35 жастың аралығындағы қыз-келіншектер келеді екен. Үйренемін деушілердің арасында қазіргі таңда тойдың тәттілері және күнделікті шәймен ішкенге арналған микс торттарды пісіруді үйренушілердің қатары қалың. Білгеніңді өзгеге неге үйретпеске? Қыз-келіншектер бір көргеннен-ақ барлығын тез үйнеріп алады. Қазір онлайн курстар көп. Олардан біздің артықшылығымыз барлығын нөлден бастап соңына дейін үйретемін. Және тәттілерді үйренушілер бастан аяқ өздері пісіріп шығады. Қызығып жатқан әсіресе мектеп оқушылары, жас қыздар қте көп»,- дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер қазіргі таңда аудандағы орта оқу орнымен келісімге тұрған. Студент қыздар кондитерлік цехқа келіп, іс тәжірибеден өтеді.
Еске сала кетейік, мемлекет тарапынан берілетін қайраымсыз грантқа қатысу үшін алдымен жұмыссыз ретінде тіркеліп, жергілікті жердегі «Мансап» орталығына бару қажет. Өтінім беру үшін: орталда тіркелу; грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту; бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу; өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады. Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады: тіркелген жұмыссыздар; жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек: мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері; көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы); мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы); асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.
Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.
Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.