Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
10 қарашада өткізілген Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының Аққала ауылдық округі әкімінің сайлауы талапқа сай өткізілді. Осы сайлау қарсаңында округке облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алканова арнайы келіп, Аққала ауылдық округі әкімінің сайлауына дайындық жұмыстары аясында ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізген болатын.
Кездесуге Самар ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Құрманғалиева, аудандық қоғамдастық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, Аққала ауылдық округінің жергілікті қауымдастығының мүшелері мен округтен сайланған мәслихат депутаттары, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және учаскелік сайлау комиссиясы мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Айгүл Құрманғалиева ашып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасарына сөз берді. Жанар Алканова кездесуге қатысушыларға Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заң нормалары және сайлаушылардың саны туралы мәлімет берді.
- Сайлау қоғамдық саяси науқан болғандықтан, барлық үкіметтік емес ұйымдар, саяси партия, байқаушылар мен сенімді өкілдер тарапынан үлкен бәсекелестік ахуал қалыптасуы – шартты жағдай. Бұл барлық дамыған елдерде өтіп жатқан сайлаулардың тәжірибесінде көрініс табатын құбылыстар. Сондықтан қоғам ішіндегі таңдау жасау құқығы қандай жағдайда болмасын шектелмеуі тиіс және әр сайлаушы өз округіндегі қалаған кандидатқа ерікті түрде дауыс бере алады, – деді ол. Сөйтіп кездесу соңында Жанар Алканова сайлаушылардың құқығын қамтамасыз етуге кеңірек тоқталды. Саяси науқанға белсенді азаматтық позицияларын білдіріп, сайлауға қатысуға атсалысу керектігін баса айтып, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Іссапар барысында Жанар Алканова Аққала ауылдық округінде орналасқан сайлау учаскесінің сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстарымен танысып, сайлау күні дауыс беру процесінде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу керектігін қатаң ескертті.
Сайлау алдында өткізілген бұл жиынның 10 қараша күнгі сайлаудың талапқа сай өткізілуіне жол ашты. Сайлау әділ де, ұйымшылдықпен өтті. Жалпы Аққала ауылдық округі әкімінің сайлауына кандидат болып үш үміткер тіркелген еді. Оның бірі 1978 жылы дүниеге келген, Самара ауданы әкімі аппаратының канцлерия бөлімінің басшысы Алма Жаламанова. Екінші кандидаттың есімі Гульфия Наурузбаева. 1970 жылы туған ол Самара ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істейді. Ал үшінші кандидаттың есімі Айдос Кәкенов. 1991 жылы туған ол «Құтты» шаруа қожалығы бастығының орынбасары. Үш кандидат та өзін-өзі ұсынғандар.
Сөйтіп Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 45, 113-11-баптарына сәйкес Самар аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 10 қарашада өткен Самар ауданы Аққала ауылдық округінің әкімін сайлау жөніндегі учаскелік сайлау комиссияларының дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларының негізінде Самар ауданы Аққала ауылдық округінің әкімі болып Кәкенов Айдос Ералыұлы сайланды. 1991 жылы туған, «Құтты» шаруа қожалығы басшысының орынбасары, Самар ауданының Қойтас ауылында тұрғыны бүгінгі күні өз қызыметіне кірісіп, округ тұрғындарымен бірлесе еңбек етуде.