Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында да 10 қараша күні Қалжыр мен Марқакөл ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Құрманғалиеваның айтуынша, аталған округтер бойынша әкім лауазымына барлығы 5 кандидат тіркелген.
Оның біреуі әйел, үшеуі өзін-өзі ұсынғандар. Ал Amanat партиясы атынан екі кандидат ұсынылып отыр.
- Бүгінгі күні ауыл әкіміне қойылатын жауапкершіліктің жүзі ауыр. Халықтың ауыл әкімін сайлауы оның ел алдында жауапкершілігін көтереді, әрі елдің билікке деген сенімін өсіреді. Енді оның дербес бюджетіне аз-кем тоқталсақ. 2020 жылдан бастап барлық ауылға қатысты «4-деңгейлі бюджет» деп айдарланған реформа жүзеге асып келеді. Бұл тетік ауыл басшыларына елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін дербес шешуге мүмкіндік беруі тиіс. Қазақша айтқанда ауыл әкімі қашанғы аудан, я қалаға алақан жайып қарап отырады? Өз шаруасын өзі неге шешпеске? 4-ші деңгейлі бюджет осы мәселелерге жауап болуы тиіс. Ауылішілік жолдарды өздеріңіз білесіздер күтіп ұстауға, техникаларды күтіп ұстауға, көгалдандыру, аулаларды абаттандыру жұмысы сияқты ірілі-ұсақ, орта деңгейдегі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Міне, ауыл әкімдерін сайлаудағы халықтың ұтар тұсы осы, - дейді комиссия төрағасы.
Жалпы Қалжыр ауылдық округі әкіміне бастапқыда 4 кандидат тіркелген болатын. Тіркелген кандидаттардың бірін Amanat партиясы ұсынған болса, қалған үшеуі өзін-өзі ұсынғандар. Партия сенім білдірген кандидат – 1989 жылы туған, Қалжыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Махамбет Амантайұлы Омаров. Өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бірі – 1981 жылы туған Қалжыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Құралай Абикенқызы Сайкенова. Екіншісі – 1962 жылы туған Боран ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Оралбек Кабикұлы Атыканов. Үшінші кандидат – 1973 жылы дүниеге келген «Мектеп – интернат колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шаруашылық меңгерушісі Марат Секенұлы Тежекенов. Ал сайлау қарсаңында өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бірі Оралбек Кабикұлы Атыканов өз есімін сайлау бюлетенінен алдыртты.
- Мұндағы сайлау тартысты өтті. Қалжыр ауылдық округі әкімінің сайлауында сайлаушылар тізімге енгізілген 898 сайлаушының 615-і қатысып өз таңдауларын жасады. Округ халқының 68,48 пайызы сайлаудан тыс қалмай сайлауға келіп қатысты. Дауыс бюллетеньдерін санау барысында Махамбет Амантайұлы Омаровтың сайлаушылардың – 394 дауысын иеленгені белгілі болды. Ал Құралай Абикенқызы Сайкенова сайлаушылардың 37, Марат Секеноұлы Тежекенов 178 дауысын жинаған. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 6. Дауыс беру нәтижесі бойынша Amanat партиясы ұсынған, 1989 жылы туған, Қалжыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Махамбет Амантайұлы Омаров – Қалжыр ауылдық округінің әкімі болып сайланды, - дейді Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Құрманғалиева.
Ал осы күні Марқакөл ауылдық округі әкімі де сайланды. Ондағы сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізілген 2331 адамның 76,1 пайызы, яғни 1775 сайлаушы дауыс беріп, өз таңдауларын жасаған. Мұнда дауысқа түскен екі кандидат. Оның бірі - Қуат Кизатұлы Кизатов сайлаушылардың 79 пайыз дауысына, яғни 1353 дауыс жинаған болса, екінші кандидат – Ерасыл Мубаракұлы Ашимов халықтың 19 пайыз қолдауына, яғни 333 дауысқа ие болды. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 26. Дауыс беру нәтижесі бойынша Amanat партиясы ұсынған, 1983 жылы туған, Куат Кизатұлы Кизатов – Марқакөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Бүгінгі күні қос ауылдық округ әкімі өз міндеттеріне кірісіп, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуде.