Киім киюдің де әдебі бар
Американың жас әншісі, ешкімге ұқсамайтын «біртүрлі» стилімен тыңдармандарын таңқалдырудан жалықпайтын Леди Гага сахнаға не киіп шықпады десеңізші? Шоу бизнеске алғаш келген сәтінен бастап, дүйім жұртшылықты әдеттен тыс киіну үлгісімен өзіне қаратты. Оның сахнадағы келбеті кейбіреулерді еліктірсе, енді біреулерге қорқыныш сезімін тудыртып жатады. Леди Гаганың талғамы мен қиялының ұшқырлығы соншалық, қандай мата, былғары, өсімдік, жануар болсын одан киім әзірлеп киюге дайын. Шатақ құмақ әншінің гардеробынан адамның ойына кіріп шықпайтын киімдерді (киім деп атауға болса әрине) кездестіруге болады. Осы уақытқа дейін ол өз қолымен жасаған сабын көбіктерінен тұратын көйлек, шаштан тігілген, шырмауықты ойыншықтар ілінген, гүл және Кермит бақаларымен өрнектелген және кеудесінен отшашу атылатын, орбита тәрізді айналып тұратын көйлекті, қойшы әйтеуір не керек бәрін киіп үлгерді. Өзгенің үлгісін қайталауды ұнатпайтын бикеш, геометриялық фигуралармен сәнделген киімдерді ұнатады екен. Мұны оның сахнаға киіп шыққан үлкен-үлкен жалған кристаллдардан жасалған «Қар ханшайымы» деп аталатын туындысын, қатты былғарыдан тігілген геометриялы көйлегі мен үшярусты шұбалаңқы көйленінен аңғаруға болады. Мата оранудан жалыққан әнші кезекті бір концертте сахнаға кәдімгі целлофан оранған кейіппен шықты.
«Атың шықпаса жер өрте» дейтін қазақтың мақалы дәл Ледиге айтылғай сыңайлы. О заманда бұ заман, сиырдың шикі етінен киім тігіпті дегенді естіппе едіңіз? Леди ханымға ол да түк болмады. 2010 жылы Video Music Awards атты МТV-дің салтанатты кешіне шикі еттен жасалған киім киіп, адамзат тарихында болмаған жаңалықты ашып, тағы да сенсация жасады. Тек көйлегі ғана емес, сонымен қатар басындағы қалпағы мен етігі де еттен тігілген. 16 келі етті құрбан еткен көйлекті тоңазытқышта сақтауға тура келіпті. Гага үстіне анау-мынауды ілуді қойып, жалаңаш жүруден де тайсалмайтынын талай рет дәлелдеді.
Бұл батыстағы шоу-бизнестің сиқы. Ал Қазақстанда ше? Өкінішке қарай, соңғы кездері отандық шоу-бизнес өкілдерінің арасында да шетелдік әріптестерінен қалмай «әдепсіз» киінетіндер көбейіп барады. Денесінің бар «байлығын» көрсетуден қымсынбайтын жұлдыздар жартылай жалаңаш суреттерін әлеуметтік желілерге салып жарысуда. Қалың оқырмандар арасында оларды сынап жатқандары жетерлік. Алайда «Айта айта Алтайды Жамал апам қартайды» демекші жұртта да айта-айта, жаза-жаза жалықты. Тіпті, ел алдында өнер көрсетіп жүрген жұлдыздардың бұл әрекетіне көз де үйренгендей. Қанша жерден дауысың мен әнің жұртты елітіп бара жатса да үстіңдегі киімің талғамсыз болса қадірің қашады емес пе?!
Өнер адамдары – халықтың айнасы. Тыңдармандар оларға қарап мақтанады, үлгі алады, еліктейді. Қанша жерден атақты болып, елдің еркесі болса да киіну әдебін сақтау керек.
Әсел Момынова,
ОҚО