Д.Қонаев: «Мен мансап қуып келмегенімді осы жерде түсіндім»

Oinet.kz 22-03-2019 1121

Screenshot_8.jpg       

Ер етігімен қан кешкен күндерде зейнетінен бейнеті басым тылдың бар ауыртпалығын тең көтерген ұжыммен қимай қоштасар күн туды. 1942 жылдың сәуір айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Скворцовтан жедел хат алғанмын. Онда Орталық Комитеттің қарамағына қызметке шақыртыпты. Бар шаруаны Новиковқа өткізіп, Алматыға аттандым. Сәуір айының жиырмасына қараған түнде Скворцов қабылдады. Жиырмасына қараған түні деп отырғаным: бірінші хатшының табалдырығынан аттаған тұста сағат тілі түнгі бірді көрсетіп еді. Ол кезде ерте келіп, кеш қайттым-ау деген әңгіме жоқ. Таңғы 3 – 4-ке дейін тапжылмай отырып жұмыс істеу тәртіпке енген-ді.

      Скворцов әдеттегісінше жылы шыраймен қарсы алды. Мән-жайды түсіндіре келіп:

- Өнеркәсіп саласында ұлттық кадрлардың тапшылығы өзіңізге аян. Дүр сілкінетін күн де алыс емес шығар. Әзірге, барға қанағат. Орталық Комитет Сізге сенім көрсетіп отыр. Қазақ КСР Халық комиссариаты төрағасының орынбасарлығына ұсынады. Одаққа бағанышты өнеркәсіп орындарының жұмысымен шұғылданатын боласыз. Сондықтан БК(б)П Орталық Комиетіне бекітілуге бару үшін,  шұғыл Мәскеуге жүріп кетуге тура келеді, - деді.

      Жедел хатта ашып еш нәрсе жазылмаған. Мұндағы әңгіменің ау-жайы өздеріңіз көріп отырғандай. Лажсыз уәж айтуға тура келді.

  - Таңдаудың маған түскеніне және сенім көрсеткендеріңізге рахмет! Әйтсе де, дәл бүгінгідей ел басына қатер төніп тұрған қиын-қыстау шақта менің Лениногорда қалғаным дұрысырақ болар еді. Әлдеқайда көп пайда келтірер едім. Жауапкершілік қай жерде де бірдей. Қызметтің үлкен-кішісінде емес, не тындырып, не қойғанында. Сондықтан қисаңыз, мені бұрынғы қызметіме қайта жіберсеңіздер екен, - дедім.

     Обалы нешік, Скворцов мұқият тыңдады, бірақ:

  - Орталық Комиеттің шешімін екі етуге болмайды. Табыс тілеймін! – деп, қысқа қайырды.

       Мәскеуге барып-қайту оңай емес еді. Содан мамыр айының екінші жартысында арып-ашып Алматыға қайта келдім. Алдымда – жаңа қызмет, жаңа міндет күтіп тұрды.

       Халық Комиссарлар Кеңесінде, кейін Орталық Комитетте қызмет істеп жүрген тұста ең қимас дүниемді ұмыт қалдырғандай, Лениногорға аңсарым ауатын да тұратын және қызмет бабы да ат ізін жиі салдыратын. Көз алдымда құлпыра түскен қаланың әрбір жаңалығына қызғана да, қызыға да қарап, зәру ісін шешуге қолдан келгенімді аяғаным жоқ. Кейін 1959 жылы лениногорлықтар мені республика Жоғары Кеңесіне депутат етіп сайлады. Мұның өзі бұрынғыдан бетер жақындастыра түскен-ді. Осылай өр Алтай өңірі мен үшін ең ыстық жерұйыққа айналған. Түсті металлургияның іргелі шаңырақтары саналатын. Лениногорда, БЛКЖО-ның 40 жылдығы атындағы және Тишин кеніштерінде, байыту фабрикаларында, қорғасын, мырыш заводтарында менің беймаза, бірақ жемісті істердің куәсіндей күндер мен түндер өтті. Мен азды-көпті қосқан үлесімді емес, ондағы өмір мектебінің маған берген тәлімін,  тәжірибесін мақтан етемін. Лениногор – жоғары сапалы қорғасын, мырыш және басқа да металдар алу үшін ғалымдармен тізе қосып отырып кен өндіру мен байытудың, шикізатты өңдеудің жаңа тәсілдерін, соны технологиясын талдап, жетілдірудің ең ірі орталығы Лениногор – полиметалл кендерін өндіру мен өңдеу жөнінен  жаңашылдар қаласы. «Қорғасын-құрылыс», «Шахта құрылысы басқармасының» ұжымдары еңбек даңқына кір шалдырып көрген емес. Лениногор энергетиктерін ерекше ықыласпен еске алуға болады, олар Харузов ГЭС-ін тұңғышалды құрылыс ретінде іске қосқан-ды. Тоқыма фабрикасы, ет-сүт және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары дайындаған өнімдер көпшілік талабынан шығып келеді.

      Әр кәсіптің өз қиындығы мен қызығы бар. Әңгіме соның игілігін көруде. Дегенмен, жыл он екі ай үй көрмей, бар өмірін түзде өткізетін геологтарға деген ықыластың жөні бөлек. Мына дәулетте, сәулетте жеті қат жер астының бар сырына қанық сол геолог ағайындарының үлес салмағы мол. Соңғы жылдары олар ашқан қазына «аралдары» көңіл көншіткендей. Геологтарға деген лениногорлықтардың  да құрметі айрықша. Ал, қаланың жасыл желекке көмкеріліп, гүлге оранғанын көрудің өзі бір ғанибет. Лениногор еңбекшілері Риддер-Лениногордың іргесінің қаланғанына 250 жылдық тойын атап өтті. Демек, осынау кенді өңірдің тарихы да, таңдай қақтырғандай тамаша істері де аз емес. Оның жау жағадан алып, ер етігімен қан кешкен жылдардағы  тарихы өшпестей жадымда қалып қойды, ол күндердің әрбір сағаты ерлікке толы еді. Оны жіпке тізгендей айтып шығу кімге де болса оңайға түспес, сірә.

      1942 жылы маусым айның 6-сы күні таңертең Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің табалдырығынан аттадым. Ілгері үмітпен күн кешсем де туған жеріме – күллі балалық, жастық шағым өткен Алматыға біржола оралармын деп ешқашан ойлағаным жоқ еді. Тұз-дәм  тартса, алды-артыңа қаратпайды екен.

      Соғыс деген сұмдықты бастан кешудің азабын айтпағанның өзінде, осы бір аза бойыңды қаза тұрғызар жалғыз ауыр сөзді естудің өзі ауыр. Өмір мен өлім бетпе-бет келген қан майданнан қанша шалғайда жатса да мұнда да оның ызғары жетіп, ел әпшісін  қуыра бастаған екен. Көшеде сеңдей соғылысқан ел, әсіресе, аттап бассаң, әскери адамдар алаңынан шығады, бұрын ілуде біреуі төбе көрсетсе, шүкір дейтін едік, енді жағдай мынау. Артына қарайлай-қарайлай майданға аттанып жатқан үлкен-кіші, азаматтарын қимай-қимай шығарып салып, жылап-сықтаған ата-ана, бала-шаға, қатын-қалаш. Алғы шепте жүріп, жараланған солдаттар мен офицерлер госпитальдар маңында қара құрым. Соғыс өтінен осында көшірілгендер, босқындар мен қорғансыздар қанша. Аш адамның құдайын ұмытқан, тарыққаннның тас шайнаған кезі. Көзін сатқан балаларды, жерге қараған қарияларды көргенде өкініштен өзегің өртенеді. Келсабың сынса, келі де құриды ғой, үстері жұпыны, жүздері сынық.

      Алматыға қайта оралған шақта, міне, осындай жан ауыртар, жүрек сыздатар тосын суретті көріп, далаға келгендей көңілім құлазып қалып еді. Халық: «Күйігін жасырғанның көңілі жұбанбас» дейді. Мен мансап қуып келмегенімді, осы жерде тереңірек түсіндім. Қалайда қабырғасы сөгіліп, қайғыға батқан ел-жұртыма демеу болар іс тындыру керек, аянбай тер төгу керек деген міндет қойдым алдыма. Жаңа қызметке қызығып кірістім деуден гөрі, қызынып бастым деу орынды. Барлай қарап, байыбына жете түскен сайын мен үшін тосын, оңайлықпен бауыр баса қояр қызмет болмай шықты. Еш қоспасы жоқ - әкімдік жұмыс екен. Өндірісте жүріп, істің басында соның барында да, жоғында да шыдас беріп, ыстық-суығына бірдей күйіп-пісетін адамға оңай тимеді. Өрге кезіккенше, еңістің қадірін білген бе адам. Балқаштағыдай, Лениногордағыдай емес, күнде не істеп, не қойғаныңды қорытындылап, барыңды таразылап, жоғыңды саралай алмайды екенсің. Онда нақтылы жұмыс, тиянақты нәтиже бар. Ал мұнда әлденеше ай өткен соң, керек десеңіз жылдар өткеннен кейін ғана бағалағандайсың.

     Бізде, жоғары деңгейдегі қызметте еш жерде жазылмаған, бірақ әбден қалыпқа түскен қатал тәртіп бар. Ол - өзіңнен бір саты биікте тұрған кісінің пікіріне ден қойып, құлақ асу. Ешқайда бұрылмастан, ең әуелі Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Оңдасыновтың алдынан өттім. Сосын Скворцовта, онан кейін Шаяхметовте болып, міндетімді айқындап алдым. Обалдары не, республика өнеркәсібіндегі жағдайды егжей-тегжейлі  талдап беріп, өз байламдарынан хабардар етті. Олардың әңгімелерінен түйгенім мынау болды: Орталық Комитеттің өнеркәсіпке қатысты бөлімімен, Орталық Комитеттің салалық хатшысымен қоян-қолтық араласып, жұмыс істеуге тиісті екенмін. Түсті металлургия, көмір және мұнай өнеркәсібі кәсіпорындарының, электростанциялардың,  теміржол, транспорт және автотранспорттың, сондай-ақ қорағаныс заводтарының жұмысын қадағалап, қажет кезінде көмектесіп отыру.           

Оңтүстіктің спортшылары Олимпиададан олжасыз құралақан оралды
«Темір әкім» Бергей Рысқалиевке тықыр таянды ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу