«Темір әкім» Бергей Рысқалиевке тықыр таянды ма?

Oinet.kz 22-03-2019 1218

Screenshot_1.jpg

«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген сөз тегінде бекер айтылмаған ғой. Тамыздың 15-сы күні орнынан босатылған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев қызметтен шеттетіліп қана қойған жоқ, бас бостандығы шектеліп, үйқамақта отыр. Құқық қорғау органдарының бейресми дереккөздеріне сүйенген бірқатар басылымдар осындай ақпарат таратты.  Бергей Рысқалиевтің 8 жылдан бері Лондонда тұрып жатқан жұбайына кетпек болған жерінде, Атыраудың әуежайында тұтқындалғаны туралы «ҚазТАГ»-тың ақпараты да ел ішін кезіп кетті. 

Бергей Рысқалиевтің алты жылдан бергі жылы орнын суытқанын, оны орнынан алуға тікелей Елбасының өзі келуін ақпарат құралдары әу бастан-ақ сан-саққа жорып, бұл аласапыранның басы ғана деген болатын. Рас болып шықты. 

 Экс-әкімнің жуырда көпшіліктің көзінше мұнайшылардың балаларын балабақшадан шығарып, тіпті «олардың балаларын мемлекеттік балабақшаларға қабылдасаңыздар, жауап бересіздер» деген талабын ел әлі ұмыта қойған жоқ. «Рейтинг» газеті бұл туралы жан-жақты жазды да. Атыраудағы ауыс-түйісті алғашқыда осы мәлімдемемен байланыстырғандар да табылған. Бірақ гәп басқада болып шықты. Бергей Рысқалиевтің қызметінен босатылуы балабақшаға қатысты емес, тамыры тереңге кеткен былық-шылыққа барып тірелді. 

Әкімдік қызметтен кетер кезде Бергей Рысқалиев жергілікті ресми газетке қоштасу үндеуін жариялаған екен. Онда экс-әкім  темір тәртіп орнату үшін қызметкелеріне қатаң талап қойғанын,  жұмыс барысында әлдебіреулерге тізесін қаттырақ батырып, өкпелетіп алса, олардан кешірім сұрайтынын жазыпты. ...Кісі өкпелеткені не тәйірі, енді белгілі болғандай «темір әкім» тым қатты кеткен сияқты.  

Бергей Рысқалиевке қатысты істің мән-жайы әзірге толық белгілі емес. Атыраудан шығатын «Ақ Жайық» газетінде осы аптада күштік құрылымдардың бірінде істейтін,  аты-жөні көрсетілмеген қызметкерден алынған сұхбат жарияланды. Осы сұхбатта келтірілген деректер рас болса, Б.Рысқалиевтің мәселесі жуырда  Бас прокуратурада өткен жиында арнайы қаралған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев жиналғандарға Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев пен оның бауыры, ел арасында «Ақаман» деген атпен танылған, бүгінде Мәжілісте депутат  Аманжан Рысқалиевке қатысты 70-ке жуық істі таныстырған. Аталған істердің барлығы дерлік бизнес құрылымдарын, жер телімдерін күштеп тартып алу, тендерлерден 40 пайыздық «откат» алу, тіпті тапсырыспен ұрып-соғу, кісі өлтіру, өртеу сияқты, естіген адамның жағасын ұстатарлық тірлік болып шыққан. Қылмыстық істерге құзырлы органдар көз жұма қарап, жылы жауып келгені де осы кезде белгілі болған. Алайда Атыраудың «жарты құдайынан» жәбір көргендер арыз жазуды үдете түсіп, ол ақыр аяғы Елбасының өзіне жеткен. Б.Рысқалиевтің мәселесінің күн тәртібіне қойылуы осыдан кейін басталған. 

Мемлекет басшысы бірінші кезекте Аслан Мусинді шақырған көрінеді. Елбасы оны Президент әкімшілігінің жетекшісі ретінде шақырды ма, әлде Бергей Рысқалиевтің «қамқоршысы» ретінде шақырды ма, ол жағы айта алмаймыз. Бірақ А.Мусиннің өзі де «ізбасарының» тірлігіне бас шайқаған деседі.

Атыраудағы былық-шылықты ұйымдастырушыларға жергілікті сот орындары, қаржы полициясы, салық, прокуратура, ішкі істер департаментінің басшылары да мүдделес болғаны зерттеп,зерделеуді қажет ететін факт.  Қазір оларға қатысты мән-жайлар тексеріліп жатыр. Бергей Рысқалиевтің ізін ала Атырау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Р.Досанов қызметінен кетті. Бұл ауыс-түйіс те бекер емес шығар. Жақын күндері жоғарыда аталған органдардың, сонымен бірге «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының басшылығы да түгелдей жаңарады деп күтілуде. Атырау облыстық әкімдігін, басқармалар мен аудан әкімдігін Бергей Рысқалиевтің сыбайластарынан тазарту шаралары да белсенді түрде жүргізіледі. Өңірге жаңадан тағайындалған әкім Бақтықожа Ізмұханбетов осы аптада өзінің орынбасарларын түгелдей жаңартып та үлгерді. Ал бұрынғы орынбасарлардың мәселесі май шаммен қаралып жатыр. Өйткені бюджет қаржысын талан-таражға салған маңызды құжаттарға әкімнің өзі емес, осы орынбасарлары, басқа да жауапты қызметкерлер қалай  қол қойғаны тексерілмек. Бұлардың алды бой тасалап үлгерген. Қашқындардың арасында Бергей Рысқалиевтің атышулы ағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиев те бар деген деректің не жел сөз, не жөн сөз екені бүгін-ертең елге белгілі болмақ.  

 Бергей Рысқалиевтің құрған тобы ұзақ уақыт бойы бюджет қаржысын аты бар да заты жоқ компанияларға аудару арқылы талан-таражға салғаны,  тендерді тек әкімнің туыстары немесе соған жақын азаматтар жетекшілік ететін компаниялдар ұтып отырғаны, Атыраудың қызыл балығы шетелге заңсыз жолмен сатылғаны қаншалықты шындыққа жанасатындығын айыру құзырлы органдардың еншісінде. Ал  балық саудасының басы-қасында болған әкімнің орынбасары Сәлімжан Нақпаев туралы әңгіме бөлек. Кезінде Бергей Рысқалиевке жақын адамдардың бірі болған С.Нақпаев бертінде бастығының қырына ілігіп, тіпті өзара келіспеушіліктің салдарынан Бергей Рысқалиев оны кабинетіне шақырып алып, қол жұмсағаны рас-өтірігін де анықтау керек. Алайда аяғын алшаң басып ойнап –күліп қызметтің қызығын армансыз көріп жүрген оның ойда-жоқта сот үкімімен ол өз бетінше билік етті деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылғаны даусыз ақиқат.  Қазір прокуратура С.Нақпаевтың ісін қайта қарату үшін сотқа наразылық келтіріпті. Демек Бергей мен ол жасақтаған команда төңірегіндегі әңгіменің өрбуіне нақты себептер бар. Тізбелеп отырған сорақы деректің бәрі де жоғарыда айтқанымыздай Атыраудан шығатын «Ақ Жайық» газетінде жарияланған сұхбаттан  алынып отыр. Кешегі күні Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз ішкі істер органдары тарапынан Атырау облысындағы атқарушы билік өкілдеріне қатысты ешқандай да тұтқындау шараларын жүргізбегінін жария етті. Өзге құзырлы органдар әзірге мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Сонда экс-әкім Бергей Рысқалиевке қатысты алып-қашты әңгімелер негізсіз болғаны ма? 

Жалпы, Бергей Рысқалиев көбіне Президент әкімшілігінің жетекшісі, Ақордадағы салмағы ауыр саясаткерлердің бірі, дәлірегі бірегейі  Аслан Мусиннің ықпалындағы кадр ретінде аталады. Екеуінің жолы 2000 жылдары Аслан Мусин Ақтөбе облысының әкімі болып тұрған кезде түйіскен. Бергей Рысқалиев осы жылдары Ақтөбеде әртүрлі басшылық қызметтер атқарған. А.Мусин 2002 жылы Атырау облысына әкім болып келгеннен кейін Б.Рысқалиев мұнайшылар қаласында арақ шығаратын «Аяжан» деген компанияның негізін қалайды. Артынша бизнестен билікке ауысады. Алдымен Мусиннің кеңесшісі болып, мәжіліс сайлауына түседі. Алайда мәжілістің мандатын иемдену Бергейге бұйырмаған екен. Есесіне ол облыстық мәслихаттың хатшылығына сайланып, облыстағы ең ықпалды шенеуніктердің қатарына қосылады. Бұдан кейін А.Мусиннің орынбасары, ал 2006 жылы ол экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып кеткен кезде Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалған. 

Сарапшылар Бергей Рысқалиевке қатысты әңгімелерді кландар арасындағы текетіреспен байланыстырады. Олардың айтуынша, Атыраудың бұрынғы әкімінің ойда-жоқта орнынан алынуы А.Мусинің позициясына қатты әсер етеді. Кейінгі кездері күшейіп кеткен мусиндік кланға қарсы соққы беру шаралары мұнымен бітпейді. 

Дегенмен кім біледі, әліптің артын бағалық. 

Мұрағаттан, 19.08.2012 ж

Д.Қонаев: «Мен мансап қуып келмегенімді осы жерде түсіндім»
Шыңғыс Мұқан облыс әкімінің орынбасары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу