Шыңғыс Мұқан облыс әкімінің орынбасары
«Жас Алаш» газетінің қабырғасында жүріп, журналистикаға жаңаша леппен келген әріптесіміз Шыңғыс Мұқан Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Қай уақытта да жасқа тән албырттығымен, ізденпаздығымен танылған, ізденіске толы қадамына ел сүйсінген Шыңғыс Мұқан Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орнын бітіріп, Франциядағы «Париж ХІІ" университетінің магистратурасын тәмамдаған. Бірнеше шет тілін меңгерген. Еңбек жолын «Жас Алаш» газетінде тілшіліктен бастап, "Media Net" халықаралық журналистика орталығында оқытушы, «Жайық-пресс» ЖШС-інің бас директоры, «Орал өңірі», Приуралье» газеттері редакциялық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. Биылдан бастап ол Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің мәдениет, тіл және спорт секторының меңгеруші қызметін атқарып келген болатын.
Үлкен жауапкершілік арқалаған Шыңғыс бауырымыздың әкесі Жұмабектің белгілі журналист екені елге жақсы таныс. «Тура биден туған жоқ» дейтін қағида ұстанған Жұмекеңнің тағы бір перзенті Гүлнәр Мұқанова да республика жұртшылығына танымал журналист. Ал 28 жасында облыс әкімінің орынбасары болған Шыңғыстың алар асуы әлі алда демекпіз. Шардарадан түлеп ұшқан жерлесімізге Оңтүстік журналистері атынан құтты болсын айтып, жаңа жұмысына табыс тілейміз.
Мұрағаттан, 19.08.2012 ж