Оңтүстіктің спортшылары Олимпиададан олжасыз құралақан оралды
Осыдан тура 12 жыл бұрын Сидней Олимпиадасының қос қаһарманы - Бекзат Саттарханов пен Мұқтархан Ділдәбековты құшақ жайып қарсы алғанымыз есімізде. Бір алтын, бір күміс олжалаған қос боксшы Оңтүстіктің халқына тамша жігер сыйлап, көңілдерін керемет серпілтіп тастағаны рас. Атқарған елеулі еңбегіне сай спортшыларға сый-құрмет те көрсетілді. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғаған оғландарды арнайы қабылдап, қомақты ақшалай сыйлық және су жаңа көліктердің кілтін тарту етті. Арада төрт жыл өткенде Афины олимпиадасынан күміс медальмен оралған Геннадий Лалиевке де ел болып қошемет көрсеттік. Облыс басшысы Болат Жылқышиев Оңтүстіктің намысын қорғаған ұлты осетин жігітіне 15 мың АҚШ доллары мен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Олимпиада қаһармандарын облыс әкімі ретінде қабылдап, сый-сияпат жасау бақыты Нұрғали Әшімовке де бұйырды. 2008 жылғы Бейжіңде өткен додадан Важенина күміс, Шалыгина мен Шынәлиев қоламен оралған-ды. Ал қазіргі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзіне дейінгі әкімдер сияқты бақытты басынан кешіру бұйырмағаны өкінішті-ақ. Өйткені бүгінгі күннің басты тақырыбы болып тұрған Лондон Олимпиадасынан Оңтүстіктің спортшылары олжасыз құралақан оралды.
«Қазақстанда спорттың дамуы жағынан Оңтүстікке тең келер ешкім жоқ. Спартакиадаларда, республикалық жарыстарда командалық есепте бірінші орын бізге тиесілі» дегенді спорт саласының тізгінін ұстаған шенеуніктерден жиі еститінбіз. Демек, Лондонда қоржынға түскен 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальдың тым құрығанда біреуі Оңтүстіктің еншісінде болуы тиіс емес пе?
Медаль алу, спортшыларды жеңіс тұғырына жетелеу ісі басқа-басқа, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаевтың қолынан келетін тірлік еді ғой. Олимпиада басталмай жатып-ақ оның «Лондоннан бір алтын, бір күміс және бір қола алып келеміз» деген мәлімдемесі ел-жұртқа тарап кетті. Арнайы ұйымдастырылған интернет-конференцияның барысында «Қазақстан құрамасы Лондоннан 4 алтын медаль алуды жоспарлап отыр. Бiреуi бiздiң облысымыздың спортшысына бұйырады деген сенiм бар» деп еркін күрестегі негізгі «көзірі» Елена Шалыгинаға үміт артатынын жасырмады. Полат Наурызбайұлы былғары қолғап шебері Біржан Жақыповтың да жүлдемен оралатынын алдын-ала айтып сүйіншілетті. «Бәсе, біз білетін Қырықбаев берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алатын әккі шенеунік еді ғой, сөзін жерге тастамайтын шығар» деп ішіміз жылып, үмітімізді үкілей түстік. Бірақ... Лондондағы сценарий Қырықбаев айтқандай емес, мүлдем басқа бағытта өрбіді. Әрине, Оңтүстіктен Лондонға аттанған спортшыларымыздың біразы «турист» екенін, яғни, жүлдеден үміттенбейтінін жұрт білді. Бірақ, негізгі үміт артқан спортшыларымыздың сүрінгені біз үшін де, Қырықбаев үшін де күтпеген жағдай болды. Демек, басқарма бастығының есебі дұрыс болмағаны ма? Қырықбаев мырза қай жерден мүлт кетті?
Полат Қырықбаев Лондондағы сәтсіздігін ақтап алатын бірқатар себептерді көлденең тартып, сылтауратуы мүмкін. Негізгі үміткеріміз Елена Шалыгинаның алғашқы жекпе-жекте шеберлігі жағынан өзінен төмен украиналық палуан қызға есе жіберетіні жоспарланбаған шығар. Мұны бір деңіз. Екіншіден, екі-үш ай бұрын құрамамыздың қатарына қосылған экс-қытайлық «келімсек» зілтемірші Арли Чонтей Лондонда жарысқа қатыстырылмай қалды. Бұл жайт та Қырықбаевтың жоспарындағы бір медальды «қағып алған» сыңайлы. Үшіншіден, Біржан Жақыпов өзінің ымырасыз қарсыласы Цзоу Шиминмен тым ерте, яғни ширек финалда жолықты. Төрешілердің көмегімен бұл жолы да Шимин алынбас қамал болып қала берді. Сәтсіздікті жуып шаятын тағы қандай сылтау айтуға болады? Талантты таэквондошыларымыз Феруза Ергешова мен Нұрсұлтан Мамаевтардың бір ұпай санымен жеңілгені, бәлкім, шымкенттік жас вундеркинд, зілтемірші Надежда Ногайдың да жарыс басталардан бірер ай бұрын сырқаттанып қалғаны болар. Бәлкім... әрине, іздей берсең сылтау көп. Бірақ, дәл Оңтүстіктің жағдайына келгенде сылтау айтудың өзі ұят сияқты.
Әбдісалан Нұрмаханов, Нұржан Сманов, Қанатбек Шағатаев, Бекзат Саттарханов сынды саңлақтар шыққан өлкенің соңғы жылдарда бокста жолы болмай жүр. Мұның дәлелін іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. 2008 жылы Еркебұлан Шынәлиев Бейжiңде қоржынымызға қола салды демесеңiз, одан берi бiрде-бiр боксшымыз байрақты бәсекелерде топ жармапты. Соңғы жылдары ел біріншілігінде шымкенттік бірде-бір боксшы чемпион атағын жеңе алмауын қалай түсінсек екен? Республикалық жарыстан оңбай сүрініп жатып әлем біріншілігі, олимпиадаға қандай жоспар құруға болады? Кезінде Сиднейге үш, Бейжіңге екі боксшыны аттандырған Оңтүстік бұл жолы Лондонға әупірімдеп жүріп бір өкілін қосты. Мұның барлығын ескере келе шымкенттік бокс мектебі бұрынғы биігінен төмендеп кеткенін мойындаудан басқа амал жоқ сияқты. Ал шын мәнінде олай болмауға тиіс еді. Сиднейдегі Бекзат пен Мұқтарханның жарқын жеңісінен соң Оңтүстікте боксқа деген үлкен бетбұрыс жасалды. Бюджеттен бөлінетін қаржы еселеп артты. Аудан, қалаларда жаңа үйірмелер ашылды. Маманданған бокс мектептері іске қосылды. Жаттықтырушылардың саны да көбейе түсіп, 200-ге жетті. Осының нәтижесі қайда? Нәтижесі мынау: бапкері мен талантты жастары көп, мүмкіндігі мол Оңтүстік Қазақстан қазір Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау облыстары, Алматы мен Астана қалаларына есе жіберді. Кезінде командалық есепте топ жарып жүрген облыстың бокс құрамасы қазір көш соңында салпақтап жүр.
Күресте де осы жағдай. Афины ойындарында намысымызды Геннадий Лалиев, Бейжіңде Шалыгина қорғады. Екеуі де шеттен келген легионер. Өз түлектеріміз қайда? Қажымұқанның отаны саналатын Оңтүстік үшін жарасатын тірлік пе бұл? Қазақ күресі, еркін күресті дамытуға көп көңіл бөлініп жатқаны жасырын емес. Жыл сайын көптеген турнирлер ұйымдастырылады, бас жүлдеге тігіліп жатқан темір тұлпарларда, беріліп жатқан ақшалай сыйлықтарда есеп жоқ. Осының қандай-да бір қайтарымы болуы керек емес пе? Спорттағы табыс облысаралық жарыстар емес, олимпиадалық көрсеткіштер мен әлем біріншіліктеріндегі жетістіктермен өлшенетінін спорт басқармасындағылар ұмытып кеткен бе? Бейжің олимпиадасынан бергі табаны күректей төрт жылда ұлттық құрамадан ойып тұрып орын алатын бірде-бір боксшы, бірде-бір палуан даярланбағанын Қырықбаев мырза қалай түсіндіріп берер екен?
P.S. Бүкіл Қазақстан олимпиадалық рухтың құшағында қазір. Көршілес жатқан Қызылорда облысында ұлан-асыр той. Екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Илиндей даңқты батырын қарсы алған олар қандай бақытты десеңізші. Тағы бір ауылы аралас, қойы қоралас көршіміз Жамбыл облысының жұртшылығы да баһадүр балуан Ақжүрек Таңатаровтың қола медалін қуана тойлауда. Бердібек Сапарбаев басқаратын Шығыс Қазақстан облысы тұңғыш олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованы мәз-мейрам болып қарсы алды. Тіпті, көңіл-күйі көтеріңкі, патриоттық рухы тасығандар қарағандылық Серік Сәпиевтің жеңісі құрметіне көшеге ағылып салют атты. Бір емес, бірнеше чемпионын қарсы алған алматылықтардың қуанышында шек жоқ... Жалғыз-ақ Шымкент тым-тырыс. Алақайлап көшеге шығып, көк байрағымызды желбіреткен жан жоқ. Құдды бір Олимпиада ойындары бізді айналып өткендей. Неге бұлай? Оңтүстіктің спортшылары олжасыз оралғанымен елдің қуанышына, тәуелсіз Қазақстанның дүркіреген атақ-абыройына, жұмыр жердің жұртшлығы қызыға, қызғана қараған зор жетістікке ортақтаспау, үнсіз қалу тіптен түсініксіз. 3 миллионға жуық тұрғынды Олимпиада қуанышынан айырған Қырықбаев енді қалай ақталар екен?
16.08.2012 ж