Рейхстагқа трактормен шабуыл жасаған жауынгер
Жүз жастағы тракторшының кітапханасы
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Көпен Сүттікбаевтың ұл-қыздары – Берік, Нұрлан, Күлпәштар әкелерінің туғанына 100 жыл толуына орай алыс- жақындағы ағайын-туыс, құда-жекжаттарына сауын айтып шақырып, ас беріп жатыр. Жиналған жұрт ол кісінің адамгершілік қасиеттерін, ешкімді алаламайтын адалдығын, кейбір қызық мінездерін айтысып, еске алысуда. Бірақ, марқұмның алыс аудандарда тұратын кейбір туыстары ол кісінің өзгеше сенімін, ұстанған әдет-ғұрпын толық біле бермейді екен.
Асқа келген қонақтарды, әсіресе, алыстан келген ағайынды таңқалдырғаны — Көпен ақсақалдың кітапханасы болды. Үлкен терезесінен қарт Қаратау барлық тұлғасымен көрініп тұрған кең бөлменің төрт қабырғасы кітаппен сіресіп тұр. Аса шебер емес қолдан олақтау сүріліп, қиюластырылып жасалған әрі сырланбаған абажадай сөрелерде Абай, Мағжан, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Тахауи, Қасым, Әбдіжәміл, Әбіш, Фариза, Тұманбай, т.б. өз заманының озық ойлы, дарынды ақын-жазушыларының кітаптары шерудегі солдаттай сәнмен сап түзеп тұр. Сәкен мен Бейімбеттің, Бейімбет пен Спандияр Көбеевтің латын қарпімен басылған, парақтары сарғайған көне кітаптары, Батырлар жыры, ескі дастандар, хиссалар, ертегілер сөренің бір ұясынан орын алыпты. Арасында қазіргі кезде мүлде кездеспейтін Біржан мен Сара айтысының ең алғашқы нұсқасы да жүр.
Қазақ тілінде шыққан шетелдік классиктердің кітаптары да кездеседі. Қысқасы, жиырмасыншы ғасырдың «менмін» деген жазушылары өзінің кітаптарын осы сөрелерден таба алар еді. Оны айтасыз, жаңа шығып келе жатқан «жас перілер» Жарасқан мен Шөмішбайдың, Баққожа мен Смағұлдың, Жақау мен Сұлтанәлінің, Қажытай мен Көпеннің «шынтақ елі» кітаптары босаға жақтағы сөреден орын алыпты. «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Ара», «Білім және еңбек» журналдары бірыңғай жиналыпты.
Бар-жоғы төртжылдық бастауыш мектепті бітіріп, тракторшылардың алты айлық курсында оқыған қарапайым механизатордың үйінен осынша бай кітапхананы көремін деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген қонақтардың таңқалысында шек жоқ. Әр кітапты ұстап көріп, сүйсініп жүр. Кітаптардың біразының көп ұсталғандықтан мұқабасы тозған. Қырық-елу жыл (мүмкін, одан да көп) сақталған кітаптардың кейбірінің түбі сөгілген. Бірақ, олар шашылып кетпеген, шебер қолмен қалың матамен қайта тысталып, желімделіп, жамалып тасталған. Көпен ақсақалдың кітапты жанындай жақсы көріп, сәбиіндей мәпелеп ұстағанын осыдан-ақ көруге болатын.
– Біздің ағай, – деді бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне шығып қалған Өмірбек қарт, – көріп тұрсыздар, кітапты өте-мөте көп оқыған адам. Өзі қызғаншақ еді. Әріп танымайтын балаларға кітабын ұстатпайтын, керек болса, бұл бөлмеге кіргізбейтін. Ал мектеп қабырғасында жүрген бізге «кітапты таза ұста, бетін сызба, сурет салма, оқып болған соң өз орнына қой», – деп қатаң тапсырып беретін. Асыл жеңгеміз: «Отағасы, он алты жасымнан қосылған менен гөрі кітаптарына ғашық еді. Байқамай ескі кітаптың бір парағын жыртып алып от тұтатамын деп, оңбай таяқ жегенім бар. Сол «тәрбиелеу сабағынан» кейін мен де кітаптарын қызғыштай қорғайтын болғанмын», – деп күліп отыратын.
Көпен ағаның өмірі, әсіресе, соғыс жылдарындағы өмірі, адам айтса нанғысыз, аңыз сияқты. Олай дейтін себебім де бар. Ағай соғыстың алдында ғана Созақтағы тракторшылар курсын бітіріп келіп еді. Аудандағы ең алғашқы тракторшылардың бірі болды. Ол кісі дөңгелектері темір тісті «МТЗ» тракторымен жер жыртып, тұқым сеуіп кешке оралғанда, кілең балалар оны ауыл сыртында күтіп алып, соңынан айғайлап, шулап жүгіріп жүретінбіз. Кабинасы жоқ, аңғал-саңғал, көрер көзге қораш ұсқынсыз трактор біздерге техниканың керемет жетістігіндей көрінуші еді. Біз де ағамыздай тракторшы болсақ, жер жыртсақ, шөп орсақ деп армандайтынбыз. Біраз замандастарым сияқты мен де кейін механизатор болдым. Сол механизатор мамандығымен зейнетке шықтым.
Елуінші жылдардың басында ауданда «Түркістан» астық совхозы ұйымдастырылды. Қаратаудың етегіндегі жазық жерлердің топырағы өте құнарлы болатын. Алғашқы жылдан-ақ ақ бидай бітік шықты. Айналасы екі-үш жылдың көлемінде «Түркістан» облыстан асып, республика, одан әрі Одаққа белгілі болды. «Түркістанның» атын айдай әлемге әйгілеген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов еді. 1954 жылы егін орағы кезінде ауылымызға Мұхаң арнайы іссапармен келді. Қасында Ернар деген жас баласы бар. Ол кісі бірнеше апта егіс даласын, дала қостарын аралады. Адамдармен әңгімелесті. Арада екі ай өтті ме, өтпеді ме, әйтеуір, күз айларының бірінде Мұхаңның «Түркістан осылай туған» деген тарихи очерк кітабы жарық көріп, біздің қолымызға тиді. Түркістандықтардың қуанышында шек жоқ, бөріктерін аспанға атып жүр.
Кітапта аты аталғандар жүректері жарыла қуанып, той жасап жатыр. Мұхаңдай әлем таныған ұлы жазушының кітабына аты енуі кімді болса да қуантпай қоя ма? Біздің ағайдың есімі де негізгі кейіпкердің бірі ретінде кітапқа еніпті. Мінезі қанша салмақты болса да ағай қуанды. Қуанышын жасыра алмады. Семіз марқасын сойып құдайы жасады. Міне, көріп отырсыздар, сол кітап ағаның қасиетті бойтұмарындай болып осы уақытқа дейін сақтаулы тұр.
Ағаның соғыс кезіндегі өмірі аңызға тең деп едім ғой, ол рас та. Ағай соғыс басталған заматта-ақ майданға аттанған. Мәскеуді қорғауға қатысқан. Кейін жауды қазаннан ет алып қашқан бұралқы ит сияқты қаңсылатып қуалап отырып, Берлинге жеткен, Рейхстагқа шабуыл жасаған. Кереметтің көкесі де осында. Сан мыңдаған жауынгер Берлинге жаяу, мәшинемен, ұшақпен, танкімен жеткен. Ал біздің ағай кәдімгі жыланбауыр трактормен барған. Сол кездегі «С-100» деген ең алып, ең қуатты трактор болған. Ұзаққа созылған соғыстың өнбойында ағай сол трактормен аттар, тіпті, полуторка машиналар тарта алмайтын ауыр зеңбіректерді оқ-дәрісімен қоса бекіністен бекініске сүйреп жүрген. Ол кісі тракторшы ғана емес, жедел атыс кезінде зеңбіректерге снаряд тасып, оны оқтап атушылардың бірі болған. Оның әскери билетінде «аға сержант-артиллерист» деп жазылған. Өзі көздеп атып бір фашисті өлтірмесе де оның жетегіндегі зеңбіректер жаудың мықты бекіністерін бұзып, талай техникаларын талқандап, жүздеген офицері мен мыңдаған солдаттарын жержастандырған. Үш рет ауыр жарақат алса да майдан даласын тастап кетпеген. Жауға оқ жаудыруын тоқтатпаған.
Рейхстагқа жақын жерде «Гиммлер үйі» деп аталатын көп қабатты тастан соғылған алып ғимарат бар екен. Соның іргесінде тұрып ол сүйретіп жеткізген зеңбіректер Рейхстагқа дәл көздеп снаряд жаудырған. Сөйтіп, шабуылдаушы жаяу әскерге жол ашқан. Полктасы Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагтың есігінің маңдайшасына бірінші болып қызыл ту тіккенін өз көзімен көрген (әрине, оның Рақымжан екенін кейін білген). Бұл аңыз ба, аңыз емес, шындық! Мәскеуден Берлинге дейін трактормен барып Рейхстагқа шабуыл жасаған адамды көргеніңіз, естігеніңіз бар ма? Мен де ағай сияқты кітапты көп оқитын адаммын. Соғыс туралы кітаптардан, естеліктерден ондай оқиғаны кездестірген емеспін. Ағай Мұхаңды айрықша жақсы көретін. Жұмыстан қолы босағанда бізге:
– Француздың ұлы қаламгері Луи Арагон өзі француз тіліне аударуға қатысқан «Абай жолы» эпопеясы туралы «Қазір ол әлемдегі ең шоқтығы биік шығармалардың бірі. Ол қара сөзбен жазылған теңдесі жоқ ғажайып поэма. Мен сайын далада еркіндігі үшін көк бөрідей алысқан қазақ деген батыр халық бар екенін осы поэмадан оқып-білдім», – деген екен.
Әне, көрдіңдер ме, балалар, тілі бөлек, діні бөлек, ешкімге шоқтығын ұстатпайтын өркөкірек француздың өзі Мұхаңды мойындаған, үлкен баға берген. Жақында бір мұғалімнің «Абай жолын» оқымағанын білдім. Иттің баласы, онысын өзі мойындап отыр, «енді оқимын» дейді. Жалпы, «Абай жолын» оқымаған адам өзін қазақпын деп ойламасын. Ол адам қазақ емес – мәңгүрт. Сендерге айтарым, Мұхаңды оқыңдар. Бұл басқа жазушылардың кітабын оқыма деген сөз емес, ұнатқандарыңның бәрін оқыңдар. Кітап – көңілге сәуле түсіреді, жүрегіңе жылу береді, адамды әртүрлі жаман әдеттен арылтып, тазартады, – деп ұлағатты сөздерін айтып отыратын.
Ол кісі зейнетке шығар кезде аудан басшылығы «Халық шаруашылығын өркендетуде, тың көтеруге қосқан үлесіңіз зор. Сіздің сол еңбегіңізді елеп, сізге жаңа «Жигули» мәшинесін бергелі отырмыз дегенде, «жоқ, маған «Жигули» керек емес, егер заңдарың көтерсе, маған өзім отыз жылдан бері айдап жүрген «Беларусь» тракторын беріңдер. Өзіне баламдай бауыр басып кетіп ем», – деді.
Шынын айтсам, біздер «қап» десіп, сан соғып, өкініп қалдық. Ол кезде «Жигули» жүз адамның бірінің ғана қолы жететін жақсы көлік еді. Бірақ, ағамыз жүзіктің көзінен өткен сұлу, киіктей жүйрік машинаға қызықпады, өзінің көп жылдар бойы серік болған көріксіз, шабан, ескі тракторын қалады. Бұған не айтуға болады?
Ағайдың зеректігі керемет еді. Көңілді кездерінде, кешкі астан кейін Ілиястың «Құлагері» мен «Күйшісін», Сәкеннің «Көкшетауын», Сәбиттің «Сұлушашын» жатқа айтып отырушы еді жарықтық. Зерек еді ғой, зерек. — Өмірбек ақсақал әңгімесін аяқтады. Оны тыңдаушылар ауыздарын ашып, таңырқап отырды.
Елу жастағы «жаңа қазақтың» кітапханасы
Бірде Сафуан Шаймерденов бір жерлес ағайынының үйіне ақын Нұтфолла Шәкенов екеумізді ертіп барды. Кезінде өзі жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріпті. Үш қыздан кейінгі жалғыз ұлының да институтты қызыл дипломмен бітіргеніне қуанып, той жасап жатыр екен. Көп бөлмелі даңғарадай кең үйдің іші ол кезде көп адамның қолы жете бермейтін шетелдік қымбат, әсем жиһазға толы. Ел қабырғаға ілуге таппай жүрген парсы кілемдері аяқ астында жатыр, аяқпен басуға ұяласың, тіпті, жүрексінесің.
Бес биенің сабасындай аппақ жеңгеміз үлде мен бүлдеге оранған, «алтынмен апталып, күміспен қапталып» қойған Қытай императорының үлкен әйелі сияқты. Жарқ-жұрқ етеді. Сән-салтанатына орай өзі де кербез, аяғын еріне басып, ыңырана әзер сөйлейді. Былайғы қарадүрсін киінген әйелдерге жоғарыдан, тым жоғарыдан асқақтай, тәкаппарлана көз тастап қояды. Үстінен француз әтірінің тану қытықтайтын исі аңқиды. Толық жүзінен «мына қу жалғыз Арманжанның қуанышы болмаса, мына хан сарайына мол дастархан жасап, сендерді шақырып, Персиядан арнайы тапсырыспен алдырған мына кілемдерді лас аяқтарыңмен бастырар ма едім», – деген менсінбеушіліктің, менмендіктің табы тұнып тұр. Онысын өзінің де жасырғысы келмейтін сияқты.
Мұндай сән-салтанат пен байлықты бұрын көрмеген әйелдер әр бөлмеге бір кіріп, әсем жиһаздарды жасқана сипап, ұстап көріп, ауыздарының суы құрып жүр. Шіренген шенеунік қонақтардың ішінде біраз белгілі жазушылар, журналистер де бар екен. Олар әйелдер сияқты бөлме кезіп кеткен жоқ, тай шаптырым дейтіндей кең бөлменің төрт қабырғасында төбеге дейін иінтіресіп, дестеленіп тұрған көп кітапты қызықтап жүр. Төрдегі үлкен сөреде Абайдан бастап, Мұхаңның, Сәбеңнің, Ғабит пен Ғабиденнің, Әбдіжәміл мен Тахауидің, Сырбайдың, Қадырдың, Мұқағалидың, Тұманбайдың, тағы басқа көрнекті ақын-жазушылардың қалың-қалың томдары қатар қаланыпты. Келесі қабырғадағы сөрелерде Хэмингуэйдің, Бальзактың, Гетенің, Мопасанның, Золя, Байронның мұқабасы айшықталып, әсем безендірілген томдары солдаттай сап түзеп тұр.
Міне, үйдің сәнін келтіріп тұрған нағыз асыл қазына осы кітаптар екен. Кейбір жазушылар көп кітаптың арасынан өзінің де кітабын көріп, үй иесіне мақтау айтып риза болысып жүр.
Осы кезде той айыпкері Арманжан бөлмеге кірді. Өзі театрға баратындай мұнтаздай киініп алған.
– Әй, бала, – деді Сафуан аға, – сенің институтты қызыл дипломмен бітіретіндей жағдайың бар екен. Мынандай қазынаның ортасында отырып жақсы оқымау мүмкін емес. Нағыз жан азығы, адамның ой-өрісін дамытып, ақылына-ақыл қосатын осы кітаптар ғой. Қане, айтшы, қанша кітап оқыдың, өзің сүйіп оқитын жазушың кім? – деп сұрады.
– Ешқайсысын да оқыған жоқпын, – деді Арманжан шынын айтып, – мен қазақша оқи алмаймын.
Сафуан аға ыңғайсызданып қалды.
– Не дейт, мына күшік. «Путь Абаяны» да оқымадың ба?
– Ондай қалың кітапты оқуға менің уақытым жоқ. Папам да қызық, өзі оқымаса да ақша шығарып кітаптарды жинай береді. Одан да маған машина әпермей ме? Кітаптың не керегі бар?
Мынандай жауапты естіген Сафекеңнің ақсары сұлу жүзі ашудан көгеріп бара жатты. Қайтып тіл қатқан жоқ түйіліп қалды. Бұл шолақ тілдесуді басқалар да естіп тұрған. Гуілдесіп жүрген олар да, демдерін ішке тартып үнсіз қалды.
– Әшекең осынша көп кітапты не үшін жинаған, – деді Нұтфолла өзінің тіке айтатын тентек мінезіне салып, – мынаны қараңдар, бірде-бір кітаптың беті ашылмаған. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын шыққан Мұхаңның, Сәбеңнің, Ғабекеңнің кітаптарына саусақ тимеген, баспадан шыққан күйі, су жаңа қалпында тұр.
Масқара ғой, Әшекең екеуміз бір ауылда туып, бірге өстік. Мектепті әупіріммен әзер бітіріп еді. Институтты қалайша қызыл допломмен бітіргенін білмеймін. Бірақ, бір ауыз шет тілін білмейтінін білемін. Ол жағынан құқ етпестің өзі. Мыналардың арасында неміс, ағылшын, француз тіліндегі кітаптар да жүр. Сірә, оқу үшін емес, мұқабасына қызығып жинаған-ау!
Жаңа ғана үй иесін мақтап жүрген қонақтар Нұтфолланың сөзіне шәк келтірді ме, сөредегі кітаптарды біртіндеп суырып алып, көре бастады. Нұтфолла шын айтыпты, беттері ғана емес, қатар тұрған кітаптардың мұқабасы да бір-біріне жабысып қалыпты. Қонақтардың көңіл-күйі күрт түсіп кетті.
– Жүр, бала кетейік, – деді батыр мінезді, бірбет Сафуан аға, – бұрын білмеппін, бұл мен тамақ ішетін үй емес екен. – «Студенттің бір тойғаны – шала байығаны» дегендей, кең дастархандағы жал, жая, қазы, қарта, құстың етін көріп қимай тұрсам да амалсыз Сафуан ағаның соңынан ердім.
Үлкен даңғыл бойы күндізгідей жап-жарық, биіктегі шамдар самаладай жарқырап тұр. Бір кезде артымыздан аяғын адымдай басып Нұтфолла ағамыз жетті.
– Әй, Нүке, – деді Сафекең күле түсіп, – немене, астыңнан су шықты ма, әлде сел қуып келе ме, асығып қайда барасың? Әйелім елге қыдырып кеткен, үйде жалғыз өзім деп едің ғой. Отырып тамақ ішіп… жүз грамдатып… дегендей, қалмадың ба?
– Анандай тоғышар буржуаның үйінде маған ас батпайды, – деді Нүкең ызғарлана сөйлеп. – Онда отырып қазы-қарта жегеннен, сіздің үйге барып Бағдаттың сүт қатқан күрең шайын ішкенім артық.
Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ