Наурыз концерттік деңгейден аса алмай қалған жоқ па?
Көктемнің келуімен бірге халқымыздың санасында ерекше бір серпіліс, жаңару мен жаңғыруға деген құлшыныс оянады. Бұл тамыры тереңге кеткен, мәні мен мағынасы ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің айрықша, ерекше сипаты. Соңғы жылдары еліміздің бірқатар өңірлерінде бұл мерекені бір күнмен шектемей, бірнеше күн бойы кең көлемде атап өту үрдісі қалыптаса бастады. Бұл құбылыс бір жағынан ұлттық дәстүрге деген құрметтің артып келе жатқанын аңғартса, екінші жағынан оның мазмұны мен мәніне қатысты түрлі ой-пікірлердің де туындауына себеп болуда.
Бүгінде Наурызды тойлау шынайы халықтық сипатқа ие болды ма, әлде ол көбіне сахналық көріністер мен концерттік бағдарламалардың аясында қалып қойып отыр ма деген сауалдар жиі көтеріледі. Сондай-ақ, бірнеше күнге созылған мерекенің тәрбиелік, рухани маңызы қаншалықты терең, оның дәстүр ретінде орнығу деңгейі қандай деген мәселелер де көпшілікті толғандырады. Осы орайда біз ел дамуына өз үлесін қосып жүрген жандардың пікірін біліп, аталған сұрақтар төңірегінде сауалнама жүргізген едік.

Садыбек БЕЙСЕНБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры:
Шынайы халықтық элементтерді көбірек енгізу қажет
Наурызды бірнеше күн бойы атап өту өте дұрыс әрі табиғи үрдіс деп ойлаймын. Себебі Наурыз бір күнмен шектелетін жай ғана мереке емес. Ол халқымыздың дүниетанымын, өмір салтын, салт-дәстүрін, табиғатпен үндестігін, адамдар арасындағы бірлік пен жаңаруды білдіретін үлкен мәдени құбылыс. Қазақ танымында көктемнің келуі, күн мен түннің теңелуі, табиғаттың қайта тірілуі – бәрі де жаңа өмірдің басталуымен байланыстырылған. Сондықтан мұндай мәні терең мерекені бір күнге ғана сыйғызу мүмкін емес. Соңғы жылдары қалыптасып келе жатқан Наурызнама дәстүрі осы мерекенің мазмұнын тереңдетіп, оның әр күнін белгілі бір рухани құндылықпен байланыстырып отырғаны қуантады.
Өз басым Наурызнаманы толық қолдаймын. Өйткені бұл бастама Наурызды тек сахнадағы концертпен немесе ресми шаралармен шектелетін мереке ретінде емес, халықтың күнделікті өмір салтына айналдыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Көрісу күні, Қайырымдылық күні, Шаңырақ күні сияқты атаулы күндер адамдарды бір-біріне жақындастырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, татулық пен бауырмалдыққа үндейді. Осындай мазмұнды күндер арқылы адамдар тек мерекені тойлап қана қоймай, бір-бірінің жағдайын сұрап, реніштерін ұмытып, жақсылық пен ізгілікті насихаттайды. Бұл Наурыздың шынайы философиясына өте жақын дүние.
Әрине, кейбір өңірлерде Наурыз әлі де болса сахналық немесе концерттік деңгейден аса алмай жатқаны рас. Кейде мереке белгілі әншілерді шақырып, концерт ұйымдастырып, сонымен шектеліп қалғандай әсер қалдырады. Бірақ мұны үлкен мәселе деп қарауға болмайды, бұл уақыт өте келе түзелетін дүние. Ең бастысы халықтың қатысуын арттыру. Наурыз мерекесінің мәні халықтың өз ішінде, ауыл-аймақта, көшеде, шаңырақта аталып өтуінде. Сондықтан ұлттық ойындарды, салт-дәстүрлерді, көрісу рәсімдерін, бата беру дәстүрін, ұлттық тағамдарды әзірлеу сияқты шынайы халықтық элементтерді көбірек енгізу қажет. Сонда ғана мереке өзінің бастапқы рухани мазмұнын толық аша алады.
Жалпы алғанда, Наурызнаманың енгізілуі Наурыз мерекесінің аясын кеңейтіп, оны бір күндік ойын-сауық емес, ұлттық рухты жаңғыртатын, қоғамды біріктіретін үлкен халықтық мерекеге айналдыруға жол ашып отыр. Бұл халқымыздың тарихы мен дәстүріне сүйенген дұрыс бағыт. Сондықтан Наурызды бірнеше күн бойы мазмұнды, мағыналы түрде атап өту ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртудың және қоғамдағы бірлікті нығайтудың тиімді жолдарының бірі деп есептеймін. Наурызнаманы қос қолдап қолдаймын.

Гүлзат ЖҰМАДУЛЛАЕВА,
«Шымкент» медициналық колледжінің директоры:
Рухани байлығымыз насихатталады
Менің ойымша, Наурыз мерекесін бірнеше күн бойы тойлау өте дұрыс әрі маңызды нәрсе. Өйткені бұл мереке қазақ халқына тән, халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрімен, дүниетанымымен тығыз байланысты ерекше мейрамдардың бірі. Наурыз жай ғана күннің ауысуын білдіретін мереке емес, ол табиғаттың жаңаруын, тіршіліктің қайта жандануын, адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен татулығын білдіретін айтулы күн. Сондықтан да бұл мереке халқымыздың тарихымен, мәдениетімен, өмір салтымен тығыз байланысып жатқан рухани құндылықтардың бірі деп айтуға болады.
Наурыз арқылы біз ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлерді жаңғыртып, оны жас ұрпақтың санасына сіңіреміз. Бұл күндері ұлттық тағамдарымыз әзірленіп, ұлттық киімдеріміз киіліп, халық әндері айтылып, түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Мұның барлығы тек мерекелік көңіл күй сыйлау үшін ғана емес, сонымен қатар халқымыздың мәдени мұрасын, ұлттық ерекшелігін, рухани байлығын насихаттау үшін қажет. Яғни Наурыз – жай ғана ойын-сауық емес, ол ұлттық болмысымызды айқындайтын, бірлігімізді бекемдейтін үлкен мәдени құбылыс.
Жыл сайын еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтіледі. Әр аймақ өзіне тән салт-дәстүрлерін, ырымдарын, мәдени ерекшеліктерін қосып, мерекені ерекше сипатта өткізеді. Осындай мерекелік күндері адамдар бір-бірімен көрісіп, амандасып, татулық пен бірліктің маңызын тағы бір рет сезінеді. Әсіресе жас ұрпақ үшін мұндай мерекелердің тәрбиелік мәні зор. Олар өз халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын көзбен көріп, жүрекпен сезінеді.
Сондықтан Наурызды бірнеше күн бойы атап өтуге де толық негіз бар деп ойлаймын. Өйткені бұл мереке халықтың рухын көтеріп, адамдардың бір-біріне деген құрметін арттырады, өткен тарихымызды еске салып, ұлттық бірлігімізді нығайта түседі.
Жалпы алғанда, Наурыз мерекесі тек бір күндік той емес. Ол халқымыздың мәдениетіне деген құрметтің, салт-дәстүрге деген адалдықтың, ұлттық рухты сақтаудың көрінісі. Осындай мерекелер арқылы біз өзіміздің кім екенімізді, қандай халық екенімізді тағы бір рет сезінеміз. Сондықтан Наурызды атап өту тек дәстүр ғана емес, ол келер ұрпаққа мәдени мұрамызды жеткізудің, ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың маңызды жолы деп ойлаймын.
Сонымен Наурызды бірнеше күн бойы атап өту халқымыздың рухани құндылықтарын сақтап, ұлттық болмысын нығайтудың ең маңызды жолы деп ойлаймын. Бұл мереке тек табиғаттың жаңаруын ғана емес, адамдар арасындағы бірлік пен татулықты дәріптейді. Сондықтан оны кең көлемде, мазмұнды түрде тойлау арқылы біз өткенімізді құрметтеп, болашағымызға сеніммен қадам жасаймыз.

Гүлдария ШАРДАРБЕКОВА,
Бәйдібек аудандық орталық аурухана басшысы:
Мәдени дәстүрдің бір бөлігіне айналып келеді
Әлбетте, бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Қазір көктемнің алғашқы күнінен, яғни 1 наурыздан бастап «Алғыс айту күнімен» бірге түрлі мерекелік іс-шаралар басталып, бірнеше күн бойы жалғасып жатады. Мұның ешқандай зияны жоқ, керісінше халықтың көңіл күйін көтеріп, адамдардың бір-біріне деген құрметі мен ризашылығын арттыратын жақсы дәстүр деп есептеймін. Бұл жұмысқа да, күнделікті тіршілікке де кедергі келтірмейді. Сондықтан мұндай бастамаларға қарсы болу мүмкін емес, керісінше, өте орынды әрі дұрыс ойластырылған шара деп қабылдаймын.
Кеңес заманында біз Наурыз мерекесін мүлде білмей өстік десек те болады. Оның атын да ашық айтуға болмайтын кезеңдер болды. Сол уақытта ұлттық мерекелер мен дәстүрлер көп жағдайда тасада қалып, халық арасында кеңінен тойланбады. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз өз мәдениетіне, салт-дәстүріне қайта бет бұра бастады. Ұмыт болған ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, Наурыз мерекесі де ел ішінде кеңінен атап өтіле бастады. Сондықтан бүгінгі күні салт-дәстүрімізді ашық насихаттап, ұлттық мерекелерімізді дәріптеп жатқан кезде оған қуанбасқа, қолдамасқа себеп жоқ деп ойлаймын.
Наурыз мерекесі тек жыл басы немесе күн мен түннің теңесетін уақыты ғана емес. Бұл ата-бабаларымыздан келе жатқан үлкен рухани дәстүр. Көктемнің келуі, табиғаттың жаңаруы, жердің бусанып, тіршіліктің қайта жандануы – бәрі де осы мерекемен астасып жатыр. Қазақ танымында көктем – жаңа өмірдің басталуы, үміттің жаңаруы. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп айтылатыны да сондықтан. Осы уақытта адамдар бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасып, өткенге шүкір айтып, болашаққа үмітпен қарайды. Туыстардың, бауырлардың, құда-жекжаттың амандығына қуанып, бір дастархан басында бас қосу – Наурыздың басты мәнінің бірі.
Жоғарыда айтқанымдай, мерекенің бірнеше күн тойлануы ешқандай қиындық туғызбайды. Керісінше, адамдардың бір-біріне уақыт бөліп, араласып-құраласуына мүмкіндік береді. Мысалы, біздің жұмыс орнымыз – аурухана. Мұнда демалыс деген ұғым жоқ, тәулік бойы қызмет атқарамыз. Сондықтан мереке күндері де жұмыс тоқтамайды. Соған қарамастан, біз Наурыздың рухын сезіну үшін өзімізше шағын шаралар ұйымдастырып жүрміз. Аурухананың бір бұрышынан арнайы орын жасап, «Ұлттық тағамдар күні» деп атап, келген науқастарға дәм ұсынып, ұлттық тағамдарымызды таныстырып жатырмыз. Өзіміз де ұлттық киімдерімізді киіп, мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысамыз. Бұл бір жағынан адамдарға жылулық сыйласа, екінші жағынан өзімізге де ерекше рухани әсер береді.
Шынын айтқанда, біз кеңес заманында мұндай ұлттық мерекелерді кең көлемде көріп өскен жоқпыз. Ал бүгінгі күні тәуелсіз ел ретінде Наурызды еркін, ашық түрде тойлап келе жатқанымыз үлкен жетістік, үлкен бақыт. 1990 жылдардан бері бұл мереке халықтың өміріне қайта оралып, жыл сайын кеңінен аталып өтіп келеді. Бұл ұлттық салт-дәстүріміздің, қазақы менталитетіміздің қайта жандануының белгісі.
Меніңше, қазіргі жас ұрпақ бізден әлдеқайда бақыттырақ. Өйткені олар ұлттық дәстүрді көзбен көріп, соның ортасында өсіп келеді. Мектептерде, оқу орындарында, түрлі қоғамдық шараларда Наурыз кеңінен насихатталып жатыр. Балалар ұлттық ойындарды, салт-дәстүрлерді көріп, біліп өсуде. Бұл олардың ұлттық санасының қалыптасуына, өз халқының мәдениетін құрметтеуіне үлкен әсер етеді.
Сондықтан бүгінгі күні Наурыз мерекесі тек сахналық немесе концерттік деңгейде қалып отыр деп айтуға болмайды. Керісінше, ол халықтың өміріне еніп, күнделікті мәдени дәстүрдің бір бөлігіне айналып келеді. Әр жерде ұлттық тағамдар әзірленіп, ұлттық киімдер киіліп, салт-дәстүрлер көрсетіліп жатыр. Мұның бәрі қазақ мәдениетінің, ұлттық құндылықтардың жаңғыруының айқын көрінісі. Менің ойымша, бұл өте дұрыс әрі құптарлық үрдіс.

Қайрат САЛЫБЕК,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:
Көбінесе концерттік деңгейде өтіп жүр
Иә, қазір еліміздің кейбір өңірлерінде Наурыз мерекесін бірнеше күн бойы атап өту дәстүрге айналып келе жатыр. Менің ойымша, бұл орынды құбылыс. Өйткені Наурыз жай ғана күнтізбедегі бір мереке емес, ол халықтың дүниетанымымен, тұрмысымен, табиғатпен байланысқан үлкен мәдени әрі рухани құндылық. Табиғат жаңарып, жер бусанып, тіршілік қайта жандана бастаған шақта адамдардың да көңілі сергіп, бір-бірімен араласып, жақсылық тілейтін уақыты осы кезеңге сәйкес келеді. Сондықтан мұндай мазмұны терең мерекені бір күнмен ғана шектеу оның ауқымын тарылтып жіберетіндей көрінеді. Ал бірнеше күн бойы атап өту арқылы адамдар мерекенің мәнін тереңірек сезініп, оған кеңінен қатысуға мүмкіндік алады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыздың қоғамдағы орны біртіндеп нығайып, бүгінгі күні ол шын мәнінде халықтық мерекеге айналып отыр. Бұрын тек ресми шаралармен шектеліп келсе, қазір ауыл-аймақта, мекемелерде, оқу орындарында түрлі бастамалар қолға алынып жатыр. Әсіресе ұлттық тағамдарды әзірлеу, қолөнер бұйымдарын таныстыру, киіз үй тігу, үлкендерге құрмет көрсету сияқты дәстүрлі көріністер қайта жанданып келеді. Мұның барлығы мерекенің тек сыртқы сәні емес, оның тәрбиелік және мәдени маңызын да күшейтеді.
Дегенмен кей жағдайда Наурыздың мазмұны толық ашылмай қалып жататын тұстары да бар. Кейбір жерлерде мереке тек концерт ұйымдастырумен немесе сахналық бағдарламалармен шектеліп қалатындай әсер береді. Шынын айтқанда, Наурыз көбінесе концерттік деңгейде өтіп жүр. Әрине, өнер көрсету де мерекенің бір бөлігі, бірақ ол негізгі мазмұнның орнын алмастырмауы керек. Наурыздың шынайы ерекшелігі – адамдардың араласуы, үлкенге құрмет көрсетіп, батасын алу, ұлттық ойындар өткізу, балаларға салт-дәстүрді үйрету сияқты қарапайым, бірақ мәні терең әрекеттерде жатыр.
Сондықтан мерекені ұйымдастырғанда халықтың белсенді қатысуына көбірек көңіл бөлінсе дұрыс болар еді. Мысалы, дәстүрлі ойындарды жандандыру, ұлттық қолөнерді көрсету, жастарға ата-баба дәстүрлерін таныстыру сияқты шаралар көбірек ұйымдастырылса, Наурыздың рухы одан әрі терең сезілер еді. Бұл әсіресе қалалық ортада маңызды, өйткені кейбір ұлттық дәстүрлер дәл сол жерде ұмытылып бара жатқандай көрінеді.
Жалпы алғанда, Наурыз мерекесі бүгінгі күні қоғамды біріктіретін, адамдарды жақындастыратын ерекше күндердің біріне айналып отыр. Мұндай мерекелер халықтың тарихи жадысын сақтауға, ұлттық болмысты ұмытпауға көмектеседі. Сондықтан оны бірнеше күн бойы атап өту де, оның мазмұнын ұлттық құндылықтармен толықтыру да – уақыт талабына сай әрі өте дұрыс бағыт деп ойлаймын.

Нұрлан ЕРҒАЗЫ,
Шымкент аграрлық-техникалық колледжі директорының орынбасары:
Наурызды тойлау европалық стильге бейімделіп бара жатқандай
Наурыз мерекесін бірнеше күн бойы тойлау үрдісі қазір тек кейбір облыстарда ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде орын алып отыр. Бұл дұрыс әрі заңды құбылыс деп ойлаймын. Себебі тарихқа үңілсек, атеистік кезеңнің өзінде ата-бабаларымыз Наурыз мерекесін сылтау етіп, ислам дінінің құндылықтарын да насихаттап отырғанын білеміз. Мұны түрлі тарихи деректерден кездестіруге болады.
Пайғамбарымыздың асыл сөздерінің бірінде: «Егер қиямет қайым басталып кетіп, әлдебіреулеріңнің қолында құрма ағашының көшеті тұрса, оны ексін» деген. Осы сөздің өзінен-ақ адам баласының табиғатпен үйлесімде өмір сүруі, жақсылық жасаудан ешқашан тоқтамауы керектігін көреміз. Наурыз мерекесінің табиғаттың жаңаруымен тығыз байланыста болуы да осы оймен үндеседі. Бұл кезде жер ана тіріліп, көк шығып, төл төлдеп, ағаштар бүршік атып, қыстан тоңған адамның бойы жылып, көңілі шат-шадыман күйге енеді. Осындай табиғаттың жаңаруын білдіретін мерекенің бірнеше күнге созылып тойлануы өте орынды деп санаймын. Әсіресе біздің оңтүстік өңіріміз жылулықтың қайнар көзі саналатыны белгілі, оның үстіне Қазығұрттан бастау алатын рухани дәстүрлеріміз де бар.
Наурыз ұлтымыз үшін жыл басы, жаңа жылдың бастауы ретінде ежелден тойланып келе жатқан мереке. Бұл тек қазақ халқына ғана емес, жалпы Орталық Азия халықтарына ортақ дәстүр. Қазақстанда Наурыз 2001 жылдан бастап мемлекеттік мерекелер қатарына ресми енгізілді, ал 2009 жылдан бастап 21, 22, 23 наурыз күндері демалыс күндері болып белгіленді.
Тарихи деректерге қарасақ, бұрын Наурыз мерекесі 8-9 күнге дейін жалғасқан. Ол «Наурызнама» деп аталған. Бұл туралы мәліметтер ұлы ғұламаларымыз Махмұд Қашғари, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғалардың еңбектерінде кездеседі. Сондықтан бүгінгі күні Наурызды бірнеше күн тойлау біздің тарихымызға да, дәстүрімізге де қайшы емес.
Дегенмен, менің ойымша, бұл мерекені тек ойын-сауық деңгейінде ғана қалдырмай, оның идеологиялық әрі тәрбиелік мәніне де назар аударуымыз керек. Яғни, Наурыз арқылы ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, рухани дүниемізді жас ұрпақтың санасына сіңіру маңызды. Қазір кейде Наурыз мерекесі бұрынғы дәстүрлі мазмұнынан гөрі еуропалық стильге бейімделіп бара жатқандай көрінеді. Әрине, бұл менің жеке пікірім.
Ал концерттік бағдарламалар туралы айтатын болсақ, бұл мәселе мені де алаңдатады. Кейде мерекелік іс-шаралар тендер арқылы ұйымдастырылып, танымал әншілерді шақырып, концерт өткізіп, отшашу жасап, сонымен аяқталып жатқандай әсер қалдырады. Мұндай жағдайда Наурыздың шынайы мазмұны толық ашылмай қалуы мүмкін.
Өкінішке қарай, дәстүрлі ұлттық ойындар – садақ ату, асық ату, қыз қуу, алтыбақан тебу сияқты халықтық ойындар, әсіресе қалалық жерлерде, біртіндеп ұмыт қалып бара жатқандай әсер береді. Ал шын мәнінде, Наурыз мерекесінің басты көріністерінің бірі дәл осы ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер. Сондықтан оларды қайта жаңғыртып, кеңінен насихаттау өте маңызды деп ойлаймын.
Сауалнаманы жүргізген: Аида ӨТЕП


