Бірінші орында iPhone тұр. Депутат жастардың қарызға бату себебін айтты

Oinet.kz 19-03-2026

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бөліп төлеу арқылы тауар алу үрдісі азаматтарды қарызға батырып жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді, деп жазады Оinet.kz.

image.png

Оның айтуынша, бөліп төлеу арқылы бірнеше тауар сатып алу азаматтарды қиын жағдайға қалдырып, төлем мерзімін өткізіп алу жағдайлары жиілеген.

Депутат келтірген дерекке сәйкес, қазіргі таңда шамамен 1–1,1 миллион адамның несиесін уақытында өтей алмау қаупі бар.

Сонымен қатар ол соңғы бір жылда 80 мыңға жуық азаматтың есепшотындағы шектеулерді алып тастауға көмектескенін айтты. Оның ішінде жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімдеріне де қолдау көрсетілген.

Мұқаевтың пікірінше, мәселенің түп-тамыры – қаржылық сауаттылықтың төмендігі. Әсіресе бұл жағдай қазақтілді аудитория арасында айқын байқалады.

Ол көптеген азаматтардың несие алар кезде нақты қажеттілікті есептемейтінін атап өтті. Мәселен, 500 мың теңге қажет болса да, банк мақұлдаған соманың бәрін алуға тырысатындар бар. Мұндай жағдайда «қалай да төлеймін» деген түсінік басым болады.

Депутат несиені тек шынайы қажеттілік үшін және болашақта табыс әкелетін жағдайда ғана алу керектігін айтты.

Сондай-ақ ол несиеге ең жиі алынатын тауарларды атады. Оның сөзінше, бірінші орында смартфондар, әсіресе iPhone, екінші орында тоңазытқыш, ал үшінші орында теледидар тұр.

Мұқаев жастар арасында да бұл үрдіс кең таралғанын жеткізді. Оның айтуынша, кейбір студенттер қымбат смартфондарды бөліп төлеу арқылы сатып алады.

Депутат жастармен жиі кездесіп, университеттерде дәріс оқитынын атап өтті. Оның сөзінше, студенттердің көбі iPhone ұстайды. Кейбіріне ата-анасы алып берсе, енді бірі оны рассрочкаға рәсімдейді.

Бұған дейін де Дәулет Мұқаев қаржылық сауат пен қарызсыз қоғам қалыптастырудың маңызын бірнеше рет көтеріп, әр азамат алдымен өз қаржысын дұрыс жоспарлауды үйренуі тиіс екенін айтқан.

«Ұнаса да, ұнамаса да жүзеге асады» – Депутат риэлторлардың табысын шектеу керектігін айтты
Алматылықтардың неден «уланып» жатқаны белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу