Тәшиевтен тергеушілер жауап алып жатыр—БАҚ
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиев елге оралып, Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасында жауап беріп жатыр. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Ақпараттарға сүйенсек, Ташиев тергеу органына жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10 шамасында жеткізілген. Қазіргі уақытта ол ІІМ-нің Бас тергеу басқармасы ғимаратында екені айтылуда.
Бұл жағдай елдегі саяси өзгерістер аясында өрбіп отыр. Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзіне жақын серігі саналатын Камчыбек Ташиевті барлық қызметінен босатқан еді. Президент әкімшілігінің мәліметінше, мұндай шешім мемлекеттік тұтастықты сақтау және қоғам ішіндегі, соның ішінде билік құрылымдары арасындағы алауыздықтың алдын алу мақсатында қабылданған.
Соңғы уақытта ел ішінде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу мәселесі де талқылана бастаған. Президенттің баспасөз хатшысы Ташиевке жақын адамдар депутаттарға хабарласып, оларды өз жағына тартуға және кезектен тыс сайлау өткізу бастамасын көтеруге үгіттегенін мәлімдеді.
Ал Камчыбек Ташиевтің өзі 13 ақпанда шетелдегі емін аяқтамай, елге оралуға мәжбүр болғанын айтқан. Алайда арада төрт күн өткен соң қайтадан Қырғызстаннан кетіп қалған. Қазіргі жағдайға байланысты ресми органдар әзірге толыққанды түсініктеме берген жоқ.
Президент Садыр Жапаров өз кезегінде бұл жағдайды ушықтырмауға шақырып, қоғамды сабыр сақтауға үндеді. Оның айтуынша, бұрынғы серіктер арасындағы келіспеушілікті саяси дағдарыс деңгейіне жеткізбеу қажет.


