Тәшеневті ұлықтау – тарихи әділет пе, әлде формалдылық па?

Oinet.kz 18-03-2026

2026 жылы қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің туғанына 111 жыл толады. Бұл – жай ғана дата емес. Бұл – елдік мүдде жолында қайсарлық танытқан тұлғаның еңбегіне бүгінгі қоғамның қандай баға беріп отырғанын көрсететін кезең.

1200_0_f5a54b39f3174fa9e5591e3d52c50b5f.jpg

Біз тарихи тұлғаларды ұлықтауда қаншалықты әділеттіміз? Иә, елімізде ұлы есімдерге берілген оқу орындары мен көшелер аз емес. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті немесе Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – ұлт руханиятына қосылған үлкен үлес. Бірақ дәл сондай деңгейдегі құрмет Тәшеневке көрсетіліп отыр ма? Шымкентте Жұмабек Тәшенев университеті бар. Әрине, бұл – құптарлық қадам. Бірақ ел тұтастығын сақтап қалған тұлға үшін бұл жеткілікті ме? Мәселе – атауда ғана емес, ауқымда. Тәшеневтің тарихи ерлігі – аңыз емес, нақты факт. Ол Қазақстанның солтүстік өңірлерін сақтап қалуда шешуші рөл атқарды. Бұл – бір өңірдің емес, тұтас мемлекеттің тағдырына әсер еткен шешім. Егер сол кезде саяси батылдық жетіспегенде, бүгінгі географиялық карта мүлде басқаша болуы мүмкін еді.

Бүгін біз Тәшеневті қаншалықты танып жүрміз? Жас ұрпақ оның есімін естиді ме, әлде бұл тек тарих оқулығындағы бір жол ғана ма? Егер біз өз батырларымызды танытпасақ, оларды кім танытады? Тарихи тұлғаны ұлықтау – тек ескерткіш қою немесе атау беру емес. Бұл – санаға сіңіру, үлгі ету. Демек, Тәшенев есімі мектеп бағдарламасында, ғылыми зерттеулерде, медиа кеңістікте кеңінен насихатталуы тиіс. Деректі фильмдер, ашық дәрістер, ұлттық деңгейдегі жобалар – осының бәрі уақыт талабы. 

Егер Павлодар, Петропавл секілді стратегиялық маңызы бар өңірлерде оның есімі көрініс тапса, бұл жай символ емес, тарихи әділеттің белгісі болар еді. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағыт.

Ұлттың ұлыларын ұлықтау – ұлттың өзін ұлықтау. Жұмабек Тәшенев есімі ел картасында қаншалықты айқын көрінсе, біздің ұлттық санамыз да соншалықты биіктейді. Ендеше, Тәшеневті тану – таңдау емес, міндет.

Әбибұла Маманкулов

Берекелі ауызашар: білім мен руханият тоғысқан тағылымды кеш
Ораза айт – ұлық мереке
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу