Ораза айт – ұлық мереке
Ислам дінінде екі үлкен мереке бар: Ораза айт және Құрбан айт. Екеуі де мұсылмандар үшін маңызды болғанымен, олардың мәні әртүрлі. Ораза айт – Рамазан айындағы бір айлық оразаның аяқталуына арналған мереке. Бұл күні мұсылмандар ауыз ашып, Аллаға шүкіршілік айтып, бір-бірін құттықтайды. Ал Құрбан айт – қажылық маусымы аяқталғаннан кейін атап өтілетін мереке. Бұл күні мұсылмандар Алла разылығы үшін құрбандық шалып, оның етін мұқтаж адамдарға таратады.

Ораза айтта мұсылман қауым Айт намазын жамағатпен оқу үшін мешітке қарай ағылады. Намаздан соң мерекелік құтпаға қатысу – сүннет болып табылады. Отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті шуағы мол мерекенің мәні зор. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйған мұсылман қауымы Алла тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.
Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Ораза айт мерекесін алғаш рет хижраның екінші жылы (624 жылы) атап өткен екен. Бізге жеткен салих дереккөздерге қарағанда, Исламға дейін Мәдина халқы әрбір жылы екі күн ұлан-асыр той жасайтын болған. Меккеліктер: «Бұл қандай мереке?» – деп сұрағанда, мәдиналықтар: «Жаһилиет дәуірінен бері тойлап келе жатқан мерекеміз»,– деп жауап беретін. Бұны естіген Хақ Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла тағала сіздердің бұл мерекелеріңізді Фитр (ораза айты) мен Құрбан мерекесі етіп өзгертті»,– деп бұйырады. Осы хадистегі «Фитр мерекесін» Ислам ғұламалары отыз күнгі оразадан кейінгі Ораза айт мерекесі деп біледі.
Мерекелік намаз қалай оқылады?
Айт намазы таң намазы біткеннен кейін күн шыққан соң 20 минуттан кейін барып оқылады. Айт намазы жылына екі рет оқылады. Ораза айтта және Құрбан айтта. Екі айттың арасы 70 күн. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айт намазын ешқашан тастамаған және өзгелердің де намазға шығуларын бұйырған.
Айт намазы екі рәкаттан тұрады. Мұнда азан мен қамат айтылмайды. Айт намазының өзге намаздан ерекшелігі – әрбір рәкатында үш тәкбір айтылады. Бұл тәкбірлерді орындау – уәжіп. Бұл тәкбірлер бірінші рәкатта қырағаттан бұрын, ал екінші рәкатта қырағаттан кейін айтылады.
Ораза айтқа дайындық
Ораза айтқа дайындық Рамазан айының соңғы күндерінде басталады. Айт қарсаңында әдетте мынадай дайындықтар жасалады:
- Үйді тазалау – мерекені таза әрі жайлы үйде қарсы алу үшін;
- Пітір садақа беру – мұқтаж адамдарға көмек көрсету мақсатында айт намазына дейін беріледі;
- мерекелік тағамдар дайындау – дастарханға арналған ұлттық және тәтті тағамдар әзірленеді.
Айт намазы, яғни Ораза айттың алғашқы күні басталмай тұрып әр мұсылман міндетті түрде пітір садақа беруі керек. Мұндағы мақсат – мұқтаж адамдарға көмектесіп, олардың да осы мерекені қуанышты өткізуіне сеп болу.
Пітір садақа мөлшерін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бекітеді. Қазақстанда 2026 жылы пітір садақасы адам басына 735 теңге болып белгіленген.
Ораза айт бір күн ғана тойланады
«Айт» – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген сөз. Демек, бұл күндері отбасын, ағайын-туыс, көршілер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі.
Сол себепті Айт мерекесінде шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып, бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендердің көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады. Осы орайда бала-шағаға сыйлық үлестіріп, айттық алып берудің маңызы зор. Өйткені осы күні сыйлық алған бала келесі мерекені қуанышпен тағатсыздана күтетін болады.
Хадис кітаптарындағы хабарларға қарағанда, Алла Елшісі Ораза айт мерекесі күндері әдемі киімдерін киіп жүретін. Ораза айтының намазын оқымай тұрып, май мен құрма жейтін. Хасан ас-Сабит: «Екі айтта да Хақ Елшісі бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді, жағдайымыз мүмкіндігіне қарай семіз малды шалуды бұйыратын еді», – дейді. Осы хадиске байланысты Ислам ғұламалары мұсылмандарды Ораза айтының таң сәрісінде бой дәрет алып, тістерін тазалап, мұнтаздай таза һәм әдемі киімдерін киіп жүруге үндейді. Ораза айт намазынан бұрын пітір садақа беріп, мешітке барып уағыз-насихат тыңдаудың сауабы мол мұстахаб амал екенін айтады.
Құрбан айт үш күн аталып өтіледі. Өйткені елдің барлығы бір күнде құрбандық шалып үлгере алмайды. Ал Ораза айт негізінде бір күн ғана тойланады. Бірақ, тойшыл, қонақжай халық болған соң біздің елде бұл мерекеде үш күн айттап үйренген дәстүр қалыптасқан. Әйткенмен, бірінші күн айттап, екінші күннен бастап «Шәууәл» айының 6 күндік оразасын ұстауға да болады. Отыз күн оразадан соң Шәууәлдің 6 күндік оразасын ұстаса – оған бір жылдық ұстаған оразаның сауабы беріледі.
Халқымызда айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Десек те, Ислам тарихында да айт мерекесіне дастархан жаю үлгісі бұрын да болған.
990-991 жылдары Бағдат қаласында ораза айт мерекесіне арналып ұзындығы 150 метр дастарқан жайылып, тәттi тағамдармен толтырылып, халыққа ұсынылған. Ал, Аббасилер Х ғасырда Ислам мерекелерiн насихаттау үшiн, әсiресе, Византияға көршiлес Тарсус және Аусым секiлдi қалаларда ислами мейрамдарды өте жоғарғы деңгейде өткiзiп отырған.
Фатимиттер айтты «йд әл-Хуләл», яғни «киiм мерекесi» деп атайтын. Өйткенi халифа жұртты мерекемен құттықтау үшiн сарайдан мешiтке дейiн әдемi киiнген сарай нөкерлерiн жолдың екi жағына тұрғызып, өзi тамаша киiнiп, жолмен жаяу баратын болған. Халифаның артында тамаша керуен, онда безендiрiлген пiл, оның үстiнде бiр сарбаз отыратын.
Халифа Әзиз Билләһтің (976-996) кезiнде «Дар әл-Фитра» деп аталатын тек тәттi тағамдар жасайтын асхананы ережеп айының ортасынан бастап iске қостыратын. Ол асхана ораза iшiнде ауызашарға көптеген тапсырыстар орындайтын. Айт намазынан кейiн халифа үлкен дастарқан жайып қонақ күтетiн. Ол қонаққа Каирдағы басқа дiн өкiлдерi де шақырылатын.
Мұсылманшылығы өркендеген бүгінгі Түркия елінде «шекер» дейтiн тәттi тағам ораза айтқа арналып дайындалады екен. Сондықтан да Рамазан айт мерекесiн олар тағамның атымен «шекер байрам» деп те атап кеткен.
Қазақ елі де өзге мұсылмандар секілді айт мейрамына арнап дастарқан жаяды. Ата-бабамыз ысырапқа бармай айттап келушi қонақтарға құрмет көрсетуді мұсылмандық іс деп білген. Қонақжайлылық – халқымыздың әдет-ғұрпы тұрғысынан да, шариғат тұрғысынан да ең маңызды қасиеті. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аллаға және қиямет күнiне сенетiн кiсi қонағын жақсылап күтсiн», – дейді. Тағы бiр хадисінде дұғасы қабыл болатын үш кiсiнiң бiрi қонақ екенін айтып өткен. Ал, халқымыз «Мейманды қарсы ал, Қыдырына жолығасың», – деген даналық сөз қалдырған.


