Құрылтай сайлауы жазда өтеді. Ал мәслихат ше?
Кешегі күні Орталық референдум комиссиясы жаңа Конституция қабылданды деп таныды. Бұл туралы аталған комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті.

— Республикалық референдум туралы конституциялық заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша, атап айтқанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша шешім егер оны жақтап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептелінеді, — деді ол.
Осы орайда комиссия төрағасы әр өңірде осы шешімді жақтап азаматтардың басым көпшілігі дауыс бергенін айтты.
— Осылайша, Республикалық референдум туралы заңнамадағы елдің 20 өңірінің үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамының оң шешімді жақтап дауыс беруі туралы талап сақталды. Сондықта жаңа Конституция қабылданды деп танылады, — деді Нұрлан Әбдіров.
Енді жыл сайын Конституция күнін 15 наурызда тойлайтын боламыз. Ал жаңа Конституция 1 шілдеде заңды күшіне енеді. Осыдан кейін биліктің құрылымын Негізге заңға сәйкестендірудің басталатыны белгілі. Алдымен бір палаталы Парламент--Құрылтай жасақталады.
Референдумнан кейін «Қазмедиа» орталығында үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев осы науқанның мерзімін атап өтті.
– Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын, – деді Президент. Жаңа Конституцияда Құрылтайдың екі ай ішінде жасақталуы тиістігі жазылған. Яғни, Парламент сайлауы тамыздың аяғына қарай өтуі мүмкін.
Ал, мәслихат сайлауының қашан болатыны әлі белгісіз.


