Жастар неге «энергетикке» құмар?
Соңғы жылдары қоғамда белең алып бара жатқан жатқан үрдістердің бірі – жастар арасында энергетикалық сусындарды тұтынудың күрт артуы. Бүгінде оны күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналдырып алғандар аз емес. Әсіресе уақытпен санаспайтын, қарбалас тірлікке бейімделген жас буын үшін мұндай сусындар тез сергіп алудың, ұйқыны жеңудің оңай жолы сияқты көрінеді. Алайда сырт көзге зиянсыз болып көрінетін бұл сусынның астарында адам денсаулығына төнетін үлкен қауіп жатқанын көпшілік ескере бермейді.

Қоғамда қалыптасып келе жатқан осы жағдай тек тұрмыстық деңгейдегі мәселе емес, ол біртіндеп денсаулық сақтау саласының да алаңдаушылығын тудырып отыр. Өйткені дәрігерлер соңғы уақытта бұрын сирек кездесетін дерттердің көбейіп бара жатқанын жиі айтып жүр. Соның ішінде бүйрек ауруларының жастар арасында көбеюі ерекше назар аудартады. Бұл кездейсоқ құбылыс па, әлде өмір салтымыздағы өзгерістердің салдары ма? Осындай сұрақтарға жауап іздеу үшін біз сала мамандарының пікіріне жүгінуді жөн көрдік. Осы ретте Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының нефролог дәрігері Вячеслав Лимен әңгімелесудің сәті түсті. Күнделікті тәжірибесінде түрлі науқастармен жұмыс істейтін маман бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін тәжірибесіндегі мысалдармен жеткізді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жас пациенттердің арасында бүйрек ауруларына шалдыққандар саны айтарлықтай артқан. Ал оның басты себептерінің бірі – энергетикалық сусындарды шамадан тыс әрі тұрақты түрде тұтыну. Дәрігердің бұл пікірі бүгінгі қоғам үшін ойланарлық мәселе екені анық. Ендеше, маманның осы тақырыптағы ойын өз сөзімен оқырман назарына ұсынамыз.
«Біз бүйректің зақымдануының себебін неғұрлым тезірек тапсақ, соғұрлым науқастың өмірін ұзартамыз. Сондай-ақ, науқас проблемасымен түскен кезде біз «қараңғыда қара мысықты іздейміз», биопсия нәтижелеріне дейін соқыр жұмыс жасаймыз деп айтуға болады. Бүгінде еліміздің екі орталығында ғана диагностиканың бұл түрі қолданылады: Сызғанов атындағы институтта және Ұлттық ғылыми орталықта. Біз барлық көрсеткіштер бойынша нефрологиялық орталыққа сәйкес келуді, халыққа сапалы қызмет көрсетуді, бүйрек ауруларын ерте сатысында анықтауды, сол арқылы адамдардың өмірін ұзартуды алдымызға мақсат етіп қойдық. Өкінішке қарай, соңғы уақытта жас пациенттер арасында бүйрек ауруларының көбеюі байқалады. Оған бір себеп – энергетикалық сусындарды көп тұтынады. Бүгінде бізде отыз жас шамасындағы үш пациент емделуде. Олар екі жыл бойы күнделікті осындай энергетикалық сусындарды ішіп, бүйректерін істен шығарған. Көбінесе такси жүргізушілері, ұзақ жолға шығып жүрген жүк көліктерінің жүргізушілері осындай проблемалармен орталықтың көмегіне жиі жүгінеді. Олар энергетикалық сусындарды күнделікті суша тұтынады. Мен мұны тек нефролог ретінде айтып отырмын. Бірақ, «энергетиктер» жүрекке, бауырға және басқа органдарға да зиянды әсер етеді. Сондықтан мұндай сусындарды бей-берекет, шамадан тыс тұтыну ағзаға зор қауіп төндіретін факторлардың бірі екенін әр адам түсінуі тиіс. Өкінішке қарай қазіргі таңда, әсіресе, жастар арасында энергетикалық сусындарды күнделікті ішуді әдетке айналдыру белең алып барады. Көпшілік оны шаршауды басатын, сергектік беретін қарапайым құрал ретінде қабылдайды. Алайда оның құрамындағы кофеин, қант пен түрлі химиялық қоспалардың ағзаға, соның ішінде бүйрекке тигізер зияны өте жоғары екенін ескере бермейді. Мұндай әсерлер бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе бүйрек қызметінің әлсіреуіне, созылмалы аурулардың дамуына, тіпті мүшенің толық істен шығуына дейін алып келуі мүмкін. Тек бүйрек қана емес, энергетикалық сусындар жүрек-қан тамырлары жүйесіне де айтарлықтай салмақ түсіреді. Жүрек соғысының жиілеуі, қан қысымының көтерілуі, ұйқының бұзылуы – мұның барлығы кейін үлкен дерттердің бастамасына айналуы ықтимал. Сонымен қатар бауыр, жүйке жүйесі сияқты басқа да мүшелерге кері әсері бар екені медицинада дәлелденген. Сондықтан бұл мәселені тек бір саланың проблемасы ретінде емес, жалпы қоғам денсаулығына қатысты өзекті мәселе ретінде қарастыру қажет. Осы орайда халық арасында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Әсіресе жасөспірімдер мен жастарға энергетикалық сусындардың зияны туралы нақты әрі ғылыми негізделген мәліметтерді жеткізу керек. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында саламатты өмір салтын насихаттау жүйелі түрде қолға алынуы тиіс. Сонымен қатар жұмыс кестесі ауыр, ұзақ уақыт көлік тізгіндейтін азаматтарға да денсаулықтың маңызын түсіндіру қажет. Сергектік үшін зиянды сусындарға жүгінудің орнына, дұрыс демалыс режимін сақтау, табиғи әрі пайдалы тағамдарды тұтыну әлдеқайда тиімді екенін ұғындыру маңызды. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі аурудың алдын алу оны емдеуден әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Бүйрек аурулары көп жағдайда алғашқы кезеңде білінбей өтеді, асқынған кезде ғана анықталады. Сондықтан уақытылы тексеріліп тұру, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту ұзақ әрі сапалы өмірдің кепілі. Егер біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізе алсақ, онда бүйрек ауруларының алдын алып қана қоймай, жалпы халық денсаулығын жақсартуға үлкен үлес қоса аламыз», - деді дәрігер.
Маман пікірінен байқағанымыздай, мәселенің ауқымы тек жеке адамдардың әдетімен шектелмейді, ол тұтас қоғамның денсаулығына әсер ететін күрделі үрдіске айналып отыр. Расында да, бүгінгі таңда сергектік пен өнімділікті жасанды жолмен арттыруға ұмтылу қалыпты құбылысқа айналып барады. Алайда уақыт ұтудың мұндай «жеңіл жолы» көбіне денсаулықтан айырылуға алып келетінін медицинаның өзі дәлелдеп отыр.
Көп жағдайда адам ағзасы алғашқыда мұндай жүктемелерге қарсы тұра алғанымен, уақыт өте келе ішкі мүшелердің қызметі әлсірей бастайды. Ең қауіптісі – бұл өзгерістердің көпке дейін білінбей, жасырын түрде өтуі. Соның салдарынан науқас дәрігерге тек ауру асқынған кезде ғана жүгінеді. Бұл өз кезегінде емдеу процесін күрделендіріп, кей жағдайда қайтымсыз жағдайларға алып келуі мүмкін.
Қазіргі қоғамда денсаулыққа деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігі байқалады. Әсіресе жастар арасында «жылдам нәтиже» мәдениеті қалыптасып барады. Тез шаршау – тез сергіту, ұйқы келді – бір банка энергетикалық сусын ішу. Бірақ мұндай тәсілдер ағзаның табиғи ырғағын бұзып, ұзақ мерзімді зиян келтіретінін ескеру керек. Адамның бойына күш-қуат беретін ең негізгі факторлар – дұрыс ұйқы, теңгерімді тамақтану және белсенді өмір салты екенін ұмытуға болмайды.
Бұл жерде тек жеке жауапкершілік жеткіліксіз болса керек. Қоғам болып, ата-ана, ұстаз, дәрігер және жалпы ақпарат құралдары бірігіп әрекет еткенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Әсіресе жасөспірім кезеңнен бастап дұрыс әдет қалыптастыру аса маңызды. Өйткені дәл осы шақта қалыптасқан өмір салты болашақтағы денсаулықтың негізін қалайды. Сондай-ақ еңбек жағдайы ауыр, ұзақ уақыт жолда жүретін азаматтарға да ерекше назар аудару қажет. Олар үшін қолжетімді әрі қауіпсіз баламаларды ұсыну, еңбек тәртібін реттеу, демалыс уақытын сақтау сияқты мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі денсаулық тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның байлығы.
Бүгінгі қоғамда адам өмірінің қарқыны артқан сайын, соған бейімделудің түрлі жолдары да көбейіп келеді. Алайда солардың бәрі бірдей қауіпсіз әрі пайдалы деп айту қиын. Әсіресе тез нәтиже беретін, бір сәттік сергектік сыйлайтын дүниелерге әуестік артып барады. Бұл – бір қарағанда ұсақ мәселе болып көрінгенімен, уақыт өте келе ұлт денсаулығына әсер ететін маңызды факторға айналуы мүмкін. Себебі денсаулық бір күнде қалыптаспайды, ол күнделікті әдеттердің, дұрыс таңдау мен жауапкершіліктің нәтижесі. Егер біз бүгін қарапайым көрінетін зиянды әрекеттерге көз жұма қарай берсек, ертең оның салдары әлдеқайда ауыр болуы ықтимал.
Демек, мәселенің мәні тек бір сусынның төңірегінде емес, тұтас өмір салтымызға келіп тіреледі. Бүгінгі таңда жеңіл жолды таңдап, ағзаны жасанды қуат көздерімен «алдау» үйреншікті әрекетке айналып барады. Ал оның соңы денсаулыққа салмақ түсіріп, ертеңгі күннің сапасына әсер ететіні анық. Ойланатын уақыт әлдеқашан келді. Сергектік энергетикалық сусыннан емес, саналы таңдау мен дұрыс әдеттен басталуы керек. Сонда ғана біз болашақ ұрпақтың дені сау, санасы сергек болып қалыптасуына жол аша аламыз.
Аида ӨТЕП


