Минаб трагедиясы. АҚШ жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді

Oinet.kz 19-03-2026

Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи алғашқы жария мәлімдемесінде АҚШ пен Израильге қарсы қатаң ұстаным танытып, Парсы шығанағы елдерін өз аумақтарындағы америкалық әскери базаларды жабуға шақырды. Оның үндеуі 12 наурыз күні Иранның мемлекеттік телеарнасы арқылы жарияланып, кейін елдің өзге де бұқаралық ақпарат құралдарына тарады. Алайда жаңа көшбасшы камера алдына шыққан жоқ, тек жазбаша мәлімдеме арқылы халыққа үн қатты. Бұл жағдай сарапшылар арасында түрлі пікір туғызды: бір тарап оны қауіпсіздік себептерімен түсіндірсе, енді біреулер Иран билігінің қазіргі кезеңдегі ішкі саяси ахуалының күрделілігін көрсетеді деп санайды.

Screenshot_1.jpg

Хаменеи әсіресе, соғыс басталған алғашқы күндері қаза тапқан бейбіт тұрғындардың тағдырына тоқталды. Ол «балаларымыздың төгілген қаны біз үшін ең ауыр соққы» екенін айтып, Иран қоғамын бірлікке шақырды. Тегеран таратқан ресми мәліметке сәйкес, 28 ақпанда елдің оңтүстігіндегі Минаб қаласында орналасқан қыздар мектебіне жасалған зымыран соққысы салдарынан кемінде 175 адам қаза тапқан. Қаза болғандардың басым бөлігі — мектеп оқушылары. Бұл оқиға Иран қоғамында ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен резонанс туғызды.

Минабтағы трагедияға байланысты түрлі нұсқалар айтылып жатыр. Америкалық әскери құрылымдар бұл жағдай АҚШ-тың Ирандағы әскери нысандарға жасаған соққыларының жанама салдары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда кейінірек жарияланған алдын ала тергеу мәліметтері шабуылдың нақты себептері туралы жаңа деректерді ашты.

The New York Times басылымының хабарлауынша, Минабтағы бастауыш мектепке жасалған зымыран соққысына АҚШ жауапты. Басылым деректеріне сәйкес, АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының офицерлері нысананың координаттарын анықтау кезінде қорғаныс барлау агенттігі ұсынған ескірген деректерді пайдаланған.

Барлау құрылымдары дайындаған нысана кодтамасында мектеп ғимараты әскери нысан ретінде белгіленген. Бұл деректер шабуылға дайындық кезінде қолданылған. Соның салдарынан зымыран дәл сол ғимаратқа бағытталған болуы ықтимал.

Тергеуге қатысқан тұлғалардың айтуынша, бұл оқиғада әлі де жауапсыз қалған көптеген сұрақ бар. Неге ескірген ақпарат қолданылды? Нысананың мәртебесін нақты тексеру неге жүргізілмеді? Қай құрылым немесе қай лауазымды тұлға бұл деректерді қайта тексермей пайдаланды? Мұндай сұрақтардың жауабы әзірге толық анықталған жоқ.

Минабтағы мектептің орналасқан жері де бұл трагедияның себептерін түсіндіруде маңызды рөл атқарады. Мектеп ғимараты бір кезде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери инфрақұрылымына жақын аумақта орналасқан. Бұл құрылым — АҚШ әскери операцияларының басты нысаналарының бірі саналады.

Тергеу материалдарына сәйкес, мектеп орналасқан ғимарат 2013–2016 жылдар аралығында әскери база аумағынан толық бөлінген. Бұрын ғимарат маңында тұрған күзет мұнаралары алынған, мектепке үш қоғамдық кіреберіс ашылған, аумақ толық тазартылған. Асфальт төселген алаңдарға балалар ойнайтын спорт алаңдары салынған. Ғимараттың қабырғалары көк және қызғылт түстерге боялып, білім беру мекемесіне тән белгілер пайда болған.

Дегенмен әскери барлау жүйелерінде бұл өзгерістер толық жаңартылмаған болуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы фактор шабуыл кезінде қателікке әкелген. АҚШ әкімшілігі бұл оқиғаға қатысты әзірге біржақты жауап берген жоқ. Дональд Трамп 8 наурыз күні журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, мектепке жасалған соққыны «Иранның өзі жасаған» болуы мүмкін деген пікір айтқан. Ал екі күннен кейін, 10 наурызда ол бұл оқиғаға қатысты нақты қорытынды жасауға ерте екенін айтып, соққыны «Иран немесе басқа бір тарап жасаған болуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме халықаралық сарапшылар арасында түрлі пікір тудырды. Бірқатар мамандар Вашингтонның жауапкершіліктен алыстауға тырысып отырғанын айтса, енді біреулер нақты қорытынды тек толыққанды халықаралық тергеуден кейін ғана жасалуы мүмкін екенін алға тартады.

Жаңа көшбасшының тағы бір маңызды мәлімдемесі Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайға қатысты болды. Хаменеи әлемдік мұнай саудасының шамамен 20 пайызы өтетін бұл стратегиялық теңіз дәлізіндегі блокада жалғасатынын айтты. Соңғы күндері Парсы шығанағында екі мұнай танкеріне жасалған шабуылдан кейін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы күрт көтерілген. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы шиеленістің жаһандық экономикаға әсер ету қаупін айқын көрсетті.

Қазақстандықтардың әкімшілік айыппұлдары толық және ішінара кешірілмек
Жастар неге «энергетикке» құмар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу