Садық Хедаят өмірі мен шығармашылығы

Oinet.kz 06-10-2018 652

Садық Хедаят – Иранның белгілі жазушысы, суретшісі, этнографы халық ауыз әдебиетін жинаушылардың бірі. Музыка журналында қызмет істеген. КСРО және Иран қоғамының мүшесі болған. Алдыңғы қатарлы журналдарда шығармалары жарық көрген. Иран жазушыларының 1 конгресіне қатысқан. «Янаме ноу» – «новый вестникте» үздік шығармаларын жариялаған. «Сухан» журналында да басылған. 1944 жылы Өзбекстанға келіп қайтқан. Бәлки, сол келгенінде Мұхтар Әуезовпен де кездескен шығар, өйткені, ол Ташкентте аспирантурада оқыған. Садық Хедаят 1903 жылы 17 ақпанда дүниеге келген. Парсының бастауыш мектебін бітірген. Ақсүйектің балалары оқитын оқуға түседі. Бұл оқу орны 1851 жылы қаланған еді. 1926 жылы Бельгияға кетеді. Азаттық инженерлер даярлайтын оқу орнына кіреді, бір жылдан кейін Парижге кетеді, онда архитектура факультетіне түседі. 1930 жылы Тегеренға оралады, бірақ, білімін аяқтамағанына ата-анасы наразы болады. Еуропада жүргенде көркем әдебиетке атсалысуға алғашқы қадамын жасайды. Әңгіме, новелла жазады. 1930 жылы алғашқы әңгімелер жинағы жарық көреді. «Тірідей көмілгендер», «Абами Ханум», «Жыртқыштар» деген әңгімелер жинағы жарыққа шығады. Иранның шағын прозасының реалистік өмірді суреттеуі – осы С.Хедаяттың шығармаларынан басталады. 1930 жылы Тегеранда «Раббе-Төртеу» деп аталатын әдеби үйірме ашылады. Садық соның белсенді мүшелерінің бірі болады. М.Фарзад, Бозорг Альяви, Минови және режиссер А.Нушин атты кісілер осы үйірмеге қатысып, өздерінің шығармаларын оқып, талқылап отырады. Осы үйірмеде Б.И.Хангари деген аудармашы бар еді. Бұл кісі бірінші рет А.Пушкиннің «Капитан қызын» француз тілінен парсы тіліне аударады. Бұл әдеби үйірмеде Иранның атақты шайыры Нима Иушич те бар еді. Фольклоршы М.И.Собхи, музыкант Минбашян «Раббе» үйірмесінің белгілі кісілері болатын. Раббе бара-бара иран интеллигенциясы қаймақтарының басын қосқан көрнекті үйірмеге айналады. Садық Хедаят осы жылдары өндіріп көп жазады. 1932 жылы «Қанның үш тамшысы», 1933 жылы «Жарық сәуле» деген шығармалар, памфлеттер, саяси өткір азаматтық әуендегі туындылар жазады. 1933 жылы «Парвин-сасанид қызы» пьесасын жазады. Бұл көркем прозасында Садық Хедаят азаттық, азаматтық ойларды көтереді. 1931 жылы жазушының «Дүниенің жаратылуы туралы аңыз» атты сатиралық комедиясы ең алдымен Парижде, сосын Тегеранда басылып шығады. Шет ел қаламгерлерінің еңбектерін ана тіліне аударады. Сол жылдары орыс классиктері Достоевский, Пушкин, Лермонтов, Чеховтың әңгіме, повестері жапон,

үнді, қытай, түрік, парсы тілдерінде жарияланып жатады. Орыстың осы аталған жазушылары сол уақыттағы Шығыстың қаламгерлеріне қатты әсер еткен еді.

Әсіресе, солардың көбірек аударылғаны И.С.Тургенев шығармалары болатын. Тургенев туындылары жапон тіліне тікелей, тура аударма емес, адаптациялық жолмен жеткен еді. Мінеки, сондай тәжірибелердің біреуін Садық Хедаят та жасады. Антон Чеховтың бірқатар әңгімелерін француз тілінен алып тәржімалайды. Себебі, ол кезде Еуропа әдебиеті, соның ішінде француз поэзиясы мен прозасы шығыс жазушыларына, әсіресе парсы мен түрік авторларына қатты әсер етті.

Иранның, Түркияның озық ойлы интеллигенциясының өкілдері Еуропаға барып, білім жинап келіп жүрді. Содан кейін өз мәдениетінің бағына отырғызып, түрлентіп жеміс алатын. Иран интеллигенциясының алдыңғы саптағы өкілдері Еуропадан, Америкадан, Англиядан білім алып қайтатын. Садық Хедаяттың да Берлинге жиі баруы тегін емес еді. Себебі, дүние жүзі өркениетінің ірі орталықтарының бір болған Берлинге көркемөнердің тоқсан тоғыз торап жолдары тоғысып жататын. Сондай саралы соқпақтардың ішінен Садық Хедаят, әкешешесінің қарсылығына қарамастан, жазушылық өнерді таңдап алған еді.

Парижден оралғаннан кейін ол түбегейлі әдебиет жолына бұрылады, франуз тілінен Чехов новеллаларын аударады. Сонымен бірге ол халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы ретінде де танылады. Ол туған халқының ежелгі тіршілігін, тілін, кәсібін, ғұрпын терең білуші еді. Ел аралап жүріп, жұртының асыл әдеби қазыналарын жинап, талдап, топтастырды. 1931–1933 жылдары «Ертегі – ғажайыптар елі» деген ауыз әдебиетінің жинағы жарияланады. Бұл жинаққа әдет-ғұрып, сенімді бейнелейтін қысқа да ұтымды жәдігерлер, түс жору тәсілдері дейтін тараулар енеді. Садық Хедаят 1932 жылы «Исфахан – дүниенің жарты әлемі» деп аталатын, Сефевидтер мемлекеті туралы шығармасын жариялады. Садық жас шағынан бастап-ақ Иранның халық поэзиясын жаттап өскен еді. 1934 жылы ол «Омар Хайямның «Төрттағандары»» деген жинақ бастырып шығарды. Ол бұл кітапты көптен бері әзірлеп жүрген еді. Садық Хедаят шығармаларынан Батыс пен Шығыстың жүйрік үлгілерін біріктірген синкретикалық стильдегі қолтаңба бой көрсетіп, өзін танытатын. Сол уақыттағы Еуропаның арғы-бергі классиктерін көп оқып-зерттеп, солардан алған әсерін шығыс ойшылының, философының, ақынының тәжірибелерімен тұтастырып барып, қолына

қалам алатын еді. Сонымен қатар ол Иранның ескі әдеби тілін жетік біліп, пайдалана білетін қалам иегерінің бірі болды.

Әсіресе, оны зороастризм жайы өте-мөте қызықтырып, өзіне тартушы еді. 1936 жылы Резе шахтың реакциялық  режимі қыса бергеннен кейін ол Үндістанға кетеді. Сонда жүріп, ол «Соқыр үкі» деген повесін жазады. Бұл шығармасы Еуропаға, Америкаға тарап кетеді. 1937 жылы жазушы Иранға оралады. 1941 жылы «Қаңғыбас ит», 1945 жылы «Хаджи Аға» деген повестерін аяқтайды. «Тірі су» деп аталатын аллегориясын (белгілі бір шындықты ертегі арқылы бүркемелеп түсіндіру) жазды, ал ертегі астарында көп естіген сыр жататын. Сондықтан да бұл шығарманы ертегі-аллегория дейді. Ирандағы өмірді суреттегені үшін қуғынға ұшырайды. 1949 жылы Берлиндегі Бейбітшілікті қорғау Конгресіне қатысуға жазушыға рұқсат бермейді.Ол тек телеграмма жолдайды. Ақыры 1950 жылғы 5 желтоқсанда Берлинге кетеді. 1951 жылдың 9 сәуірі күні Берлинде жазушы өзін-өзі өлтіреді. С.Хедаяттың 1957, 1960, 1969 жылдары Мәскеуде үш рет орыс тілінде кітаптары басылып шығады. 1985 жылы Мәскеуде таңдамалы әңгіме, повестері жарық көреді. Шығармаларын Д.Комиссаров, А.Розенфельд аударған.

1985 жылы Парижде «Хаджи Аға», «Соқыр үкі», «Алеви ханум», «Лале», «Абдин ханум» шығармалары жарық

көреді.

Имадеддин Насими өмірі мен шығармашылығы
Әке туралы естелік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу