Африкадан Алматыға оралған әйелден безгек ауруы анықталды
Алматыда 2026 жылдың басынан бері безгек (малярия) бойынша алғашқы жағдай тіркелді. Қауіпті инфекция Африка елінен оралған әйелден анықталған. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы хабарлады, деп жазады Оinet.kz.

Мамандардың айтуынша, Қазақстан аумағында безгектің жергілікті ошақтары жоқ. Дегенмен, соңғы жылдары ауруды сырттан әкелу деректері кездесіп отыр. Соңғы бес жылда елде 13 жағдай тіркелсе, олардың басым бөлігі тропикалық, яғни ең ауыр түріне жатады.
Эпидемиологиялық тексерулер көрсеткендей, науқастардың көпшілігі сапар алдында қажетті сақтық шараларын сақтамаған. Атап айтқанда, олар дәрігер кеңесін алмаған және алдын алу мақсатындағы химиопрофилактика курсынан өтпеген.
Дәрігерлер безгектің аса қауіпті жұқпалы ауру екенін ескертеді. Уақытында емделмеген жағдайда ол ауыр асқынуларға әкеліп, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған байланысты мамандар шетелге, әсіресе Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Латын Америкасы елдеріне баратын азаматтарға сақ болуға кеңес береді. Сапар алдында кемінде екі апта бұрын дәрігерге қаралып, алдын алу емін бастау қажет.
Сондай-ақ масадан қорғану шараларын қатаң сақтау маңызды: арнайы репелленттер қолдану, терезелерге қорғаныш торларын орнату және кешкі уақытта жабық киім кию ұсынылады.
Бұдан бөлек, тек бөтелкедегі суды пайдаланып, тағам тазалығына мән беру керек. Мамандар ағынсыз су көздерінен, батпақты жерлер мен күріш алқаптарының маңынан аулақ болуға кеңес береді. Себебі дәл осындай ортада безгек тасымалдаушы масалар көп кездеседі.
Дәрігерлердің сөзінше, Қазақстан тұрғындарында бұл инфекцияға қарсы табиғи иммунитет қалыптаспаған. Сондықтан ауру ауыр өтуі ықтимал. Егер шетелден оралғаннан кейін дене қызуы көтеріліп, қалтырау байқалса, дереу дәрігерге жүгініп, қай елде болғаныңызды хабарлау қажет.


