Жаһандық жылыну 2050 жылға қарай жүздеген мың қосымша адам өліміне әкелуі мүмкін
Жаһандық жылыну салдарынан температураның көтерілуі адамдардың физикалық белсенділігін төмендетіп, 2050 жылға қарай жүздеген мың қосымша өлімге әкелуі мүмкін.

ҚазАқпараттың жазуынша Оңтүстік Америкадағы түрлі университеттердің ғалымдары 2000–2022 жылдар аралығында 156 елдің деректерін талдап, жаһандық жылынудың физикалық белсенділікке әсерін зерттеген.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, орташа температура 27,8°C-тан асатын айларда әлем бойынша физикалық енжарлық деңгейі орта есеппен 1,44%-ға артады. Бұл әсер табысы төмен және орташа елдерде дамыған мемлекеттерге қарағанда анағұрлым күштірек байқалады.
Физикалық белсенділіктің төмендеуіне әкелетін шамадан тыс ыстық адам денсаулығына кері әсер етіп, 2050 жылға қарай 470 мыңнан 700 мыңға дейін қосымша өлім жағдайына себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар ғалымдар бұл жағдай жыл сайын еңбек өнімділігінің 2,4–3,68 млрд доллар көлемінде төмендеуіне әкелуі ықтимал екенін болжайды.
Зерттеу авторлары денсаулық пен экономикаға түсетін жүктемені азайту үшін парниктік газдар шығарындыларын қысқарту, климатқа бейімделген қалалық жоспарлауды енгізу, климаттық бақылауы бар спорт нысандарын субсидиялау және халықты жоғары температураның қауіптері туралы кеңінен ақпараттандыру қажет екенін атап өтті.
Зерттеу нәтижелері The Lancet ғылыми журналында жарияланған.


