Кентау жылусыз қалды

Oinet.kz 09-02-2012 1122

Screenshot_28.png

Халыққа сенеміз бе, әлде Қалмұрзаевқа сенеміз бе?

Кентау қаласы тұрғындарының жылусыз отырғанына бір аптадай болды. Биылғы жылыту маусымы басталмай жатып-ақ қала басшылығы жұртты «қам жемеңіздер, пәтерлеріңізге жылуды жеткіземіз. Қыстан аман-есен шығамыз» деп уәде еткен еді. Нұржігіт Қалмырзаев бастаған команданың әсерлі сөзіне, үйіп-төгіп берген уәдесіне имандай сеніп қалған тұрғындар енді 30 градус аязда дірдектеп отыр. Ауруханаға түсіп  жатқандардың саны күрт өсті.   326 көпқабатты үй мен 1266 жеке үйге қыс қаһарына мінген шақта жылудың жетпей қалуына кім кінәлі? Алдымен Кентаудағы қазіргі ахуалға тоқтала кетейік.

Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко жексенбі күні кеншілер қаласына арнайы келіп, жиналыс өткізді, жылуэнергоорталығын аралады. Кентаудағы апатты жағдай жайлы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков журналистерге «температураның -30 градусқа дейін төмендегеніне байланысты трансформатор істен шықты. «ЖЭО-5» мекемесіне электр қуаты берілмеген соң қазандықтардың жұмысы да тоқтады. Трансформаторды қосып жүргенде мазут қатып қалды» деген мәлімет берді. Билік өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қайта-қайта рапорт беруден жалықпай, бір қазандықтың іске қосылғанын мәлімдеді. Телеарналар арқылы шенеуніктердің «жылуды бере бастадық» деген мәліметтерін тыңдап, «е, бәрекелді» деуге сәл-ақ қалдық. Бірақ, шын мәніндегі жағдай мүлдем басқа сияқты.  

Өткен аптаның соңынан бері редакциямыздың телефонына тыным жоқ. Саршұнақ аязда  бүрсең қаққан тұрғындар «теледидар арқылы «Кентауға жылу беріле бастады» деп шенеуніктер шіреніп ақпарат беріп жатыр. Жылу түгілі тас та жоқ, ештеңе де өзгермеген» деп, мұң-зарларын ашына жеткізді. Солардың бірсыпырасын тыңдап көрелік.

- Өткен аптаның ортасынан бері қалада жылу жоқ, - дейді редакциямызға қоңырау шалған  Кентаудың тұрғыны Н.Бейсенбаева. – Не болып жатқанын да дұрыстап білмейміз. Электр энергиясы болса қайта-қайта  өшіп жатыр. Бүрсең қаққан бала-шағамызды  үйінде пеші бар  туған-туысқандарға апарып тастадық. Жағдайдың қалай болып жатқанын білейін десек, жауап жоқ. ТЭЦ-тің телефондары өшірулі.  Жылу келіп қалатын шығар деп біраз күннен бері күтіп жүрміз,  әлі жоқ. Үйдегі температура қазір «ноль» болып тұр.  Бүйте берсе батареялардың түгел  жарылып кететіні анық. Кейбір пәтерлерде жарылып та жатыр.  Қала әкімі тарапынан қандай-да бір түсініктеме берілмеді. Осыдан екі-үш күн бұрын Түркістанда болдым. Орталық жылуға қосылған үйлер қайнап тұр,  тұрғындар пәтерінде  көйлекшең жүр. Міне, халыққа қызмет етсең осылай қызмет ет. Кентауда тұрып жатқаныма бірталай жыл болды, әлі жылудың жөнді берілгенін  көрмедім.

- Жылу орталығына сеніп, биыл көмір түсірмеген едік, енді соған өкініп жатырмын, - дейді бізбен хабарласқан Нышанкүл Тұрманқызы. - Өзім жер үйде тұрамын. Алдыңғы жылы орталық жылу жүйесіне қосылғанбыз. Ол үшін 135 мың теңге төлетті. Жүйені көшеге дейін жеткізгенге 60 мың, үйге кіргізгеніне 75 мың теңге бердік. Өтірік айтушылар да шаршатты. Кеше ғана қалалық телеарнадан мәслихаттың хатшысы Керімжан Сырлыбаев «міне, қазір үш қазандықты да қостық, жылу беріле бастады» деп сайраған еді. Содан бері әлі бүрсеңдеп отырмыз.     

Қыс қаһарына мінген кездегі Кентаудағы шынайы жағдай осы. Қарапайым тұрғындардың сөзін қалалық мәслихаттың депутаты Мұқан Тұрысбеков те растап отыр.

- Бұның алдында жылу беруші мекемені коммуналдық меншікке сатып алуға бюджеттен 140 миллион теңге бөлдірдік, - дейді ол. - Сонымен қатар  екі  негізгі қазандықты жөндеуге  40 миллион тағы бердік. Сол ақшалар қайда? Кеше ғана жөнделген нәрсе сақадай сай жұмыс істеп тұруы керек қой. Астанада отырғандар Кентауда  мазут пен  көмірдің  жеткілікті екенін хабарлапты. Білетінім, қазандықтыңқайта-қайта жөндегенімен, ол да қайта-қайта істен шығып жатыр. Жанға ең қатты бататыны – шындықтық айтылмай отырғандығы. Мәслихат хатшысы сенбі күні кешкісін телеарна арқылы жылудың қосылып жатқанын айтты. Енді өзі қашып жүр. Уәдені  әкімдіктегілер де беріп жатыр. Бірақ, жылу жоқ. Халық тоңып, суықтан дірдектеп отыр. Жылу жүйесі бүгін қосыла ма, ертең бе, әлде бір айдан соң ба, осыны неге ешкім нақты  айтпайды? «Белдеріңді бекем буыңдар, өздерің әрекет жасаңдар, жылуды қазір бере алмаймыз» деп ащы болса да шындықты жарияламай ма? Халық көнбей қайтсін, көнеді ғой. Сөйтіп өз бетінше қамдануға кіріседі.

Кентауда табиғи газ жоқ. Жылу берілмеген соң тұрғындар электр жылытқыштары арқылы ғана жанын сақтап отыр. Есесіне электр қуатының сөнуі тым жиілей түскен. Айтпақшы, қалалық әкімдіктің тұрғындарға «шарапаты» тиіпті. Тырнақшаға алып отырғанымыздың себебі мынау. Суықтан тоңған халыққа әкімдік электр жылытқыштарын таратуды қолға алған. Таратты деген құр аты ғана, шын мәнінде қып-қызыл сауда. Тұрғындар бір құралға 6 мың теңге төлеп жатқанын айтады. Апатты жағдайда қалған тұрғындарға осылайша «қол ұшын» созған қала әкімі Нұржігіт Қалмырзаев командасының қисынсыз әрекеті бір бұл емес.

Апаттан бірер күн бұрын,  нақтырағы ақпан айының 2-күні Қалмырзаев  облыс әкіміне есеп берді. Жабық есік жағдайында өткен бұл есеп жайлы ақпарат құралдарында құрғақ әрі қысқа ақпарат берілді.

- Жылыту маусымының алдында  барлығы «дайын» деген ақпарат берілген. Облыс әкімінің алдындағы берген есебінде «мазутымыз да жетеді, көміріміз де бар, сіздің арқаңызда біз қыстан қысылмай шығамыз» деп еді. Ал бір-екі күннен соң облыс әкімі төтенше жағдай жарияланған Кентауға келіп отыр. Мұны қалай түсінесіз? Жалпы, көп жіберді сөйлемей құтылу – Қалмырзаевтың әдеті. Өзге қызметкерлерін сайратып қойып,  өзі үнін шығармай отыра береді, - дейді Мұқан Тұрысбеков.

Қалыптасқан жағдайға байланысты жауаптыларды жазалап, халықтың көңілін аулайтын тәсіл бұрыннан бар. Бұл жолы да солай болды. «Жылуэнергоорталық-5» мекемесінің директоры Қожахметов, қала әкімінің орынбасары Алдамұратов, сондай-ақ бір бөлім басшысы  қызметінен кетіпті. Бірақ, мұнда да күдікті жайттер жоқ емес. Әкімнің коммуналдық салаға жауапты орынбасары Алдамұратов осыдан бірер апта бұрын басқа қызметке кеткен. Оның орнына 26 қаңтар күні Құрманбай Қожағұлов тағайындалған. Сонда кім кімді алдады?  Ал 35 мың тұрғыны жаурап отырған Кентау қаласының әкімі Нұржігіт Қалмырзаевтың өзі «қатаң сөгіспен» құтылды.  Әзірше Кентаудағы жылу орталығында орын алған апаттың себептері толық анықталған жоқ. Ол анықталған соң біраз шенеуніктер тиісті жазасын алуы мүмкін.

Таяқтың бір ұшы облыстық деңгейдегі коммуналдық салаға  жауапты облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановқа да тиеді. Соңғы үш жылда Кентаудың жылу жүйесін қалпына келтіруге қыруар қаржы жұмсалғаны белгілі. Атап айтсақ, 2009 жылы «Жол картасы» бойынша магистральді жүйелерді жөндеуге 246 миллион теңге бөлінген. Онымен қоса сол кезде қазандықтарды жөндеуге, мазутты сатып алуға қомақты қаражат қаралған. «Енді кентаулықтардың жылу мәселесі шешілді» деген сыңайдағы сүйінші хабарларды сол күндері шенеуніктерден жиі естуші едік. Өткен күзде «Кентау жылыту маусымына толық дайын. Бұрын бізді қыс айларының жылы болғаны құтқарып келген еді, енді ешқандай аяздан қорықпаймыз» деп сенімді сөйлегендер енді елдің бетіне қалай қарар екен.

P.S. Бет қатталып жатқанда Кентаудан кезекті «жылы» хабар келіп жетті.  Жұрт наразылық білдіре бастаған соң ба, қаланың бір бөлігінде тұрғындарға тегін электр жылытқыштары таратыла бастапты.  Бұл не, жанашырлықтан туған қадам ба, әлде көзбояушылық па, оны да дөп басып айтуға қиналып тұрғанымыз-ай...

Жандар Наурызбайұлы

 


Қазақ эстрадасының жұлдыздары қаржыны қалай жұмсайды?
Оңтүстікте ана өлімі өршіп тұрса да Исмаиловқа ең болмаса ескерту берілмеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу