«Балалар жылында» Кентауда халықаралық балалар марафоны өтеді
2022 жылды Балалар жылы деп жариялау керек. Бұл туралы қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлаған еді.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек».-деді Президент,
Осы ретте Мемлекет басшысы балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.
«Балалар - мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда «Балалар жылында» Кентау қаласы әкімі Рашид Аюповтың тапсырмасына сай «KENTAU KIDS MARATHON 2022» халықаралық балалар марафонын өткізуге дайындық басталды. Марафонға екі мыңға жуық жас спортшы қатысады деп жоспарланып, соған жағдай жасалып жатыр.
Халықаралық деңгейде өтетін марафонда түрлі жарыс жеңімпаздары да келіп, балаларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы мен артықшылықтарын таныстыра алады. Сондай-ақ марафон жеңімпаздарына халықаралық жарыстарға жолдама беріледі.
2022 жылы қыркүйек айының 25-жұлдызында өткізілуі жоспарланған іс-шараға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жарысқа қатысушылармен қатар қолдаушы қонақтар да келуіне байланысты Кентаудың туристерді қабылдау әлеуеті көрсетіледі. Кентау қаласында халықаралық деңгейде өтетін алғашқы спорттық іс-шарасы жергілікті кәсіпкерлерге де қолайлы болмақ.