Аюпов алаяқ па? Кентауға дені дұрыс әкім бұйырмай тұр

Oinet.kz 16-06-2022 3193

Пандемия бітіп еді, құрғақ мақтаулармен, қолпаштаулармен семірген біраз шенеуніктің маскасы сыпырылып қалды. «Қасықтап жиналған абырой шелектеп төгілді». Қаңтар оқиғасынан кейін биліктегі жағдайдың 180 градусқа бұрылғанына, ақиқатты айтар кездің келгеніне бұл да бір дәлел шығар, бәлкім, кім білсін.

Screenshot_3.jpg

«Рейтинг» газетінің өткен санында біз  Шымкент қаласының бұрынғы әкімі, «әрбір сөзі хит болған» шенеунік Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты біраз мәселені көлденеңдетіп, атышулы Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі компанияның Шымкенттен 10 миллиард теңгенің тендерін дәл осы Әбдірахымовтың кезінде ұтып алғанын жазған едік. 

Шайтанарбаға көп мінген Ғабидолланы  қырсық шыр айналдырды. Бұған дейін белгілі журналист Владимир Козачков телеграм каналында Мәсімов пен Әбдірахымовтың үстінен «рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық істің тіркелгенін хабарлаған еді. Енді міне, өткен аптаның аяғында «Время» газетінде осы іске қатысты біраз мән-жайларды жариялады. 

Ең қызығы, кәсіпкерден доллар «сындырды» деген топтың арасынан Кентау қаласының әкімі, «Рейтинг» газетінің ең «сүйікті» кейіпкерлерінің бірі Рашид Аюповтың аты аталды. 

Соныменен журналист Владимир Козачковтың жазғандарына сенсек, полицияға Мәсімов пен Әбдірахымовтың үстінен белгілі бизнесмен, «Forbes Қазақстан» басылымның тұжырымы бойынша елдегі ең дәулетті деген 50 бизнесменнің тізіміне кіретін Сайдулла Қожабаев арызданған. Қылмыстық әрекеттер осыдан тоғыз жыл бұрын, яғни, 2013 жылы болған.  Бизнесменді әлдебіреулер қорқытып, 20 миллион доллар талап еткенге ұқсайды. Осы кездері Қожабаевқа  Премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істейтін Рашид Аюпов келіп, оның иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді, басшылықты ауыстыруды және өзін зауытқа директор етіп тағайындауды ұсынған. Аюпов Қожабаевты сол кезде Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ғабидолла Әбдірахымовпен таныстырған. Ал Мәсімовтың бұл кезде Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарғаны белгілі. Әбдірахымов бизнесменді қамқорлығына алып, оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар көрсетуге ықпал ететінін білдірген көрінеді. Тағы бірде Аюпов Әбдірахымов пен Мәсімовтың атынан келіп, бандиттермен арадағы проблемаларды шешетінін, оның есесіне 10 миллион доллар нақтылай ақша және Кентау трансформатор зауытының 50 пайыз акциясын беру қажеттігін айтқан. Қожабаев қарамағындағы қызметкерлермен ақылдаса келе оларға 3,5 миллион доллар берген көрінеді.

 Қожабаевтың 9 жыл бойы  үнсіз келіп, құзырлы органдарға биыл арызданғанын әрине, түсінуге болады (Мәсімов пен Әбдірахымовтың түкірігі жерге түспей тұрған кезде шағымдану ақылға сыймайды ғой). Бірақ бәрібір де заман өзгерсе де заң өзгермейді. Тоғыз жыл бұрынғы қылмысты дәлелдейтін айғақ бар ма? Сайдулла Қожабаев құзырлы органдарға нақты айғақ ұсынған деп ойлаймыз. Өйткені  адамды айғақсыз, дәлелсіз ауыр қылмыс жасады деп айыптаудың ақыры арызданушының өзіне қиын соғатынын оның білмеуі мүмкін емес. 

Не де болса, ақ пен қараның арасын тергеу органдары ажыратып беруі тиіс. Ал жұрт Кентаудың әкіміне қатысты жаңалыққа не сенерін, не сенбесін білмей жатқан кезде  Рашид Аюпов өзінің инстаграм парақшасында: 

-Мемлекеттік жұмыстың ауыртпалығының бірі осы - орынсыз кінәні саған арта салу оңай. Байыбына бармай. Осы себеп болар ел игілігіне деп шынайы қызмет етуге келер адамдардың аз болуы?!

Бірінші қолдаушым - Алла. Бұл сынақтан да абыройлы өтуді бұйырсын. Ең ауыры - жақындарымның уайымы. Қам жемеңдер, бәрі де жақсы болады.Ал, айтылып жатқан әңгімеге келер болсақ: құзырлы орган қызметкерлері де өз жұмыстарын абыройлы атқарып, бәрін өз орнына қояды деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мен өз міндетімді орындауға және өз құқымды қорғауға дайынмын. Қалғанын уақыт көрсетеді,-деп жазды. 

Аюповтың өзіне қатысты мән-жайды ашып айтпағаны, дәлірегі айтқысы келмегені бірден байқалады. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәлімдеуінше қылмыстық іс қазіргі уақытта «аса ірі көлемде алаяқтық жасау» бабымен қозғалған.  Тергеу амалдары Кентаудың әкіміне де қатысты да жүргізіліп жатыр ма? Жоғарыдағы басылымда жазылған мән-жайларға қарағанда, арызда Аюповтың аты-жөні бар. Олай болса, ол қылмыстық істе кім, күдікті ме, айыпталушы ма әлде куәгер ме? Біз осы сауалдың жаубын білу үшін сейсенбіде Аюповтың өзіне қоңырау шалдық. Екіарадағы әңгіме қысқа ғана болды. 

-Мақаладан басқа ештеңе де жоқ,-деген Кентаудың әкімі қылмыстық іс бойынша ешкімнің хабарласпағанын, өзінің куәгер де, күдікті де еместігін алға тартты. Ал, арызданушы Сайдулла Қожабаевты кентаулық бизнесмен ретінде ғана білетінін айтты.  

Осы жерде арызданушы Сайдулла Қожабаев туралы бірер деректерге тоқталсақ.  Ол жалпы оңтүстік өңіріне белгілі азамат. «Alageum Group» компаниясында бақылау кеңесінің төрағасы. Аталған компанияның құрамында  Қазақстанның әр өңірінде жұмыс істейтін 14 кәсіпорын бар. Оның ішінде ірісі Кентау трансформатор зауыты. Айта кетері, «Alageum Group» компаниясы  2018 жылы, яғни Әбдірахымов Шымкентте әкім болып тұрған кезде қуаттылығы 220, 500 кВт болатын жоғары кернеулі трансформатор шығаратын зауытты іске қосқан. «Asia Trafo» деп аталатын кәсіпорын Шымкенттегі  «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Жобаның жалпы құны 18,9 миллиард теңгені құраған. Әбдірахымов пен Қожабаев зауытты осы жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында салтанатты жағдайда ашқан еді. Бизнесменнің бұл жетістігіне Әбдірахымовтың қаншалықты қамқорлық жасағанын әрине, қазір айту қиын. 

Ал, Рашид Аюповтың жолын ашқан, шырағын жаққан азамат-Ғабидолла Әбдірахымов екендігі жалпық жұртқа белгілі.  Бұған дейін де жазғанымыздай, Әбдірахымов қайда болса, Рашид Аюпов та сол жерден табылды. Екеуі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ұзақ жылдар қызмет етті. Әбдірахымов 2015 жылдың тамызында Шымкент қаласына әкім болып келген соң, Аюпов әкім аппаратына жетекшілік жасады. 2017 жылдың күзінде Әбдірахымовтың Шымкенттегі таң-тамаша, қиял-ғажайыптардан тұратын «ертегі дәуірі» аяқталды. Ол «Нұр Отан» партиясының хатшысы лауазымына ауысты. Рашид Аюповқа да билік партиясының орталық аппаратынан жауапты қызмет табыла салды.  2018 жылдың жазында Әбдірахымовтың үшінші мегаполистегі өкінішке қарай, абыройсыздау аяқталған  екінші әкімдік дәуірі басталды. Қайталағанды ұната бермейтін, жаңашыл шенеунік Рашид Аюпов бұл жолы «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында басқарма төрағасының креслосын иеленді. Осы жылдары корпорация Шымкентте алғашқы муниципалды автобус паркін ашты. 2019 жылдың жазында Аюпов Түркістан қаласына әкімі болып кеткеннен кейін автоус паркінен көп шу шықты. Парк жүргізушілерге тиесілі жалақысын тауып бере алмады. Оның соңы наразылықтарға ұласты. Аюповтың берген уәделерінің бәрі айдалада қалды. 

Аюпов Түркістанға әкім болған жылдары қаладағы жалғыз Мәдениет үйін сатып жіберді. Төтенше жағдай кезінде Түркістанда әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген тұрғындардың ауыз судың төлемақысын өтеу үшін берілген119 217 000 теңге қаражаттың 57 009 646 теңгесі пайдаланылмай, бюджетке қайтырылып жіберілгені анықталып, кінәлі шенеуніктердің мәселесі Әдеп кеңесінде қаралды.  Аюпов былтыр Түркістан қалалық әкімдігінің бұрынғы ғимаратын сатып жіберіп, ақпарат құралдарын шулатты. Прокурорлардың айтуынша, ғимарат өзінің нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағаланған. Прокуратураның берген талап арызынан кейін сот әкімдік пен кәсіпкер арасындағы келісім-шарттың күшін жойды. Айта берсек Аюповтың Түркістан қаласының әкімі болғанымен «көтере алмас шоқпарды беліне байлап» жұмысты дұрысты игере алмай былық-шылыққа әбден шатылғаны жайлы папкі толы факті көптігі жұртқа жасырын емес.

Осындай сауда-саттықтарға, у-шуларға, бүйректен сирақ шығарған тірліктерге қарамастан Аюпов былтыр сыбайлас жемқорлық қылмыс бойынша «қорғалуға құқығы бар куәгер» деп танылып, артынша қызметінен босатылған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің орнын басты. Тағы бір сәйкестікті қарасаңызшы, биыл наурызда «ірі көлемде парамен ұсталған» Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың орнына тағайындалған. 

Не де болса, Аюповқа қатысты ақиқат тергеу амалдарынан кейін белгілі болмақ. Сондықтан істің ақырын күтіп көрейік. 

"Рейтинг" газеті, 16 маусым, 2022 ж

Әбдірахымовты әшкерелеу... Гүлмира Сатыбалды Шымкентте қандай тендерлер ұтып алды?
Шөкеевтің ендігі шансы қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу